Түркістан облысының ветеринарларына алғаш рет құрмет көрсетілді

Биыл Қазақстанда алғаш рет ветеринария қызметкерлері күні аталып өтілуде. Түркістан облысында да осы сала өкілдеріне құрмет көрсетіліп, мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, ветеринария саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды құттықтады.

– Түркістан облысы тұрғындарының басым бөлігі ауылдарда тұрады. Аймақта ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жақсы дамыған. Өңіріміз ет экспорты бойынша республикада бірінші орында тұр. Ал облыста эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтап, аймақтың экспорттық әлеуетін көтеруде ветеринария саласы еңбеккерлерінің үлесі мол. Бұл ретте облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасымен ветеринария саласына қолдау көрсетіліп келеді. Бұл жұмыстар жалғасады. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деген Бейсенбай Тәжібаев бір топ еңбек адамына құрмет көрсетті.

Орайы келгенде Түркістан облысының әкімі Дархан САТЫБАЛДЫНЫҢ да құттықтауын назарларыңызға ұсына кетейік.

«Құрметті ветеринария саласының қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Былтырдан бастап 10 шілде «Ветеринариялық қызметкер күні» мерекесі болып белгіленген болатын. Бұл – сіздерге деген үлкен құрмет.

Сіздер халықтың денсаулығын сақтауға үлкен үлес қосып, мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келесіздер.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған жолдауында ветеринария саласын жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Түркістан облысында осы бағытта жүйелі жұмыс жүруде. Ветеринария саласындағы еңбек адамдарының жалақысы көтеріліп, жұмыстарына қажетті материалдық база жақсартылып, жаңа техникалармен қамтылуда.

Түркістан облысында мал шаруашылығы жақсы дамыған. Өткен жылы мал шаруашылығы өнімі 470 млрд. теңгені құрап, 1 орынға шықты. Еліміздегі ірі қара мал санының 13 пайызы, қойдың 22 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 15 пайызы, өндірілген еттің 13 пайызы, сүттің 16 пайызы өңірдің үлесінде. Облыста 7 миллионнан астам төрт түлік бар. Ет экспортынан да көш басындамыз.

Бұл көрсеткіштерге қол жеткізуде ветеринария саласы өкілдерінің де еңбегі бар. Түркістан облысында эпизоотиялық ахуалдың тұрақты болуына 2 мыңға жуық қызметкер еңбек етіп, үлес қосып жатыр. Саланы жандандыру бағытында жұмыстар жалғасады.

Қадірлі еңбек адамдары!

Дендеріңіз сау, шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын! Ел игілі жолында атқарып жатқан еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!».

«Түркістан облысының үздік мал дәрігері» номинациясымен Арыс қаласындағы Қожатоғай ауыл округінің ветеринариялық бекет меңгерушісі Бақыт Малдыбеков, Отырар ауданындағы Қарғалы ауыл округінің ветеринариялық бекет меңгерушісі Бекжан Сейдуллаев және Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауыл округінің ветеринариялық бекет меңгерушісі Зухриддин Махбубеков марапатталды. Сонымен бірге бір топ азаматқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың арнайы алғыс хаты тапсырылды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ауыл шаруашылығы саласының және ветеринария саласының «Құрметті ардагері» төсбелгісімен Қанатбек Оспанбеков марапатталады.

Іс-шарада Түркістан облысының ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекция басшысы Ағабек Абдиев және Түркістан облысының ауыл, орман шаруашылығы, табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Сапарғали Шоланбай құттықтау сөз сөйлеп, мал дәрігерлеріне марапаттарын ұсынды.

Мерекелік жиын облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кетейік, Түркістан облысында ветеринария саласында 2 мың азамат жұмыс істейді. Өңірде былтыр арнайы Ветеринария басқармасы құрылды. Сала мамандарының жалақысы көтерілді, техникалық базалары жаңартылуда.

Қазіргі таңда облыс аумағында эпизоотиялық, энзоотиялық жағдай тұрақты және күнделікті бақылауда.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 11 маусымдағы №189 бұйрығымен «Кәсіптік мерекелер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы  №258 бұйрығына өзгерістер енгізілді.  

Жаңартылған тізімде 10 шілдеде атап өтілетін «Ветеринариялық қызметкер күні» атты жаңа кәсіби мереке пайда болды. Сөйтіп, биылдан бастап 10 шілдеде Қазақстанда «Ветеринария қызметкерлері күні» болып бекітілді.

Жаңа мереке жануарлардың денсаулығы мен жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосатын ветеринарлық мамандардың еңбегінің маңыздылығын атап өтуге арналған.

Соңғы онжылдықта Қазақстан Республикасының ветеринария қызметi ветеринария және тамақ өнiмдерi саласындағы тиiмдiлiк пен қауiпсiздiктi арттыруға бағытталған елеулi өзгерiстерден өттi. 2011 жылы құрылған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті осы саладағы қызметті реттейтін және бақылайтын негізгі органға айналды.

Қазақстанның ветеринариялық қызметі АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінен, өңірлік және аудандық инспекциялардан, республикалық эпизоотияға қарсы жасақтан, республикалық ветеринариялық зертханадан, Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтан, сондай-ақ облыстық ветеринария басқармаларынан, ветеринариялық станциялар мен пункттерден тұратын жергілікті атқарушы органдардан тұрады.

Комитет 17 облыста және республикалық маңызы бар 3 қалада аумақтық инспекцияларды, сондай-ақ 203 аудандық ветеринариялық станцияларды, 2 334 ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттерді қамтиды. Бұл ауылдық округтерден бастап республикалық деңгейге дейін барлық деңгейде бақылау мен қадағалауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің негiзгi мiндеттерi — жануарларды аурулардан қорғау, халықтың денсаулығын сақтау, ветеринариялық-санитариялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластануын болдырмау. Ветеринариялық препараттар мен жемшөптің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау қызметтің маңызды бағыты болып саналады.

Мереке қарсаңында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті республика бойынша өзінің аумақтық инспекцияларымен бірлесе отырып, халықтың ветеринариялық қауіпсіздік туралы білімін арттыруға бағытталған ауқымды шаралар ұйымдастырды.

Атап айтқанда, мал шаруашылығы өнімдерін сату орындарында, кедендік ресімдеу орталықтарында, халықаралық әуежайларда жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ветеринарлық-санитарлық талаптар бойынша кеңестер өткізілді.

Комитеттің ведомстволық бағынысты ұйымдары ветеринарлық және ғылыми қызметтердің, Денсаулық сақтау министрлігінің және халықаралық ұйымдардың өкілдері үшін Ашық есік күнін өткізді, шара барысында зертханалардың, арнайы машиналардың жұмыс процесін көрсетті, оқу-әдістемелік орталықтың қызметімен таныстырды.

Әлемнің бірқатар елінде бұл мереке жыл сайын сәуірдің соңғы сенбісінде тойланады. Атаулы күн жануарлардың денсаулығы мен жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосатын ветеринарлық мамандардың еңбегінің маңыздылығын атап өтуге арналған. Бүгінгі таңда республика аумағында ветеринар саласында қызмет атқаратын 20 мыңға жуық маман бар.

Айта өтейік, Мемлекет басшысының ветеринария саласын жетілдіру, ветеринар мамандардың еңбекақысын ұлғайту тапсырмасына сәйкес былтыр мамандардың жалақысы 35-50%-ға көтерілді. Ауыл шаруашылығы жануарларына 16 түрлі аса қауіпті ауруларға қарсы 29,5 млн. доза вакцина егу жоспарланып, жоспар толығымен (100%) орындалды. Ауыл шаруашылығы дамыған өңіріміз үшін ветеринарияның маңызы зор. Осы сала өкілдеріне артылар жүк жеңіл емес.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбайдың есебінше, бблыста жергілікті бюджеттен энзоотиялық аурулардың алдын алуға қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға 410,3 млн. теңге, іс-шараларды атқаруға 482,6 млн. теңге бөлінген. Бұл іс-шараларды атқаруға кәсіпорыннан 1552 қызметкер жұмылдырылып, мамандар арнайы қорғаныс киімдермен қамтамасыз етілді (1552 дана арнайы киім, резенке етік, 9312 дана респиратор, 3104 дана көзілдірік, 7 760 дана қолғап), сондай-ақ, 17 дана сәйкестендірілген ДУК автокөліктерімен, 17 дана ранцтік аппарат, 17 дана мотопомпалармен қамтылды.

Екі кезеңінде 3056,5 мың бас ірі мал бүркілсе, 9773,7 мың бас ұсақ малды тоғыту, 74,2 млн шаршы метр қора жайлар мен жапсарлас аумақты, 29,2 млн мал иірімдері, суаттар мен бұталарды залалсыздандырған.

Дегенмен адамдарды кене шағу жағдайы бойынша 2022 жылы 1 530 адам қаралса, 2023 жылы 1 623 адам тіркеліп, 2022 жылмен салыстырғанда 93 адамға артқан.

Құтыру ауруының алдын алу және таралу жолдарын болдырмау мақсатында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға 17 бригада, 24 аңшы жұмылдырылды. Тиісті жұмыстар атқарылды.

2023 жылғы 1 қыркүйегінен бастап, үй жануарларын есепке алу «Таңба» дерекқор базасына иелері бар үй жануарларын тіркеуге қою жұмыстары басталып, оның 7758 ит-мысық чиптеліп, «Таңба» дерекқор базасына енгізіліп, есепке алынды.

359,2 мың бас ірі қара, 1805,2 мың бас ұсақ мал, 97,2 мың бас жылқы, 7 мың бас түйе және 2822 бас шошқа бірдейлендіріліп, дерекқор базасына енгізілді. Өңірдегі 832 елді мекен бойынша 2024 жылы мал өлексесін тастайтын 163 орын, 44 дана «Беккари» шұңқыры, 316 дана ұсақ малды шомылдыратын орын бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin