Түркістан облысында қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді

Түркістан шаһарында 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңадан бой көтерген «Достық үйі» ғимаратында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек сіңірген ардагерлермен жүздесіп, ашық пікір алмасты. Өңірді дамыту жұмыстары мен көрсеткіштерге тоқталып, бұл игі жетістіктерде қазыналы қарттардың да үлесі мол екенін атап өтті.

– Сіздерді бүгінгі Халықаралық қарттар күнімен, мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құтттықтаймын! Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ежелден келе жатқан салтымыз. Сіздер отаншыл болмыстарыңызбен, аталы сөздеріңізбен ел бірлігін сақтауға үлес қосып жүрсіздер. Аға буынның мемлекетіміздің қалыптасуына, елдің барлық бағытта тұрақты дамуына, қоғамдағы ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі зор. Әсіресе, қайта жаңғырған Түркістан облысының жаңа тарихында есімдеріңіз құрметпен аталары анық. Өткен аптада Мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, аймақтағы жұмыстарды жоғары бағалады. Аға буынмен, зиялы қауыммен жүздесіп, ауызбіршілікті сақтап келе жатқан ардагерлерге алғыс білдіріп, еңбекқорлықты насихаттауға шақырды. Сіздер осы ұстанымға сай болып, еліміздің, облысымыздың дамуына үлес қосып келесіздер. Осы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін! – деді өңір басшысы.

Мемлекет басшысының бастамасымен «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына ұсынылғаны белгілі. Аталмыш заң өз кезегінде Түркістанның тарихи келбетін, Ясауи кесенесін сақтаудың, қаланың рухани бағытта өркендеуінің кепілі болмақ. Осы игі бастамаларды жүзеге асыруда ардагерлердің ақыл-кеңесі мен тәжірибесі назарға алынатынын атап өткен Дархан Сатыбалды бір топ ардагерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Түркістан облысының Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, Түлкібас аудандық Әжелер алқасының төрайымы Күлбибі Ешенқұлова, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Төлеби аудандық филиалының төрағасы Әтірхан Шыңғысбаевтар бәтуалы ойлар айтып, өңірді дамыту, ел бірлігін сақтау, руханият, ардагерлерге қолдау көрсету бағытындағы пікірлерін білдірді.

Кездесу салтанатты іс-шараға ұласып, қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді. Мерекелік дастарқанға жайғасып, концерт тамашалады. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, еңбегі еленген ардагерлерге алғыс хат табыстады. Жиын барысында бірқатар ардагер облыстық мәслихат пен «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалының атынан марапатталды. «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ізгі лебізін білдіріп, төсбелгілер тапсырды. Облыстың 150-ден астам зейнеткер мен ардагер қатысқан мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласып, Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония мен «Жаңа леп» өнер ұжымы, «Самғау» би тобы өнер көрсетті.

Түркістан облысында зейнеткерлер мен қарттардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Өңірлерде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарын ашу тапсырылған. Осы аталған жоспарды іске асыру аясында бүгінгі таңда облыста 15 орталық ашылып, 80 мыңға жуық зейнеткер тиісті қызметтермен қамтылуда. Түркістан қаласында осындай орталықтарға сұранысы көбеюіне байланысты қаланың көрікті жерлерінде 3 орталық зейнеткерлерге қызмет көрсетуде. Бұл орталықтарда қарияларға барлық жағдай жасалған.

Жалпы, облыста 200 мыңға жуық зейнет жасындағы қарт пен ардагерлер тұрады. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 3,2 мыңнан астамы — тыл еңбеккерлері. Сонымен қатар 100 жастан асқан 60 қарт азамат тұрады. Оның ішінде жасы ең үлкені – Жетісай ауданының 110 жасқа толған тұрғыны Унгай Бегбаева. 1914 жылы Тәжікстан Республикасының Қорғантөбе облысында дүниеге келген әжей бүгінде Қарақай ауылдық округінің Қ.Сәтпаев елді мекенінде тұрады. 1926 жылдан бастап еңбекке ерте араласқан әжей ауыл шаруашылығы саласында мақта теріп, қолмен канал қазған. Колхоз-совхоздарда табанды еңбек етіп, жеткен жетістіктерімен өзгелерге үлгі болған. 5 перзентінен 14 немере мен 30 шөбере сүйіп отырған әжей тек әулеттің ғана емес, бүкіл бір ауылдың жазылмаған тарихы, ақылгөй анасы іспетті.

Облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында 8 мыңға жуық қария демалып, денсаулығын түзейді. Сол демалыс орындарының бірі – «Ардагерлер үйін» Түркістан облысына көшіріп, келесі жылы ардагерлерді қабылдау көзделіп отыр.

Айта кетейік, елімізде жыл сайын бұл мереке салтанатты түрде аталып өтеді. Түркістан облысының да барлық аудан, қаласында мағыналы іс-шаралар ұйымдастырылып, ардагерлер ардақталуда.

Осы тұста тілге тиек етер маңызды жайт, бүгін Түркістан өңірінде мерекеге орай 17-ші «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Екі жыл бұрын облыс орталығында дәл осындай алғашқы нысан пайдалануға берілген болатын. Орталықтың қызметіне зейнеткерлердің арасында сұраныс жоғары болуына байланысты биыл сәуір айында қаладағы «Бекзат» тұрғын алқабынан №1 филиалы ашылса, бүгін «Отырар» тұрғын алқабынан №2 филиалы қызмет көрсетуге дайын. Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды ардагерлерді қуанышты сәтпен құттықтады.

– Сіздерді бүгінгі Халықаралық қарттар күнімен, мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құтттықтаймын! Қазыналы қарияларымыз Тәуелсіздігіміздің нығаюына, жастардың жүрегіне отаншылдықты сіңіруге үлкен үлес қосып келеді. «Қариялар – ырыс пен ынтымақтың қайнар көзі», дейді дана халқымыз. Облысымызда ардагерлеріміздің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында әр түрлі бағытта жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарының маңызы зор. Бүгінгі таңда 15 ауданда орталық ашылып, 80 мыңға жуық зейнеткер тиісті қызметтермен қамтылуда. Бүгін өздеріңізбен бірге киелі шаһарда үшінші орталықты іске қосып отырмыз. Үлкеннің жолы, ағалық ақылы – асыл қазынамыз. Өмірден көргені мен түйгені көп ақсақалдарымызды ардақтау – басты парызымыз. Сіздердей аға буынның мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан үлесі зор. Әсіресе, қайта жаңғырған Түркістан облысының жаңа тарихында да игі істеріңіз жазылатыны анық. Баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.

Орталықтың ашылу салтанатында шаһардың ақсақалдары ақ батасын беріп, мемлекеттік қолдауға ризашылықтарын білдірді. Өңір басшысы ардагерлермен кездесіп, пікірлерін тыңдады. Орталықты аралап көріп, жұмысына сәттілік тіледі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 22 ақпандағы «Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №47 бұйрығына сәйкес өңірлерде «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарын ашу тапсырылған. Негізгі мақсаты – ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту, зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Орталықтарда күнделікті 60-70 зейнеткер, ал айына 120-150 адам қызметтерді пайдаланады. Жыл басында 3480 адамға қызмет көрсету жоспарланып, қазіргі таңда 2240 зейнеткер қамтылған. Орталықта қарияларға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық және өзге де көмектер көрсетіледі. Қарттардың алаңсыз тынығып, салауатты өмір салтымен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin