Арыста серуендеуге және жайлы демалысқа, сондай-ақ спортпен шұғылдануға арналған жаңа саябақ ашылды. Жаңа демалыс орнының салтанатты ашылуына қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен бірге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов қатысып, жұртшылықты жаңа саябақтың ашылуымен құттықтады.
«Бүгінгі күні Арыс өлкесінің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өлшеусіз үлесін қосып келе жатқан, осында туып-өскен, есімі елге тараған, атақты меценаттардың бары белгілі. Осындай тамаша кешеннің салынуына демеуші болған жерлесіміз Ержан Төлебекұлына шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл баршамыз үшін жақсы үлгі болмақ. Жерлестерімді тағы бір мәрте осынау әсем демалыс саябағының ашылуымен шын жүректен құттықтап, әрбір істеріңізге сәттілік тілеймін», — деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Шарада облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы жүрекжарды лебізін білдіріп, бірлігі жарасқан Арыс халқына табыстар тіледі. Еңбек ардагері, қаламыздың ардақты қариясы ақ баталарын беріп, өз ризашылықтарын жеткізді.
Жаңа демалыс саябағы Арыстың тумасы, кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Ержан Төлебекұлының демеушілігімен салынды. Саябақтың жалпы аумағы — 1 гектар. Мұнда қазірдің өзінде 450 түп тал егіліп, айналасы абаттандырылған. Түрлі-түсті шамдар орнатылып, аяқ жолдар төселген. Сонымен қатар, заман талабына сай 1 баскетбол, 1 футбол алаңшасы қойылған. Бұдан бөлек жаттығу құрылғылары орнатылған спорт алаңы салынды. Ал балаларға базарлық ретінде ойын алаңдары да орнатылды. Сондай-ақ жайлы орындықтар қойылып, келушілердің демалуына жағдай жасалынған. Жауын мен ыстық күннен қорған болатын заманауи бастырмалар да саябақтың ажарын ашып тұр. Сөзсіз, жаңа демалыс орны жергілікті тұрғындардың жанға сая табатын сүйікті демалыс орны болмақ.
«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі деп санаймын. Арыс өңірінде өзі туып-өскен жердің, ауылдың дамуына қомақты үлес қосып жүрген азаматтар көп. Солардың бірі және бірегейі облыстық мәслихат депутаты, жерлесіміз Ержан Төлебекұлы. Кәсіпкерлік саласында үлкен жетістіктерге жетіп, ел тәуелсіздігінің тұғырлы болуына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына өзіндік үлесін қосып жүрген азамат бүгін өз қаржысы есебінен аумағы атшаптырым болатын әсем саябақты қаламызға сыйға тартты.
Қала жастарының жақсы демалыс өткізуіне, спортпен серік етіп, бұқаралық спортты дамытуға қолайлы жағдай жасаған жерлесіміздің бұл ісі көпке үлгі-өнеге. Арыс жұрты қашанда осындай туған жеріне жанашыр азаматтарымен мақтанады.
Өз туған жерінің дамуына сүбелі үлес қосып, ерекше қолтаңба қалдырып жүрген Арыстың атпал азаматтарына алғысымды білдіремін. Осындай өнегелі істер Арыс жерінде жалғасын таба берсін» -дей келе, қала әкімі Гүлжан Құрманбекова жаңа саябақтың ашылуына арнайы келген қадірлі қонақтармен бірге саябақ аралап көрді. Жаңа спорт алаңшаларда асыр салып ойнап жүрген балаларға ыстық ықыласын білдіріп, тұрғындарға енді абаттанған аумақты күтіп-ұстау қажеттігін айтты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.