Түркістан облысы: Агроблогерлер саурандық диқандардың тыныс-тіршілігімен танысты

Сауран аграрлы аудан саналады. Жері құнарлы, диқандары еңбекқор. Жер ананы емген диқандар үшін ағымдағы жыл несібесіз емес. Саурандық еңбекқор диқандар да бұйырған өнімін жинап, шығынын өтеп отыр.

Аудандағы ауыл шаруашылығы саласында ілкімді тірлік бар. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, ауданға биыл осы саланың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 11 млрд. 332 млн. теңгеге тапсырма беріліп, 8 айдың қорытындысымен 3 млрд. 973 млн. теңгеге орындалыпты. Жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 6 есеге артып отыр. Ағымдағы жылы 44 080 гектар жер игеріліп, өткен жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда 2057 гектарға артығымен орындалған екен.

44 080 гектар жердің 11 666 гектарына шаруалар мақта еккен. Соның бірі — «Дінмұхамед» шаруа қожалығы. Астана мен Алматыдан келген блогерлер мақта алқабымен танысты. Шаруа қожалығы 418 гектар жерге мақта еккен. Санаулы күндерде мақтаның алғашқы терімі басталады. Шаруа қожалығының төрағасы Ділмұрат Қорғанбаевтың айтуынша, гектарына 35-40 центнерден өнім аламыз деп отыр. Биыл мақтаның жағдайы орташа. Өнім көл көсір болмаса да, диқанның маңдай терін ақтайды.

Биыл аудан бойынша 12 гектар жерге жылыжай өсіру жоспарланған. Жоспар 100% орындалған. Жылыжай өсіріп, табысқа кенеліп отырғандардың бірі — «Мұрат» шаруа қожалығы. Үй іргелік жердегі жылыжайға қияр, қызанақ, тәтті болгар бұрышын еккен. Шаруа қожалығының Мұрат Сәрсенбаевтың айтуынша, жылыжайдан гектарына 100 тонна, ал ашық топыраққа егілген капустадан 80 тонна, қызанақ пен тәтті бұрыштан гектарына 40-50 тонна өнім алған. Агроблогерлер жылыжайдағы әрбір өніммен мұқият танысып, шаруашылық егесіне сұрақтарын қойып, сұхбаттасты.

Бүгін аудан орталығы Шорнақ ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерінен Агрофестиваль өтті. Оған ауданға қарасты 12 ауыл округтің шаруалары 60 тонна өнім әкелді. Ауыл тұрғындары өнімдерді арзан бағада сатып алды.

Жалпы, Сауран ауданы агросекторының өркендеуіне «Ауыл аманаты» бағдарламасының қосып жатқан үлесі де зор деп білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек, — деп ерекше атап өтті.

«Ауыл аманаты» жобасымен Сауран ауданындағы Түркістанға жапсарлас орналасқан төрт ауылдық округте ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін қалыптастырудың қанатқақты жобалары басталды. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған қанатқақты жобасы аясында облыстағы 16 ауданға республикалық бюджеттен 11 млрд. теңге қаралған. Қанатқақты жоба болғандықтан, басында әр ауданнан екі ауылдық округке ғана берілетін болған. Соңғы уақытта тағы да екі ауылдық округін қосуға тапсырма беріліп, қазіргі таңда төрт ауылдық округ тұрғындарын негізгі алты бағыт бойынша қаржыландыру көзделіп отыр. Олар: Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан және Майдантал ауылдық округтері.

Бұл негізінен басқа ауылдарды алалау емес. Облыс әкімдігі Сауран ауданында сүт өндіру, құс өсіру, азық-түлікті қайта өңдеу, жылыжай бағытын мықтап қолға алуды арнайы тапсырма ретінде ұсынып отыр. Осылардың ішіндегі таңдаулысы Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан және Майдантал ауылдық округтері болғандықтан, соларға басымдық беріліп отырғаны рас. Жобаға қатысуға негізгі 6 бағыт болса, соның ішінде 2 бағыт бойынша Сауран ауданына қарасты барлық ауылдық округтердің қатысуға мүмкіндіктері бар. Атап айтқанда: Балық шаруашылығын дамыту және тұрғындардың өз кәсібін ашу бағыттары. Сонымен қатар, ауданға қарасты ауылдық округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар барлық бағыт бойынша жобаға қатыса алады. Болашақтағы мақсат барлық ауылдарды қамту болып табылады.

Жоба бойынша мүдделі ауылдық округтер мен тұрғындарына, жеке кәсіпкерлеріне тоғыз талап қойылады. Алдымен несие алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде мүшелікте болуы, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы керек. Несие алушының жасы зейнет жасынан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі, несиені кепіл нысанын сақтандыру қажет екендігі қарастырылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, мал қора секілді қолайлы аса қажетті жағдайлардың болуы шарт. Одан кейін қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне өткізу немесе өткізу жолдарын ұсыну көзделеді.

Әрине, ауданда шағын кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарына өз ісін дөңгелетуде кесе-көлденең кездесетін проблемалар баршылық. Жем-судың да бағасы, жанар-жағар май, техникалық қызмет түрлерінің, тыңайтқыштардың да бағасы аспандап кеткені рас. Сондықтан жергілікті атқамінерлер алдағы жылдары шаруашылықтарды өз салаларына орай біріктіруді, ірілендірудің жолын ұсынып отыр. Мәселен, несиенің ең жоғарғы сомасы — кооперацияны дамыту үшін 27600000 теңгеге дейін (8000 АЕК), жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін — 8625000 теңгеге дейін (8000 АЕК). Екі ортадағы айырмашылық үш есеге дейін барып қалады. Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай болса, ең ұзақ мерзімі 84 айға дейін жалғасады.

Негізгі борышты өтеу шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет берілген есебіне қарай ыңғайланады. Сыйақыны өтеу де, шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет қарастырылып отырады. Негізгі кепілге жылжымайтын мүлік, қосымша кепілге жер телімдері мен көлікті қоюға болады. Шаруаларға да, кооперативке де борышты өтеу бойынша бір жылға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған.

Енді «Ауыл аманаты» жобасынан еліктен  Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал таңдалып отыр дегенге келсек. Аталған ауылдық округтерде кооперацияға бірігіп жұмыс істеу тәжірибесі бар. Қайта өңдеу кәсіпорыны мен жұмысы тоқтап тұрған фермерлік жылыжайлар бар. Сонымен қатар әрбір үйдің ауласында негізінен көкөніс өсіріледі және де мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндіктері жоғары.

Бүгінгі күнге ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жасақтау жалғасуда. Жұмысшы топ құрылып, несие алуға қажетті кепіл нысанының құжаттарын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге төрт ауылдық округте 323 адам несие алуға ниет білдіріп отыр. Өтінім бойынша қажетті қаражат көлемі – 1660,8 млн. теңге.

Қарашық ауылдық округі бойынша 1725 аулада 11215 тұрғын бар. Несие алуға ниет білдірген  — 93 отбасы, оның ішінде 12 отбасы — АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 564 млн. теңге. Қарашық ауылдық округінде сүтті қайта өңдеумен айналысатын «Картекс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Ондағы мүшелер саны – 132 адам. Сүт өңдеудің жылдық қуаттылығы – 1200 тоннаға жетіп отыр. Сиыр сүтін жинақтау қоймасының сыйымдылығы 20 тоннаға барады. «Картекс Агро» АШӨК тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеп, өндіруге мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда «Картекс Агро» АШӨК шикізат тапшылығына байланысты толық жұмыс атқара алмай отыр екен. Отбасылық сүт фермаларын ашу бағытына қаражат берілсе, тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеуге мүмкіндігі бар. Жаңадан 162 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.

Оранғай ауылдық округі бойынша 1427 аулада 8739 тұрғын бар. Тоқсанға жуық отбасы несие алуға ниет білдірсе, оның ішінде 14 отбасы — АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі 496,8 млн. теңгеге жетеді. Оранғай ауылдық округінде көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдеу және сақтаумен айналысатын «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшелер саны 130 адамға жетті. Оларда көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдейтін цех және дайын өнімді сақтау қоймасы бар. Көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын өңдеу қуаттылығы жылына — 1200 тонна консерві, 1500 тонна шырын сығындысын жасау алады. Сақтау қоймасының сыйымдылығы қазіргі таңда 20 тоннаға жетіп отыр.

Бүгінгі күнге жылыжай кешенін салу және жаңарту бағыты бойынша — қырықтан астам адам және құс шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша — тоғыз адам, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша жиырмаға жуық адам несие алуға ниет білдіріп отыр.

Ескі Иқан ауылдық округінде қанатқақты жобаға қатысуға «Иқан Агро 2» және «Samruq 2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Жоба бойынша «Иқан Агро 2» ауыл шаруашылығы кооперативі мал шаруашылығын дамыту бойынша отбасылық сүт фермаларын ашуды көздеп отырса, «Samruq 2023» ауыл шаруашылығы кооперативі мал бордақылау бағыттарын таңдап отыр.

Ал, Майдантал ауылдық округінде мал шаруашылығын дамыту бойынша – отбасылық мал бордақылау алаңдарын ашу және мал басын көбейту бойынша «СПК-САПА» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды.

Бұл дегеніңіз киелі қала Түркістанның іргесіндегі азық-түлік түрлерін өңдеудің жаңаша бағыт алып, өрісін кеңейтіп келе жатқандығын көрсетеді. Себебі, бұл ауылдық округтер — Түркістан қаласына жапсарлас орналасқан ауылдар. Таяу болашақта бұл төрт ауылдың да Түркістан қаласының құрамына кіріп кету мүмкіндігі бар. Сондықтан олардағы азық-түлік өнімдерін өңдеу мен ұқсата пайдаланудың жаңа нұсқалары маңызды. Себебі, облыс орталығындағы халық саны күн санап көбейіп келе жатқандықтан, мұндағы тұрғындар мен қала қонақтарына сапалы азық-түлік өнімдері мен көкөністерді дер кезінде жеткізу уақыт талабы болып табылады. Сондықтан алдымен осы төрт ауылдық округтердің ірі шаруашылықтарындағы үлгі-тәжірибе ретіндегі қанатқақты жоба сәтті жүзеге асырылса, аудан әкімдігі оны басқа да елді мекендерге таратуды жоспарлап отыр.

Естеріңізде болса соңғы Жолдауында: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз.

Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.

Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек.

Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн.

Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек.

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек.

Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал.

Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.

Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.

Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.

Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз.

Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн.

Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек.

Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс», — деді Президент.

Мемлекет басшысының бұл сөзі саурандық шаруаларды ерекше қанаттандырып тастағаны белгілі.

Шыны керек, Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асқалы атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары сиреп келеді. Әрине, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік көмектер қарастырылған. Бірақ атаулы әлеуметтік көмек мәселені толық шешпейді. Адам өзі жұмыс істеп, кәсіппен шұғылданбай, іс өнбейтіні анық. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасының берері көп.

«Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып не дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында Түркістан облысында 3 220 жоба қаржыландырылады. 3500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

АЕК алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Жаңа жоба біздің өңіріміз үшін өте маңызды. «Ауыл аманатын» іске асыру ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын қысқартуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Жобаның тиімді шарттарының бірі – кредиттері бар және аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тауарлық кредит беру тетігі болып отыр. Ерекшелігі — бюджет қаражаты жұмсалмайды. Кепіл қажет емес, пайыздар жоқ. Республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей жоба белсенді атсалысып, табыс табуға шақырамын, – дегенді өңір басшысы Дархан Сатыбалды үнемі айтып жүр.

Сонымен қатар облыс басшысы несие алуға ниет білдірген тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдап, жобаның маңыздылығын түсіндіруден де қашқан емес. Мемлекет басшысының тапырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Айта кету керек, Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысатын болады. Есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және өзге де кәсіп түрлерімен айналысу тұрғындардың негізгі мақсатына айналмақ.

Пилоттық жобаны Түркістан облысында жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылған. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген.

«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ — на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 13,9 млрд теңге құрайтын 2 248 жобаға өтініш қабылғандан. Оның ішінде, жалпы соммасы 9 млрд теңгені құрайтын 1 611 жоба мақұлданып, 4,6 млрд теңге құрайтын 852 жоба қаржыландырылды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

— Өздеріңізге белгілі, облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Биыл облысымызда «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Жаңа жоба біздің өңір үшін өте маңызды. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Бағдарлама аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған. Біз өзімізге берілген бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек, — дейді облыс әкімі.

Жеке кәсіппен айналысып, кооператив құрамын» дегендерге 2,5 пайыздық көрсеткішпен жеңілдетілген несие беріледі. Сонымен қатар ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар.

Айта кетейік, бұған дейін, «Ауыл аманаты» жобасы пилоттық режимде Жамбыл облысында алғаш жүргізіліп, оң нәтиже берген. Жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Ауылшаруашығы мен егін шаруашылығын дамытып, оларды өңдеу, жеткізу, сату барлығын жүргізіп отырған кәсіпкерлердің саны артты.

«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ — на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 17,9 млрд теңге құрайтын 3409 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 3 018 жоба қаралып, жалпы соммасы 14,2 млрд теңгені құрайтын 2437 жоба мақұлданды. 10,3 млрд теңге құрайтын 1 797 жоба қаржыландырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin