
Бүгінде мемлекет халықты жұмыспен қамту бағытына ерекше назар аударып отыр. Бұл мәселе тұрғындарының 75 пайыздайы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысы үшін айрықша маңызға ие. Сол себепті облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыспен қамту жұмыстарының жүйелі әрі сапалы түрде орындалуын өзі бақылап отырады. Жұмыспен қамтудың бір тетігі – субсидияланатын жұмыс орындары. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстарды облыстық жұмыспен қамтудыүйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндады.
Жұмыс берушілер кәсіпорында субсидияланатын жұмыс орындарын ашып, «Мансап» орталығында тіркелген жұмыссыздарды қабылдай алады. Азаматтардың еңбекақысы толығымен немесе ішінара мемлекет тарапынан «Мансап» орталығы арқылы төленеді. Өткен жылы Түркістан облысында субсидияланатын жұмыс орындарына 33 мыңнан астам азамат жолданып, облыс көлемінде жоспар асыра орындалған.
Субсидияланған жұмыс орындары бойынша жүргізілген зерделеу қорытындысы бірқатар кемшіліктердің бетін ашып, кейбір келісімшарттар бұзылды. Еңбек тәртібінің сақталуы бойынша мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізілетін болады. Зейнетақы төлеу орталығы арқылы заңдылығы қадағаланады.
«Таза Қазақстан» шарасы аясында көгалдандыру, абаттандыру және тазалау жұмыстарына аудан, қалаларға 6 мыңнан астам азамат жолданбақ. Талап – еңбек тәртібінің сақталуы. Сондай-ақ қоғамдық жұмысқа тартылғандарды барынша тұрақты жұмыспен қамту шаралары жүзеге асырылады.
Облыс әкімі жұмыс орындарын ашу, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беруді тапсырды.
– Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмаларының бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты тұрақты жұмыспен қамту. Сол себепті де, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – негізгі міндет. Осы тұрғыда, облысымызда тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беріледі, – деді облыс әкімі.
Биыл 32 465 адамды уақытша жұмыс орындарына жолдау жоспарланған. Оның ішінде жастар практикасымен 11 мыңнан астам адам, қоғамдық жұмыс орындарына 14 мыңға жуық адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 4 680 адам, «Күміс жас» жобасымен зейнеткерлікке жетпеген 50-61 жасқа дейінгі 2 760 азамат жұмыспен қамтылмақ. Субсидияланған жұмыс орындарын ұйымдастыру мақсатында жалпы сипаттағы трансферт есебінен 32 679 миллион теңге қаралған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.