Түркістан облысының туризм индустриясын ілгерілету үшін шетелдік әріптестермен және бизнес мамандарымен қарым-қатынас орнатылып жатыр

Бүгін Ташкент қаласында «Жібек жолындағы туризм» атты халықаралық туристік жәрмеңкесі басталды. «Uzexpocentre» павильонында өтіп жатқан жиынға 300 компания, 11 мың қонақ қатысуға ниет білдірген. Жәрмеңкеге Өзбекстан Республикасының шақыртуымен Түркістан өңірінің туризм саласының өкілдері қатысып жатыр.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен арнайы ақпараттық алаңша құрылды. Онда қонақтар мен қатысушы компанияларға, жалпы әлемдік әртүрлі аудиторияға өңірдің туристік әлеуеті, бағыттары мен ерекшеліктері таныстырылып, жан-жақты мәліметтер ұсынылуда.

Тарихқа бай, қонақжайлықтың үлгісі саналатын Түркістан өлкесіне саяхаттау, оның ішінде туристік маршруттар, шипажайлар, қонақ үйлер және мейрамханалар жайлы ақпарат көптің қызығушылығын тудырып отыр. Қажетті мәліметтер қамтылған үнпарақтар мен имидждік заттар таратылуда. Сондай-ақ түркістандық делегация туристік жәрмеңкені аралап, басқа да қатысушы елдерге насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жаңа серіктестік қарым-қатынастар орнату мақсатында келіссөздер де жасалып жатыр.

Бұл жәрмеңкеден соң Түркістан облысының көршілес мемлекетпен қатар ТМД және Еуропа елдерімен де туризм саласы бойынша халықаралық ынтымақтастығы арта түспек. Яғни туристер ағынын көбейтуге және Түркістанның туризм индустриясын ілгерілетуге оң септігін тигізеді. Делегация шетелдік әріптестермен және бизнес мамандарымен сұхбаттасу барысында саланы дамыту тәсілдері мен тәжірибелерін сөз етті.

17 қарашаға дейін жалғасатын іс-шара аясында «Ел туризмін дамытудағы мәдениеттің рөлі», «Жаңа туристік бағыттардың тұсаукесерлері», «Жекелеген өңірлердің туристік әлеуетін таныстыру», «Тұрақты туризм», «Туризмдегі Ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілердің рөлі» тақырыбында сессиялар өтеді. Айта кетейік, Ташкент халықаралық туристік жәрмеңкесі 1995 жылдан бастап БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының қолдауымен жүзеге асырып келеді. Жыл сайын қатысушылар әлемнің түкпір-түкпірінен жиналады.

Сонымен қатар екі күн бұрын Түркістан облысының туристік ерекшеліктерін насихаттау, туристерді тарту мақсатында құрылған арнайы делегация Түркия еліндегі іссапарын Ыстамбұл қаласында қорытындылады. Облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-нің бас директоры Серік Сандыбаев, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Әлеуметтік даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры Жақсылық Акимов, сондай-ақ қонақ үйлер мен мейрамхана өкілдері «Turksab» түрік туристік агентіктерінің қауымдастығына барды. Кездесуде Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылып, жарнамалық үнпарақтар таратылды. Қос тараптың өзара келісімі нәтижесінде 2024 жылы түркиялық туристік агенттіктерге Түркістан облысында ақпараттық турлар ұйымдастырылады.

Іссапар Ыстамбұл коммерциялық университетінде жалғасты. Жоғары оқу орны басшылығы, доктор Исрафил Құралаймен келіссөздер жүргізіліп, екі ел университеттері арасында тығыз қарым-қатынас орнату және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Жиын соңында түркістандық делегация қолөнер шеберлерінің туындыларын сыйға тартты. Мұнан соң арнайы делегацияны Қазақстан Республикасының Ыстамбұл қаласындағы Бас консулы Нұриддин Аманқұл қабылдады. Ол Түркістан облысында саланы дамытуға назар аударылып жатқаны қуантатынын жеткізді. Атқарылып жатқан шараларға оң бағасын беріп, іскерлік байланыс арқылы Түркістан өңірінің туризмін насихаттауға ықпал ететінін айтты. Айта кетейік, облыстың туризм саласы өкілдерінен құрылған жұмысшы топ Road show форматындағы кездесулерді Кайсері және Конья қаласында ұйымдастырды. Онда танымал университеттер мен туристік операторларға Түркістан өлкесінің тарихи-мәдени орындары, көрікті жерлері мен табиғаты жарнамаланды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin