«Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 қарашадағы №1050 қаулысы аясында ағымдағы жылы Сауран ауданы көлемінде 6840 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған болатын. Жыл соңы таяп келеді, әлі де халықты жұмыспен қамтуға байланысты жұмыстар өз жалғасын тауып жатыр.
Сауран аудандық Мансап оралығының директоры Азамат Асылбекұлы Әуездің сөзіне сүйенсек, «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған» аясында 2024 жылдың маусымына дейін жобадағы бағдарламар бойынша 6368 азамат өтініш білдіріп, оның ішінде 2487 адам әлеуметтік шаралармен қамтылған екен. Яғни алғашқы жартыжылдықта орындалуы 39 пайызды құрапты. Оның ішінде санаттары бойынша бөлінісі: жұмыссыздар – 1011 азамат, өзін-өзі қамтығындар – 1017 азамат, жұмыс іздеушілер – 970 азамат, 154 азамат композиттік қызметке тіркелді (композиттік қызмет жоспары — 220). Жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау шаралары, оның ішінде: Әлеуметтік жұмыс орнына 260 орын жоспарланған, қамтылғаны — 177 азамат, орындалуы 68 %; «Жастар практикасына» 460 орын жоспарланған, қамтылғаны — 119 азамат, орындалуы 26%; Қоғамдық жұмыстарға 700 орын жоспарланған, қамтылғаны 774 адам, орындалуы — 110.5%; Алғашқы жұмыс орындарына – 100 орын жоспарланған, қамтылғаны 90 адам, орындалуы 90%.; «Күміс жас» жобасы бойынша 130 орын жоспарланған, қамтылғаны — 152 адам, орындалуы — 117%; Грант бойынша 93 орын жоспарланған, орындалуы — 46.2%. Грант бойынша «Инстаграм», «Фэйсбук» әлеуметтік желілерінде 2024 жылы 10 мамырды жарияланды. Құжаттарды қабылдау «enbek skills» платформасында өтініш беру арқылы жүзеге асырылды. 2024 жылы 5 маусымда үміткер 115 адамның құжаты комиссияда қаралды. 43 адамға оң шешім берілді. «Бастау бизнес» жобасы аясында 900 азамат оқу жоспарланып, орындалуы 133 азамат оқытылды. Орындалуы — 14,7 %.
Тұрақты жұмыс орындарына 3888 орын жоспарланған екен. Бос жұмыс орындарына 2123 адам жоспарланған, жолданғаны — 1296 адам, орындалуы — 61%. «Ұлттық жоба» шеңберінде 27 жоба бойынша жаңа жұмыс орындарына 227 адам жоспарланған, 17 жобаға 98 адам жолданды, орындалуы 43% құрап отыр. Маусым айының соңына дейін 97 жаңа жұмыс орнын ашып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік жұмыс бойынша мүгедектігі бар 1 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, 2024 жылдың соңына дейін орындалады деп күтіліп отыр екен, квота бойынша мүгедектігі бар 2 азамат жұмыспен қамтылған. Орындалуы — 20%. «Бизнес бастау» жобасы бойынша жоспар — 900 адам, орындалуы бойынша 133 адам оқыған. Мемлекеттік грантқа 93 адам жоспарланған. Бірінші лекте 43 адам грант алды» — дейді «Мансап» оралығының директоры Азамат Асылбекұлы.
Атап өтер жайт, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс-шаралар қарастыру бойынша нақты міндеттерді айқындап берді. Яғни, еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Дәл осы бағытта, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, Түркістан облысының аудан, қалаларында еңбек мобильділігін қамтамасыз ететін 17 орталық құрылды. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары, енді «Мансап» орталықтары болып қайта құрылып отыр. Қазіргі таңда аталған мекемелер «Ұлттық жоба» аясында ұйымдастырылатын жұмыстарды жүзеге асыруда. Қазіргі таңда Еңбек мобильділігі орталығының аудан, қалаларда 17 филиалы, яғни «Мансап» орталықтары халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту шараларын іске асырады.
Биыл Түркістан облысында «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 33 005 адам субсидияланған жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, қажетті қаржы қаралды. Биылғы І жартыжылдықта жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 1793 азаматқа 2,6 миллиард теңге қаржы жоспарланып, бірінші лек бойынша 897 азамат комиссияның қорытындысына сәйкес оң шешімін алды. Соның ішінде 893 азаматқа мемлекеттік грант 1 миллиард 318 миллион теңге ұсынылды. Олардың қатарында 27 АӘК алушы, 623 көпбалалы отбасы, 139 мүмкүндігі шектеулі азамат, 86 мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар және асыраушысынан айрылған 22 отбасы бар. Грант иелері қаражаттарын мал, құс, бал және балық шаруашылықтарын жүргізуге, қолөнер және тігін, техника жөндеу, құрылыс материалдарын шығару, шаштараз өнері және косметогиялық қызметтер көрсету сияқты кәсіптермен айналысуға бағыттаған.
Ақылы қоғамдық жұмысқа 13605 адам жұмыспен қамтылса, жастар практикасы бағытымен 2329 жас жұмысқа жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 3846 адам жолданса, алғашқы жұмыс орындарына 1396 адам орналасты. «Күміс жас» жобасы бойынша 2208 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 2299 адамға жолдама берілді. Жоспар 104%-ға орындалды. Жалпы бағдарламалар бойынша мүмкіндігі шектеулі 2169 азамат жұмыспен қамтылды.
Түркістан облысында Ұлттық жобалар негізінде жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысы бойынша 397 инфрақұрылымдық жоба аясында 3671 жұмыс орнын ашу жоспарланып, нақты 1259 жұмыс орны ашылды. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 36 жоба бекітіліп, қазіргі таңда 16 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 246 жұмыс орыны ашылды.
Айта кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңадан құрылған Еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі қызметін де бекітіп берген болатын. Олар — жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімдерін қамтамасыз ету; өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру; жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасау; жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіру; жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз азаматтарды тіркеу; халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілеттік мемлекеттік органдарды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету.
Қазіргі таңда Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейін бағдарламасын» іске асыру, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты да басты назарда тұр. Сауран ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары. Аудандық «Мансап» орталығының басшысы мемлекет осындай қолдауларды жасап жатқанда азаматтар еңбек етуге ұмтылуы керек екенін айтады.
«Біздің ауданда еңбек етемін деген тұрғындарға, яғни қос қолға бір күрек табылады. Шағын кәсіп, ауылшаруашлығымен айналысу, туризм бағытында қызмет көрсету бойынша да ауданның әлеуеті жоғары. Сондықтан, мемлекет қолдап тұрғанда, жастардың өсуіне көмек көрсетіп тұрғанда, қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз. Біз, барынша көмектесуге, жол көрсетуге дайынбыз. Орталықтың негізгі мақсаты «Ұлттық жоба» арқылы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Бұл орталық жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем береді, кейбіріне уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын да қоса атқарады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Негізі, халықтың басым бөлігі мамандығы бойынша еңбек жалақысы жоғары тұрақты жұмыспен қамтылуды қалайды. Ал, ауылдық жерде қыруар қаржы алып, жалақының жоғары болуы екіталай. Ондай мамандықтар бірен-саран. Сол себепті «маған жалақысы жоғары жұмыс қажет» деу орынсыз. Барға қанағат етіп, жұмысыңды істеп, қосымша кәсіп ашып, оны да талапқа сай жүргізіп отырсаң, соның өзі бақыт деп білемін», — дейді Азамат Асылбекұлы.
Айта кетейік, бүгінде электронды еңбек биржасының арнайы сайты бар. Порталдың басты жұмысы жұмыс іздеу және персоналды іріктеуге жәрдемдесу үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң болып табылады. Енді, жұмыс беруші өзінің бос жұмыс орны туралы ақпаратты электронды еңбек биржасында жеке кабинеті арқылы беріп, бос жұмыс орындар бойынша мәліметтерді ұсыну туралы міндетті заңнама қағидаттарының іске асырылуын жеңілдетеді. Жалпы, «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасы арқылы Ұлттық жобалардың бірыңғай платформасында жұмыс орнын табуға көмектеседі. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілер жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға өтінім бере алады.
Айтпақшы, орайы келгенде айта өтейік, «Самғау» оңалту орталығы 90-ға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматқа қызмет көрсетуді бастады. Мұнда мүгедектігі бар адамдарға 25 күн бойы медициналық көмекпен қатар 7 түрлі арнаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
«Орталықта ем алушыларға медициналық, арнаулы әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық бағыттарында қызметтер көрсетіледі. Сондай-ақ, науқастарға ыстық ас беріліп, медициналық аппараттардың көмегімен емдік-сауықтыру шаралары жүргізіледі. Салауатты өмір салтын ұстану үшін арнайы спорт залда шынығып, ботаникалық қысқы бақта серуендеуге жағдай жасалған», деді мекеме директорының орынбасары Әшім Нұрланұлы.
Бүгінде мекемеде 100-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Айта кетейік, орталық бір мезетте 18 жастан асқан мүгедектігі бар 200 адамды қабылдап, қызмет көрсетуге қауқарлы.
Атап өтер маңызды жайт, Түркістан облысында биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 104 635 жұмыс орны құрылған. Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, кемшіліктер мен өзге де түйткілді мәселелер жуырда ғана Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның 2024 жылдың 10 айының қорытындысы туралы есебі тыңдалды. Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар негізінде инфрақұрылымдық жобаларда ашылған жұмыс орындарына жолданған азаматтардың міндетті зейнетақы жарнасының аударылуы бойынша республикада 4 орынға орналасты.
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру, Жастар практикасы, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасы бағыттары бойынша төмен көрсеткіштер барын жасырмады. Облыс әкімінің орынбасары жоспарды тиісті деңгейде атқармаған Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, Отырар, Сауран аудандарының мәселелері жеке-жеке қаралып, кемшіліктерді түзетуге уақыт берді.
Мәжілісте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Казанкаповтың баяндама жасады. Биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 31 208 адамды жұмысқа жолдау жоспарланып, нақты 32 578 адам жұмыспен қамтылған. Жаңа және бос жұмыс орындары бойынша 39,1 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ұлттық жобалар аясында 2024 жылы 397 жобаны жүзеге асыру жоспарланса оның 362-сі орындалған. 3671 жаңа жұмыс ашу межеленіп, 3106 азамат жұмысқа орналасты.
Бұдан бөлек, «Жастар практикасы» және «Күміс жас» жобалары, қоғамдық, әлеуметтік және алғашқы жұмыс орындарымен жергілікті тұрғындарды қамту, пробация есебінде тұрған немесе бас бостандығынан айырылған, тұл жетімдер мен мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бойынша аудан, қалалардағы жұмыстар сараланып, индикаторлардың орындалуы қаралды.
Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатының нысаналы жұмсалуына тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 2023 жылы грантпен қамтылған 23 азаматтың қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, мемлекетке қайтару бойынша сот шешімі шықты. Қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Ал ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жіберілген 575 азаматпен еңбек тәртібін сақтамағаны үшін келісімшарт біржақты тоқтатылды. Субсидияланған жұмыс орындарына жолданған 2517 азаматпен де келісімшарт үзілді.
Бейсенбай Дәулетұлы «Мансап» орталықтарындағы кадрлардың біліктілігін арттыруға аса мән беруді, жұмысты жандандыру бойынша ұсыныс-пікірлерге ашық екенін жеткізді. Жоспарды тиісті деңгейде орындамаған жауапты басшыларға сын айтып, кемшіліктерге жол бергендерге тиісті шара көрілетінін ескертті.
Сөз соңында еске салайық, 2024 жылдың қараша айында Электрондық еңбек биржасында 96,9 мың бос жұмыс орны және 91,7 мың түйіндеме жарияланды, яғни жұмыс берушілердің де, ізденушілердің де белсенділігі құлдырау динамикасын жалғастырды. Қазан айымен салыстырғанда бос орындар саны 22% — ға (26,7 мыңға) азайды, ал түйіндеме саны 14% — ға (14,3 мыңға) азайды.
Ал 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 627,6 мың қазақстандық қатысты. 496,2 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 311,1 мыңы тұрақты жұмысқа орналасған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.