Түркістан облысы: Арыс қаласында халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 80 жоба қаржыландырылды

Бүгін Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың Арыс қаласының тұрғындарымен кезекті кездесуі өтті. Бұл — шаһар басшының тұрғындармен жыл басынан бері өткізген төртінші кездесуі.

Кездесуде алдымен бүгінге дейін жүзеге асырылған жобалар мен алда қолға алынатын жоспарлар туралы айтылды. Сондай-ақ, мұның алдында өткен кездесулерде айтылған ұсыныс, пікірлер мен өтініш, тілектердің орындалуын саралады.

Арыста білім саласында айтарлықтай жаңалықтар бар.

«Қаламыздағы демографиялық өсімді ескере келе, жаңа мектептер салу қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда қаламызда Тараз тұрғын ауданынан 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы басталған. Дәл осындай мектеп Наурыз тұрғын ауданынан да салынады. Одан бөлек, Отырар ауданынан 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, бір мектепке 300 орындық қосымша корпус, Онтам шағынауданынан жеке кәсіпкер есебінен 150 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Ал, 2024 жылы жеке инвесторлар есебінен 600 және 300 орындық екі мектеп пен 5 балабақша салынатын болса, қала көлемінде мектеп мәселесі толығымен шешілмек, — деді Гүлжан Мамытқызы.

Биыл Сырдария (Задарья) елді мекенінде 11 көше, Монтайтас ауылына қарасты Атамекен елді мекенінің барлық 12 көшесіне асфальт салынды. Бұдан бөлек, қала аумағында орналасқан 33 көшеге немесе 10 шақырымға асфальт салу жұмыстары жүргізілуде.

Тамыз айында қаладағы Отырар тұрғын ауданы «көгілдір газға» қосылды. Бұл — қала көлемінде газға қосылған алтыншы тұрғын аудан. Енді Сырдария, Хлопком, Наурыз, ШПЗ тұрғын аудандарын табиғи газ жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, орталық қазандықтың тозығы жетуіне облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары басталған. Сонымен бірге, орталық қазандықты газ жүйесіне қосу мақсатында қосымша модульді қазандықтың құрылысы жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, жаңа кәсіп бастап, халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 112 жоба мақұлданып, 80 жоба қаржыландырылған.

Жиынға қатысқан тұрғындар тарапынан да бірқатар өзекті мәселелер айтылып, оларға нақты жауаптар берілді.

Айта кетейік, қалай әкімінің халықпен кездесуінен кейін азаматтардың жеке өтініші бойынша қабылдау шарасы өтті. Онда әлеуметтік көмек, тұрақты жұмыс, жер құжатын заңдастыру жайындағы сұрақ, сауалдарға қала әкімі мен тиісті сала мамандары жауап беріп, талапқа сай түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin