Түркістан облысы «Ауыл аманаты» жобасының көрсеткіштері бойынша республикада көш бастап келеді

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Жобаның басты мақсаты − ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Бағдарлама басталғалы ауыл-аймақтарда мыңдаған шаруа мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп ашып, шаруашылығын дамытты. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылғы өндірілген өнім көлемі жағынан Түркістан облысы 13,3% көрсеткішпен республикада көш бастады. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Қалданов мәлімдеді.

«2023 жылы республикалық бюджеттен аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 19,8 миллиард теңге бөлініп, жалпы 3 256 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 3 413 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бағдарлама аясында өткен жылы шаруалар 1 триллион 158,7 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында кооперативтер негізінде дамуға басымдық берілмек. Кооперативтерге 992 миллион теңгеге 40 ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтар сатып алынды. Биыл бағдарлама аясында республикалық бюджеттен өңірге 10,6 миллиард теңге бөлініп, егін, мал, құс және балық шаруашылығына, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтауға бағыттау көзделіп отыр. Жобаның бұл жылғы ерекшелігі — кәсіпкерлердің уақытын үнемдеу мақсатында өтініштерді электронды түрде қабылдау жүйесі жұмыс іске қосылды» — дейді спикер.

Платформа бизнесті онлайн ашу үшін жеңілдетілген несиелерге өтініш беруге мүмкіндік береді. Жүйенің жобасы мамыр айының соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте ұсынылды. Портал облыс орталықтарындағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үйлестіретін өтінімдерді беру және қадағалау процесін жеңілдетеді. Тамара Дүйсенова жүйені мәліметтер базасымен интеграциялаудың және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаның тиімділігін бақылаудың маңыздылығын атап өтті.

“Бағдарламаға қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Ақпараттық жүйенің қажетті мәліметтер базасымен интеграциясын мұқият бақылау қажет. Біздің басты мақсатымыз-ауыл тұрғындарының табысын арттыру екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан берілген несиелер ауыл тұрғындарының тұрақты табыс табуына ықпал етуі керек. Өз ісін ашқандар немесе “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқандар туралы деректер тиісті базалар арқылы тексерілетін болады. Өңірлер бағдарламаны іске асырудың тиімділігін мұқият бақылауда ұстауы тиіс”, – деді Тамара Дүйсенова.

Үкіметтің тапсырмасы бойынша Қазақстанның үш өңірінде «Ауыл аманаты» атты электрондық форматта ауыл тұрғындарына несие беру бойынша пилоттық жоба басталды. Бұған дейін ауыл тұрғындарына несиеберу «Қолдау» платформасы арқылы ақылы жүргізілді.

Бұдан басқа, мал шаруашылығын қадағалау бөлігінде БЖДБ базасына 6 қосымша сервис қосылды, бұл мал шаруашылығы саласында «туғаннан союға дейін» толық қадағалауды қамтамасыз етеді.

Осылайша, электронды форматта жануарға жеке нөмір тіркеуге және беруге, профилактикалық шаралар жүргізуге, жануардың қозғалу процесін және карантинде болуын көруге, жануарларды союға жіберуге болады. Қазіргі уақытта ветеринария мен бақылау жұмыстарына көмектесетін қызметтер енгізілуде.

АШМ «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-да бірыңғай көлік базасын біріктіруге және құруға қол жеткізді. Қазіргі уақытта Алматы облысында пилоттық жоба жүргізілуде, онда ауыл шаруашылығы техникасы бойынша мәмілелер әкімдіктерде емес, «Бірыңғай терезе» шеңберінде арнайы ХҚКО-да жүргізіледі.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы, ауыл тұрғындарының табысы мен әлеуметтік жағдайларының көтерілуіне ықпалын тигізді. 2023 жылы республикалық бюджеттен бағдарламаны жүзеге асыруға 19,8 млрд. теңге бөлініп, негізгі 6 бағытты қаржыландыруға басымдылық беріліп, 3256 жоба қаржыландырылған. Жобаға пилоттық түрде 64 ауылдық округі қатысты. Нәтижесінде 3413 жаңа жұмыс орындары құрылды, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 340 адамға қысқартылды, табыс көзі орташа жалақы 20 пайызға ұлғайды, шағын кәсіпкерлер саны 2 544 бірлікке артқан. 64,2 мың бас мал басы сатып алынып, 19 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 16,4 га алқапқа 328 жылыжайлар салынған. Осы жобалар есебінен 30 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

Осы көрсеткіштер негізге алынып, «Ауыл аманаты» бойынша Түркістан өңіріне бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныс берілді. Себебі, нақты іс, қозғалыс, ең бастысы, ауыл тұрғындары тарапынан қызығушылық бар. Болашақта осы жоба бойынша қаржы бөлу көлемі ұлғайса бұл бағыттағы жұмыс қарқыны арта түсетін болады. Ал, ол өз кезегінде өңірдің экономикалық қуаттылығының артуына септік етеді. Тиісінше қуатты өңір ел дамуының драйверіне айналмақ.

Еске салайық, «Ауыл аманаты» жобасы «Қазақстан Республикасының ауылды дамыту жөнінде 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында іске қосылған. Тиісті бұйрыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қарашада қол қойды. Бағдарлама бойынша 2029 жылға дейін ауылдарда 350 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 1 миллион ауыл тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланған. Сол мақсатта мемлекеттік бюджеттен бір триллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінді. Мамандар бұл бағдарламаны ауылды дамытудың жаңа драйвері деп атап жүр. Ресми статистика бойынша ауылдарда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41 пайызы. Қазір ауыл жəне қала тұрғындары табысының айырмашылығы 38 пайыз болып отыр. Бұл өте үлкен парық. Сол үшін ауыл жұртының табысын қала халқымен теңестіру мақсатында жұмыстар атқарудың маңызды зор.

«Ауыл аманаты» жобасы ауылдарды дамытуға серпін беруге тиіс. Өйткені жобаға қатысу үшін қойылатын талаптар жеңіл, бюрократиялық кедергілер көп емес. Оның үстіне берілген несиенің жылдық сыйақы мөлшері 2,5 пайыздан аспайды. Шағын несие мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Бұл бағдарлама аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қала тұрғындары ең көп болғанда 2,5 мың АЕК (8,6 миллион теңге) ала алады. Ал шағын жəне орта шаруа (фермерлік) қожалықтары немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері 8 мың АЕК-ке (27,6 миллион теңге) дейін несие рəсімдей алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin