Түркістан облысының экономикалық дамуы межеленген жол картасы әзірленді

Өткен жылы арнайы сарапшылармен Түркістан облысының экономикалық моделіне талдау жүргізіліп, 2030 жылға дейін стратегиялық бастамаларды жүзеге асырудың жол картасы әзірленді. Даму жоспарында негізгі әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелер анықталып, оны шешу жолдары және даму басымдықтары айқындалды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында жол картасының басым бағыттары мен алдағы жоспардың басты мақсаттары сараланды.

– Жоспардың басты мақсаты – 2030 жылға дейін жалпы өңірлік өнім көрсеткішін 2 есе көбейтуге қол жеткізу. Әрбір басқарма, әрбір аудан, қала әкімдіктері стратегияны орындау жоспарын әзірлеп, арнайы жиында қорғайды. Барлық аудан, қаланың жоспарын қарап шығамыз. Басты бағыт – өндіріс орындарын көбейту, өңірдің өзіндік кірістерін молайту. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту сынды басым бағыттар және өзге де салалар бойынша нақты ұсыныстар енгізілуі тиіс, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Жол картасы 8 негізгі басым бағыттан тұрады. Бұл туралы Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек кеңінен баяндады. Оның мәлімдеуінше, осы жылдың 6 айында қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 6,5 %-ға өскен. І жартыжылдық қорытындысына сәйкес негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер толығымен орындалды.

Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 217 миллиард теңгеге жетіп, өсім 107,1% деңгейінде қалыптасты. Жыл қорытындысымен бұл көрсеткішті 110%-ға жеткізу көзделіп отыр (1,4 триллион теңге). Облыс аумағында егістік алқаптарға су үнемдеу технологияларын ендіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл су үнемдеу технологияларын 22 мың гектар жерге енгізу көзделсе, жыл басынан бері 12,9 мың гектарға енгізілді. Су үнемдеу технологияларының қол жетімділігін арттыру бағыттында 2 кәсіпорын іске қосылды. Атап айтқанда, жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын «BNK Group LTD» зауыты және «Тұран су» МКК-ның тамшылатып суғару жүйесін шығару кәсіпорны өз жұмысын бастады. Осы кәсіпорындар есебінен ішкі қажеттілік толық қамтамасыз етілмек.

Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында 45 жобаны іске асыру жоспарланса, 6 айда 13 жоба іске қосылды. Нәтижесінде, 136 жаңа жұмыс орны құрылды. Жол картасында индустриализацияны дамытуға үлкен назар аударылған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 6 айда 552 миллиард теңгеге жетіп, өсім 106,8%-ды құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 253,1 миллиард теңгені құрап, өсім қарқыны 111,2%-ға жетті. Салада жыл басынан бері 7 жоба іске қосылып, 290 жұмыс орны ашылды.

Жол картасында шағын өндірістік оазистер құруға басымдық берілген. Облыста 42 өндірістік ғимарат орналасатын шағын өндірістік парк жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жобаның І кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Жалпы, 30,7 миллиард теңгеге 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде 24,2 миллиард теңгеге 7 жоба іске қосылды.

Облыста аумағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және 10 индустриалды аймақ бар. Онда 93,5 миллиард теңгеге 83 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, 51 жоба толық іске қосылды. «TURAN» АЭА 2 өнеркәсіптік алаңында және «Түркістан» индустриалды аймағының кеңейтілген алаңында инфрақұрылым салу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қазығұрт, Келес және Сауран аудандарында индустриалды аймақтар құрылды.

Облыс экономикасына 6 айда 421 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 37,8%-ға артты. Оның ішінде, 82%-ын жеке инвестиция құрайды. Экономиканың өсіміне серпін беретін 2,2 триллион теңгеге 145 инвестициялық жоба пулы қалыптасты. Жобалар толық іске қосылған жағдайда, 17,7 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал, жыл басынан бері 601 жаңа жұмыс орнымен 15 жоба іске қосылды.

«Өңір экономикасында алға жылжу бар. Дегенмен, бірқатар бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру қажет» — деген өңір басшысы жауапты сала басшыларына туризмді дамыту және креативті индустрияны қалыптастыру, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына жаңа жобалар енгізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin