Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес ауданындағы “Умаров Н» шаруа қожалығының қайта өңдеу цехын аралап, жұмысымен танысты. Кәсіпкер тамшылатып суғаруға арналған иілгіш түтік шығару үшін 2023 жылы Қытай елінен арнайы қондырғы алып, іске қосқан.
Құрылғы сағатына 12000 метр өнім өндіруге қуатты. Кәсіпорында сонымен қатар, жылыжайға қолданылатын пленка және жіп шығарылады. Қолданыстан шыққан полиэтилен заттарын қайта терең өңдеу арқылы көшет егуге қажетті құтылар жасау да жолға қойылған. Цех 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Шаруа қожалығының басшысы Нұржан Омаров сондай-ақ өз жылыжай кешенінде маусымдық кезеңде 25 азаматты жұмыспен қамтамасыз ететінін жеткізді.
Мақтаарал ауданындағы «Cotton Май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де шетелден жеткізілген автоматтандырылған қондырғылар орнатып, жаңа технологиямен мақта майын өндіруді бастады. Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тонна шитті өңдеуге қауқарлы.
Нұрбол Тұрашбеков ауыл шаруашылығын дамытуда жаңашылдық маңызды екенін атап өтті.
– Терең өңдеу технологиясы мен оның пайдасы туралы шаруаларды кеңінен ақпараттандыру қажет. Заман талабына сай өнім ұсыну үшін технологиялық жетістіктерден шет қалмауымыз шарт. Осы бағыттағы жұмысты реттеу арқылы нарықтағы айналымды да бір жүйеге келтіруге болады, – деді ол.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты мамандарға кәсіпкерлермен және шаруалармен келісе отырып, бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Жалпы, облыста қайта өңдеу саласына баса назар аударылып отыр. Мәселен, екі жыл көлемінде өңдеу өнеркәсібінде 24 жоба іске қосылды (43,3 миллиард теңге, 824 жұмыс орны). Биыл 13 жоба жоспарланып, бүгінгі таңда 7 жоба жұмысын бастаған (600 адам жұмыспен қамтылды).
Естеріңізде болса биы мамыр айының соңында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралған-ды. Агроөнеркәсіп кешенінде іске асырылып жатқан жобалар бойынша ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндама жасады.
Министр жалпы азық-түлік және қайта өңдеу саласының дамуында оң көрсеткіш байқалып отырғанын жеткізді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісінің көлемі 1,8%-ға артып, 3,1 триллион теңгені құраған. Бұл тұрғыда тамақ өнімдерін өндірудің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 7,1%-ға өсіп, 151 миллиард теңгеге жетті.
Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспорты $5,3 миллиардты құрады. Бұл ретте жалпы экспорттағы өңделген өнімнің үлесі 43%-ға жетіп, 2,2 миллиард АҚШ доллары болды. Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жалпы сомасы 119 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске асырылды.
«Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 3 негізгі бағытты атап көрсетуге болады, олар – астық және майлы дақылдарды қайта өңдеу, сондай-ақ қант өндірісі. Ұн өндірісі 3,2 миллион тоннаны құрап, еліміздің ішкі қажеттілігінен (1,3 миллион тонна) екі есе артып түседі. Бұл ретте, Қазақстан ұнның экспорттық жеткізілімі бойынша (1,9 миллион тонна) әлемде алдынғы орындардың бірін алады», — деді Айдарбек Сапаров.
Дегенмен, экспорттық нарықтардың шектелуін ескере отырып тереңдете өндірілетін өнімдерге көшу қажет. Бұл орайда астықты терең өңдеу өнімдеріне ерекше мән берілуде, олар бойынша бірқатар инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Мәселен, биыл Түркияның Тирияки Агро компаниясы мен Катардың Хасад Фуд компаниясы бірлесіп, Астана қаласында астықты тереңдете өңдеу жобасын іске асыра бастаған, жобаның құны – 400 миллион АҚШ доллары.
Сонымен қатар Қостанай облысында құны 50 миллиард теңге болатын «Қостанай Грейн Индастри» және Түркістан облысында крахмал өнімдерін өндіретін инвестиция көлемі 35 миллиард теңге болатын «Қазкрахмал» жобалары іске асырылуда.
Крахмал, глютен, глюкоза-фруктоза шәрбаты түріндегі түпкілікті дайын өнімді әлемдік нарыққа экспорттау жоспарланған. Жалпы, 2024-2026 жылдары астықты қайта өңдеу бойынша 13 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, майлы дақылдарды қайта өңдеу ісі де қарқынды дамуда.
«Өсімдік майын өндірумен айналысатын 80 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 2023 жылы 672 мың тонна өсімдік майын өндірді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға көп. Қамтамасыз етілу 183%-ды құрайды. Жыл соңына дейін өндіріс көлемін 750 мың тоннаға дейін ұлғайту болжануда. Бұған егіс алқаптарын кеңейту, шикізатты сатып алуға айналым қаражатын ұсыну және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен қол жеткізілетін болады. Мысалы, биыл Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында жалпы қуаттылығы 100 мың тонна болатын 3 жобаны іске асыру басталды», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрі.
Айта кету керек, жобалардың рентабельдігін арттыру мақсатында дайын өнімдерді және күнжара мен шрот түріндегі жанама өнімдерді өткізу үшін Қытай нарығы ашылды.
Еліміздегі қант өндірісі жұмыс істеп тұрған 4 қант зауытында жүзеге асырылуда, олар ішкі нарықтың қажеттілігін 44%-ға қамтамасыз етеді, оның 13% отандық шикізатты өңдеу есебінен жүзеге асқан. Ведомство мәліметінше, биылғы 3 айда 8,2 мың тонна қант өндірілді.
Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің негізгі бағыттары – сүт, ет, тері және жүнді қайта өңдеу болып саналады. Мысалы, сүт өңдеу саласында жылдық қуаты 2,7 миллион тонна сүтті құрайтын 180 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жалпы жүктемесі шамамен – 77%. Былтыр елімізде 2,1 миллион тонна сүт өңделді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 13,6%-ға артық. Жалпы сомасы 584,8 миллиард теңге болатын сүт өнімдері өндірілді.
«Осы жылдың 3 айында 152,4 мың тонна өңделген сүт өнімі, 19,4 мың тонна ірімшік пен сары май өндірілді. Импортты алмастыру және отандық қуаттарды жүктеу үшін Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі бойынша жобалар іске асырылуда. Бағдарламаны іске асыру 115 ірі тауарлық-сүт фермаларын құруға, отандық сүт зауыттарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді А. Сапаров.
Бүгінде республикада жылдық қуаттылығы шамамен 400 мың тоннаға жуық ет өңдейтін 210 кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінгі таңда кәсіпорындардың жүктемесі 54%-ды құрайды. Ет өңдеу кәсіпорындарының негізгі проблемалары — айналым қаражатының жеткіліксіздігі.
Мал басын ұлғайту және ет өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдан бастап квоталар белгілей отырып, тірі ірі қара мал және ұсақ мал экспортына шектеулер қолданылады.
Министрдің мәліметінше, бүгінгі таңда баяу дамып жатқан бағыттардың бірі – тері мен жүн өңдеу саласы. Тері өңдеу саласында жалпы қуаттылығы 3,3 миллион дана ірі қара малдың терісін өңдейтін 9 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, олардың жалпы жүктемесі – 6%. Жүн өңдеумен 13 кәсіпорын айналысады. Аталған кәсіпорындардың қуаты жылына 36,1 мың тонна жүнді құрайды, жүктемесі – 26%.
«Алматы қаласында қуаттылығы 7 мың тонна желатин өндіруге арналған – «Искефе Холдинг» жобасы және жемшөп қоспаларын өндіру бойынша қуаттылығы 4,8 мың тонна «Протеин» СК және қуаттылығы 2 мың тонналық «Бату Агро» жобалары іске асырылып жатыр. Бұдан басқа, жүнді қайта өңдеу бойынша жылдық қуаты 2,1 мың тонна болатын – «КазФелТек» жобасы жүзеге асады», — деп хабарлады министр.
Аталған жобаларды іске асыру былғары өнеркәсібі үшін пайдаланылмаған терілердің көп бөлігін қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы, қайта өңдеу кәсіпорындарының өндіріс көлемінің өсуіне жеңілдікті несие, инвестициялық субсидиялар, салықтық жеңілдіктер мен преференциялар түрінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етеді.
Мемлекет басшысының қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындау үшін министрлік 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың Кешенді жоспарын әзірледі. Соған сай жалпы сомасы 176,2 миллиард. теңгені құрайтын 58 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Жалпы Кешенді жоспарды іске асыру тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына жақсы серпін береді, қайта өңделген өнімнің жалпы өндірісін 1,4 есе ұлғайтуға, өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Орайы келгенде атап өтерлігі, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлемге әйгілі испандық «Auditores Energeticos AFN» компаниясының өкілдерімен кездесіп, өңірде коммуналдық қалдықтарды терең өңдеу зауытын салу жобасын жан-жақты талқылады. Қоқыс қалдықтарын терең өңдеудің жаңа технологиясы қоршаған ортаға зиянсыз, Еуропа елдері қолдаған қалдықсыз, қауіпсіз түрі. Айта кейік, гидрогектарздандыру технологиясы қоқыстан жаңа өнім түрлерін шығарады.
Жобаны инвестор компания мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында АХҚО алаңында жасалатын арнайы инвестициялық келісім шеңберінде іске асыру жоспарлануда. Заңды сүйемелдеуді «Қазақинвест» ұлттық компаниясы жүргізеді.
Инвесторлармен келіссөздер жүргізген өңір басшысы Дархан Сатыбалды жобаның маңыздылығына тоқталып, әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
Түркістан облысы үшін қалдықтарды терең өңдеу – экологиялық тұрақтылыққа, экономикалық өсуге және әлеуметтік ортаны жақсартуға бағытталған кешенді шешім. Қазіргі таңда облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 17 мекеме жұмыс атқарады. Оның ішінде, 13 мекеме қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптаумен (пластмасса, пластик, полиэтилен қалдықтары, шыны сынықтары, түсті, қара металдар, картон, қағаз, макулатура), 4 мекеме қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады.
Биыл 9 айдың қортындысымен 69 032 тонна қоқыс жинақталып, оның 17 478 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 103 181 тоннаны құрады.
Облыс аумағында 135 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Оның ішінде, 38 аудандық, 50 ауыл округінің, 47-сі жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген. Облыс аумағында қоқыстарды жинау, шығару және тасымалдау қызметімен 62 мекеме айналысады. Барлық аудан, қала орталықтарында құрылыс қалдықтарын тастайтын арнайы жер телімдері белгіленіп, мемлекеттік актілері аланған. Арыс және Түркістан қалаларында қоршау жұмыстары жүргізілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.