Түркістан облысының оқушылары Президент шыршасына қатысты

Бүгін Түркістанда балалардың құрметіне Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Жаңа жыл мерекесіне арналған шыршатой өтті. Мерекелік шырша шамын облыс әкімі Дархан Сатыбалды жағып, балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Бүгін біз жаңа жыл қарсаңында сіздермен бірге қуаныш пен шаттыққа толы ерекше сәттерді бөлісіп отырмыз. Президенттік шырша – бұл сіздер үшін ғажайыптың есігін ашып, ертегі әлеміне жетелейтін мерекелік күн. Жаңа жыл – арманға қанат бітіріп, болашаққа сеніммен қарайтын мейрам. Ал сіздер – сол болашақты жарқын ететін еліміздің мақтанышысыздар. Түркістан облысында балалардың сапалы білім алып, өз қабілеттерін дамытуына ерекше назар аударылуда. 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірімізде 29 жайлы мектептің құрылысы басталып, оқушылардың игілігіне берілуде. Өткен жылы 40 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс лагерлеріне барып, мәдени нысандарды аралады. Сонымен қатар облысымыздың 520 оқушысы республикалық олимпиадаларда бақ сынап, оның 200-ге жуығы жүлделі орындарды иеленді. Бұл жетістіктер – білім саласына жасалған жүйелі қолдаудың нәтижесі. Алдағы уақытта да балаларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Сіздердің әрбір күндеріңіз бақытқа, ал армандарыңыз жарқын жетістіктерге толы болсын. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, қымбатты балалар! – деді Дархан Сатыбалды.

Мерекелік жиында әлеуметтік осал топтағы балалар мен республикалық, халықаралық олимпиада жеңімпазы болған 200 балаға сыйлықтар тарту етіліп, естелік хаттар мен түрлі тәттілер үлестірілді. Сондай-ақ әр бүлдіршінге оқу құралдарына арналған сөмке, қазақ ертегі кітаптары беріліп, ақшалай сыйақы табысталды. Құрметке бөленген оқушылар арасында еліміздің батыс өңірлеріндегі су тасқынынан зардап шеккен халыққа өзінің жинап жүрген қаражатын жолдап, көпшілікті сүйсіндірген кентаулық оқушы Гаухар Шаймерден де бар.

Мерекелік шарада қазақ ертегілерінің кейіпкерлері балалардың көңілін көтерді. Арнайы концерттік бағдарламада әуелеген ән шырқалып, мың бұралған бишілер балаларға ерекше әсер сыйлады.

Айта кетейік, Жаңа жыл мерекесіне дейін 200 бала 1 күн бойы Түркістанның көрікті орындарын аралады. Балаларға арналған ойын-сауық орталығында уақытты қызықты өткізіп, кинотеатрда мультфильм тамашалады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin