Түркістан облысын өркендетуде әрбір тұрғынның ұсынысы маңызды

Түркістан облысын дамыту бағытында өңір тұрғындарының ұсыныс-пікірлері ескеріледі. Аудан һәм қала мәселелерін анықтауға және заңсыздықтарды жоюға тұрғындар белсене атсалысып жатыр. Осы ретте, облыс басшысы Дархан Сатыбалды мен оның орынбасарлары кестеге сәйкес жергілікті тұрғындарды жеке қабылдап, мұң-мұқтаж, талап-тілектеріне құлақ түруде. Бұл жолы тұрғындардың мәселесін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев тыңдады.

Жеке қабылдауда білім, балабақша, денсаулық, жұмыспен қамту саласына қатысты сан түрлі мәселе көтерілді. Мәселен, Сауран ауданынан келген азамат мектеп директорын ротациялау мәселесін көтерді. Жетісайлық кәсіпкер жекеменшік балабақшасының мәселесін қозғады. Оған мониторинг тобының хаттамасына сәйкес кемшіліктерді жою керек екендігі түсіндірілді. Арыс қаласының тұрғыны аурухана дәрігерлерінің біліктілігіне шағымданып, медициналық мекемені компьютерлік томография аппаратымен қамтуды сұрады. Айта кетейік, қазіргі уақытта облыс дәрігерлері біліктілігін арттыру мақсатында Астана қаласында тәжірибие алмасуда. Сонымен қатар резидентура бойынша білім алуға облыс жастарына 139 грант қарастырылған. Ауылдық жерлерде маман тапшылығын шешу үшін білікті жас дәрігерлерді жоғарғы оқу орындарында даярлап, елді мекендерге жұмыс істеуге жіберу жоспарлануда. Облыс бойынша 3 компьютерлік томография аппараты алынып, біреуін Арыс қаласында орнату көзделіп отыр.

Түркістан қаласынан келген азаматшалар жекеменшік балабақшада 6 ай көлемінде еңбекақысыз жұмыс істеп жүргендерін алға тартты. Бұл мәселе бойынша өтініш иелерінің арызы негізінде облыстық Бақылау жөніндегі басқармасы тарапынан заң шеңберінде қаралады және аталған мекемеге тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, электронды қоларба алу, мектепке жұмысқа орналасу, аудандық Жастар орталығының жұмысы туралы ұсыныстар айтылды.

Бейсенбай Тәжібаев көтерілген әрбір мәселе хаттамаға енгізіліп, заң шеңберінде қаралатынын жеткізді.

Атап өтейік, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен олардың орынбасарлары айына кемінде бір рет тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес азаматтарды, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті.

Азаматтарды қабылдау белгіленген және азаматтардың назарына жеткізілген күн мен сағатта жүргізіледі.

Егер арызды немесе шағымды лауазымды адам қабылдау кезінде шеше алмаса, олар жазбаша нысанда баяндалады және олармен жазбаша өтініштер ретінде жұмыс жүргізіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin