Түркістан облысы: Арыс қаласының 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясы бар

Арыс қаласында өндіріс орындары көбейіп, инвестиция көлемі артады. Ауыл шаруашылығы мен логистика салаларында да маңызды жобалар жүзеге асады. Бұл жоспардың бәрі Арыс қаласының 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясына енгізілді.

Аталған құжат облыс әкімдігінде өткен арнайы мәжілісте таныстырылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласының транзиттік, логистикалық және өндірістік әлеуетін толық пайдалану керектігін айтты.

– Даму стратегиясындағы әрбір жоспар мен индикаторлар орындалуы тиіс. Тұрақты қадағаланады. Инвестиция көлемін ұлғайту маңызды. Келіссөздер жүргізіп, жұмыс орындарын көбейтетін жобаларды жүзеге асырыңыздар. Арыстың мүмкіндігі жоғары. Жақсы бастамалар бар. Нәтиже күтемін, – деді Дархан Сатыбалды.

Арыс қаласының әкімінің айтуынша, үш тоқсандықтың қорытындысына сәйкес жалпы өңірлік өнімнің көлемі 38,5 миллиард теңгені құрады. Ұсынылып отырған даму жоспарына сәйкес 2030 жылға дейін Арыста өнеркәсіп өндірісі 12,6 миллиард теңгеден 35,8 миллиард теңге жетіп, 3 есеге дейін өседі деп күтіліп отыр. Өңдеу өнеркәсібі 20,4 миллиард теңгеге жетіп, 2,5 есеге дейін өссе, құрылыс жұмыстарының көлемі 9,5 миллиард теңгеге жетіп, 1,5 есеге дейін өседі деген жоспар бар. Сауда көлемін 30,2 миллиард теңгеге, яғни, 2 есеге дейін өсіру көзделген. Ал ауыл шаруашылығы көлемін 74,8 миллиард теңгеге жеткізіп, 2,5 есеге дейін өсіру межеленген. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім 72,2 миллиард теңгеден 170,7 миллиард теңгеге жетіп 2,4 есеге дейін өседі деген жоспар бар.

2030 жылға дейін Арыста жалпы құны 386,1 миллиард теңгеге құрайтын 166 инвестициялық жобаны іске асырып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығында 59 жоба жүзеге асырылып, 1843 жаңа жұмыс орны құрылады. Су үнемдеу технологияларын ендіруде 4 жоба іске асып, 105 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Өнеркәсіп саласында – 49 жоба, құны 135,6 миллиард теңге (1607 жаңа жұмыс орны), ал білім және денсаулық саласында 22 жоба жүзеге асып, 685 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.

Қалаға 107,4,0 миллиард теңгеге дейін инвестиция тартылып, жылдық инвестиция көлемі 4 есеге дейін өседі деген меже қойылған. Аймақта резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар ашылады. Машина жасау, тамақ өнімдері, құрылыс заттары мен басқада өнімдер, мұнай-химия, көкөніс және жеміс-жидек өңдеу бойынша жобалар жүзеге асырылады.

Арыс қаласында 2024-2029 жылдары жалпы құны 46 миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба іске аспақ. Нәтижесінде 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ал былтыр 10 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Бұл жайында Арыс қаласының әкімі брифингте мәлімдеген болатын.

Жалпы, қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде жылдың қорытындысына сәйкес барлық салада оң динамика орын алған. Дәлірек айтар болсақ, жалпы өңірлік өнім көлемі 55,8 миллиард теңгеге жетсе, негізгі капиталға тартылған инвестиция 22,6 миллиард теңгеге орындалып, 2022 жылмен салыстырғанда 45,2%-ға өскен.

— «Ауыл аманаты» бағдарламасы Арыс қаласында 5 ауылдық округте іске асырылуда. Бүгінгі таңда, жоба аясында Ақдала, Дермене, Байырқұм, Жиделі, Қожатоғай ауылдық округінен 770,2 миллион теңгеге 131 жоба мақұлданып, қаржыландырылды. Сондай-ақ, қала халқының табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, былтыр Арыс қаласы бойынша 3 763 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 977 жұмыс орындары ашылды, — дейді қала басшысы.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру бойынша бағдарламаға кімдер қатыса алатынын да айта өтейік. Арыс қаласы, Ақдала, Дермене, Монтайтас ауылдарының тұрғындары өтінім бере алады.
Бағдарламаның артықшылығы мен шарттары: VI бағыты бойынша кәсіп ашуға ниет білдірген тұрғындарға небәрі 2,5 пайызбен 5 жылға 9 миллион 230 мың теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі. Артықшылығы: несиенің алғашқы төлемін тек бір жылдан соң төлеп бастайсыз.
Несие қандай мақсатқа беріледі? Азаматтар несиені тауар өндіру, өңдеу және қайта өңдеуге бағытталған кәсіпорын ашу және дамыту, өндіріс орындарын ашу қызмет көрсету саласында жеке кәсібін дамыту бағыттарын таңдай алады. Мысалы: тігін орталығы, жиһаз цехын ашу, т.б.
Кімдер қатыса алады?
Жеңілдетілген несиені 21 жастан бастап зейнетке шығуына 5 жыл қалған, жергілікті жері бойынша мекенжай тіркелімі бір жылдан кем емес азаматтар ала алады.
Несие алу үшін кепіл мүлікті Қазақстан Республикасының кез келген жерінен қоя аласыз, кепіл мүлік несие алушының атында болу міндетті емес.
Толық ақпарат алу үшін Арыс қаласындағы Д.Қонаев 9А мекенжайында орналасқан «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету» орталығына келіп, кеңес алуыңызға болады.

Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Арыс қаласында 2023 жылы 5 елді мекенде 947 миллион теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жиделі, Ақдала елді мекендерінде Мәдениет үйінің, Қожатоғай елді мекенінде спорт залдың құрылысы қолға алынып, Атамекен, Сырдария елді мекендерінде 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 5 елді мекенде 730 миллион теңгеге 8 жоба қолға алынды. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 770 миллион. теңгеге 131 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 17 маманға 6 миллион. теңге бір реттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 миллион. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді.  Бұл ретте Арыста өндірісті дамытып, зауыттар ашуға мүмкіндік мол екенін, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын атап өткен орынды.

Арыста жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 23 пайызға өсіп, 2023 жылы 56 миллиард теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 6 мыңға жетсе, олардың өндірген өнімі 75 миллиард теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 34 пайызға өскен.

Шаһарда инфрақұрылым саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар жетерлік. Мәселен, қала бойынша ауыз су құрылысына жалпы құны 2,2 миллиард теңге болатын 14 жоба әзірленген. Сондай-ақ, Арыс қаласы мен оған қарасты елді мекендер толық орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген.

Арыста тамшылатып суару әдісімен мақта шаруашылығы өркендеп келеді

Ауыз толтырып айтатын тағы бір жаңалық, Түркістан өңірінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мақта кластерін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған бастама аясында Арыс қаласында мақта өнімділігі мен сапасын ұлғайту жұмыстары қолға алынып, биыл су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 1,2 мың гектар алқапқа элиталы сортты мақта егілді.

Бүгінде шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсете бастады. Инновациялық әдіс, шаруалар мен инвесторлардың оң бағасын алды. Мақта алқаптарына қолданылған су үнемдеу технологиясы суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалана отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш байырғы тәсілмен салыстырғанда, екі жарым есеге жоғары.

Шаруалардың айтуынша, жаңа технологияның арқасында қоза көсегі толықтай ашылған. Сондай-ақ, алғашқы көрсеткіш өте жақсы болып отыр.

Қала әкімі жуырда «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-де орналасқан мақта алқабына арнайы барып, диқандармен және шетелдік инвесторлармен кездескен-ді. Кездесуге қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер, шаруалар және халық қалаулылары да арнайы қатысты. Кездесудің мақсаты мақта шаруашылығын одан әрі дамыту және ауыл шаруашылығы секторына салынған жаңа шетелдік технологиялармен танысу болды.

Әкім кездесу барысында жаңа жұмыс орындарын құру, оның ішінде жергілікті арыстық азаматтарды бірінші кезекте жұмысқа тарту мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне баса назар аударды. Оның ішінде жатын орын, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ету және санитарлық талаптардың қатаң сақталуы – негізгі міндеттер екенін баса айтты.

Өз кезегінде, компания өкілдері келешекке үлкен жоспарлар қойып отырғандығын жеткізіп, жұмыс істеймін деген азаматтарға мүмкіндіктер мол екендігін айтты. Қазіргі таңда мұнда 200-ге жуық жергілікті азамат еңбек етуде. Олардың айтуынша, мұнда қарапайым жұмысшылардың ең төменгі жалақысы 300 мың теңгеден басталады, және біліктілігіне қарай жалақы жоғарылай береді. Сонымен қатар келесі көктемде егістік маусымына тағы 800-1000 жұмысшы қабылданады деп жоспарлануда. Бұл жергілікті халық үшін үлкен мүмкіндік, өйткені тұрақты жұмыс орындары ашылып, табыс табу мүмкіндігі артады.

Компания өкілдері қазірдің өзінде қарапайым жұмысшыдан бастап, құрылысшылар, тиеуіш (погрузчик), кран айдаушылар қажет екендігін, жұмыс істеймін деген азаматтарға бос жұмыс орындары бар екенін жеткізді.

Осыны ескерген шаһар басшысы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен компания арасында меморандум түзіп, жұмысшыларды осы орталық арқылы жұмысқа тарту бойынша тапсырма берді.

Айта кетейік, Арыс қаласында шетелдік инвесторлармен бірлескен мақтаны терең өңдеу көпсалалы кешені кәсіпорындарын құрып, дайын өнімді экспортқа шығару жоспарлануда. Нәтижесінде жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы үй тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды қамтамасыз етеді. Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауыттарды пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Нәтижесінде елімізді жоғары сапалы мата және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз ету көзделген.

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта «Арыс қаласы маңындағы жерлерді Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сатып алып жатыр. Корпорация бұл жерлерді «халықтан сатып алып, Қытай инвесторына беріп жатыр» деген ақпарат тараған. Ақпараттың анық-қанығын қарашаның соңына таман Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түсіндіріп берді.

Дархан Сатыбалды бұл мәселеден хабары бар екенін, өңірге Қытай инвесторлары әкімдік шақыртуымен келгенін мәлімдеді. Әкім бұл жерлердің сапалы мақта өсіріп, өңірде тоқыма кластерін құру үшін пайдаланылатынын атап өтті.

«Біз мақта егумен айналысатын өңір саналамыз. 500 мыңнан астам халық осы мақта саласында жұмыс істейді. Бірақ сол мақта мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген. Мен Өзбекстан елінде қызметте болдым. Ол жерде тоқыма кластері қалай дамығанын өз көзіммен көрдім. Сол тәжірибені елімізде жүзеге асыру үшін мен жергілікті кәсіп иелерімен кездесіп, сөйлестім. Бірақ олардың көбісінің мұндай тәжірибесі мен мүмкіншілігі болмады. Содан Өзбекстаннан бір инвесторды тарттық. Ол инвестор елде сапалы мақта тұқымын егіп көріп, жақсы нәтиже көрсетсе, мақта кластерін құруға келісті», – деді өңір басшысы.

Ал екінші инвесторды Қытайдан тартқан. Шетелдік инвестор Шардара ауданына барып, топырақ сапасын зерттеген. Алайда ол жердің топырағы жоғары сапалы мақта егуге жарамсыз болып шыққан.

«Содан біз оларға жаңа жерлерді игеруді ұсындық. Осы тұста айта кетейін, ол жерлер қытайлық компанияға берілген жоқ. Берілмейді де. Сатып алнған жерлер әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация балансында», – дейді облыс әкімі.

Сонымен бірге әкім өңір топырағын сынап көру үшін биыл 1200 гектар жерге сапалы мақта егілгенін айтты. Нәтижесінде бір гектардан 55 центнер мақта алынған екен.

«Бұрын шаңы шығып жатқан жерден 55 центнер мақта жиналды. Су да, тыңайтқыш та екі есе аз жұмсалып, үнемделді. Ал біздің шаруалар 27-28 центнерден аса алмай отыр. Сонымен бірге экологтар өңірде мақта егу аймақтың экологиялық ахуалына да оң әсер ететінін айтты. Өздеріңіз білесіздер, бұл өңір Арал маңындағы экологиялық дағдарыс жағдайындағы аймаққа жатқызылған. Ол жерге құрғап қалған Арал теңізінің түбінен құм мен тұз көшіп жатыр. Бұл жерде мақта егу сол құм мен тұздың көшуіне тосқауыл болып, экологиялық жағдайының жақсаруына жол ашады», – деді Дархан Сатыбады.

Халықаралық транспорттық-логистикалық орталық ашылды

Арыс қаласында Қазақстанның көлік және логистика саласындағы жаңа әрі ауқымды нысан іске қосылды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, көлік-логистика саласын дамыту тапсырмасы бойынша жүзеге асты. Жаңа орталық ТМД елдерімен ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын Азия мен Еуропа елдерімен сауда байланыстарын күшейтуге бағытталған. Бұл азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және көлік шығындарын қысқартуға ықпал етеді.

Транспорттық-логистикалық орталықтың ашылуына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, бұл кешеннің теміржолшылар қаласы саналатын Арыста орналасуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, сауда-саттықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Ең бастысы — арыстықтар тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.

«MEGA-AGAT» компаниясының директоры Әлішер Рүстембектің мәлімдеуінше, жоба құны 4 миллиард теңгені құраған. Орталық заманауи технологиялармен жабдықталған және Еуропалық талаптарға сай салынып, логистика саласындағы жоғары стандарттарға жауап береді. Арыстың тоғыз жол торабы саналатын стратегиялық орналасуы бұл кешенді аймақтық және халықаралық тауар айналымы үшін тиімді хабқа айналдырмақ.

6 гектар аумақты қамтитын кешеннің қоймалары 17 000 шаршы метрді құрайды. Оның 14 000 шаршы метрі қатты заттарды сақтауға арналған болса, 3 000 шаршы метрі көкөністер мен басқа да тез бұзылатын өнімдерге арналған арнайы желдеткіш жүйесімен жабдықталған.

Мұнда теміржол кіреберіс жолдары және транспорттық-логистикалық орталығының жүк тасымалын ұйымдастыру бекеті бар. Сонымен қатар кедендік қызметтер де жедел әрі тиімді түрде ұйымдастырылған. Бұл шешімдер Арыс қаласының тек Қазақстан ауқымында емес, халықаралық сауда желісіндегі маңыздылығын арттырып, оны заманауи логистикалық орталыққа айналдырады.

Сондай-ақ «Мега-Агат» ЖШС базасында күнбағыс, мақта және мақсары майын шығаратын зауыттың капсуласы салынды. Автоматтандырылған май экстрациялық кешенінің инвестициялық құны – 9 миллиард теңге. Зауыт күн сайын 500 тоннадан астам күнбағыс майын шығарады. Жоба аясында жергілікті 150 тұрғын жұмыспен қамтылады.

Зауыт сапалы пісте майын өндіруге бағытталады және заманауи технологияларды пайдалана отырып, өндіріс үдерісінің халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етеді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin