Түркістан облысы: Биыл Созақ ауданының Тасты ауылынан жабық үлгідегі футбол алаңын салу үшін тиісті сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Тасты ауылдық округінде болып, белгіленген кестеге сай тұрғындармен кездесуінде осындай ақпаратпен бөлісті. Жиын барысында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды тарқата баяндап, келелі жоспарларын ашық айтты. Округ тұрғындарымен алдыңғы өткізген есептік жиын барысында көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталды.

— Біз сіздермен нақты жоспарға сәйкес жұмыс жүргізу үшін кездесіп отырмыз. Алдарыңызға келіп, кездесудегі мақсатымыз — өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастыру. Бұған дейін айтылған барлық ұсыныстарыңыз назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылды. Биыл Тасты ауылынан жабық үлгідегі футбол алаңын салу үшін тиісті сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде. Сейфуллин, Наурыз және Амангелді көшелері ағымдағы жөндеуден өтіп, Қылти елді мекені аралығындағы жолға асфальт жабындысын төсеу жұмыстары басталады. Бұған қоса демеушілер есебінен Момышұлы, Иманов және Жамбыл көшелеріне түнгі жарықшамдар орнатылып, ауыз су мөлшерін арттыру мақсатында қосымша ұңғыма құдық қазылуда. Біз мұнымен шектеліп қоймаймыз. Келер жылға да нақты жоспарларымыз бар. Осылайша түйіткілді мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, тиісті жұмыстарды атқарамыз, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Спорт демекші, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы (2022 жылдан өтпелі) құрылысы басталып, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары (сыртқы инженерлік желілері)  аяқталып, қабылданды.

Қаратау ауылындағы жабық кіші футбол алаңының 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.

2023 жылы Шолаққорған ауылынан заманауи спорттық сауықтыру кешені құрылысы басталды.  Нысан 2024 жылға өтпелі.

 «Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» 2023 жылы 4 желтоқсанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды.

Биыл құрылыс жұмыстарын бастауға бірнеше жобаларға қаржы қарастырылды. Атап айтар болсақ:

«Түркістан облысы Созақ ауданының Құмкент ауыл округі Жылыбұлақ каналын салу» жобасы.

«Қаратау елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» басталды.

«Қарақұр елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» жобаның құны – 303,2 миллион теңге. 2023 жылға 1,0 миллион теңге қаралып, игерілді. Нысан 2025 жылға өтпелі.              

«Жуантөбе елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы». Нысан 2025 жылға өтпелі.

 Шолаққорған ауылындағы «Астана» мөлтекауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізуге оң сарапта қорытындысы алынды. Нәтижесінде жер кезегінде тұрған 435 адам тұрғын үйге жер телімдерін беруге мүмкіндік болады.

Ал 2024 жылдың 3 айындағы мәліметтерді сөйлетсек, Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда.

«Қарақұр ауылдық округі аппараты әкімшілік ғимаратының құрылысы» нысаны 2023 жылдан өтпелі болып іске асырылуда. Нысанды биыл аяқтау жоспарлануда және Қарақұр ауылында кіші жабық футбол алаңының құрылысы басталуда. Бұл нысан да биыл аяқталады.

Аудан бойынша спорт саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктер жоқ емес. Аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 198 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. 2023 жылы 5 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қаратау ауылынан жабық кіші футбол алаңы, Созақ ауылынан 1000 орындық жаңа стадион, демеушілер есебінен Шолаққорған ауылының С.Әбуов және А.Спатаев көшелерінен балалар ойын алаңшалары мен кіші футбол алаңы және Шу ауылынан баскетбол, волейбол алаңшасы мен «Street workout», балалар ойын алаңшасы, Қаратау ауылдық округіндегі Саржаз елді мекенінен кіші футбол алаңшасы пайдалануға беріліп, Шолаққорған ауылының Түркістан бағытына қарай тас жол бойынан республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жыл соңына дейін құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысы төселді. 2023 жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде елді мекеннің жолдары 100% асфальт жолмен қамтылды.

Бұл ретте 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді тілге тиек етсек. 2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 16,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 19,7 шақырымдық 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Созақ ауданы көлемінде көшелерді жарықтандыру бойынша тәп-тәуір тірлік атқарылған. 2023 жылы аудандық бюджет есебінен 10 елді мекеннің (Шолаққорған, Жартытөбе, Созақ, Сызған, Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе, Құмкент, Қыземшек, Таукент) көшелері жарықтандырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді сараласақ, 2024 жылы жыл басында аудандық бюджет есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 10 ауылдық округке (27 көшеге) (Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент) көше жарықшамдары орнатылды.

Сондай-ақ санитарлық тазалыққа қатысты шараларға тоқталып, округ әкіміне жол белгілері мен ауыл ішіндегі электр бағаналарын сырлау сынды бірқатар міндеттер жүктеді.

Жиында тұрғындар атқарылған жұмыстарға алғыс айтып, жеке мәселелері бойынша да жүгінді. Сала мамандарына көтерілген мәселелердің шешу жолын заң аясында қарастырып, тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.

Еске салайық, Тасты ауылдық округінің құрамына Қылти, Тасты ауылдары кіреді. Орталығы – Тасты ауылы. Аудан орталығы – Шолаққорған ауылынан солтүстікке қарай 176 шақырымдай жерде, Мойынқұм шөлі мен Бетпақдала жазығының аралығында, Шу өзені бойында орналасқан. Ауыл әкімдігінде 1 мектеп, 1 аурухана, фельшерлік-акушерлік тірек бар.

Тасты ауыл әкімдігі аумағында “Төртқұдық” уран өндіру кеніші орналасқан. Тасты кеңшары 1946 жылдан құрылған.

Кеңес өкіметі тұсында кеңшар директорлары болып Боранбаев, Қасқыров, Тыщенко (1946-1953 жылдары), Мәулен Қалмырзаев (1953-1958 жылдары), Қали Анарбаев (1958-1973 жылдары), Әбдіқадыр Әлтекенов (1973-1991 жылдары), Жақсылық Оспанов (1991-1992 жылдары), Сағынтай Мұсабаев (1992-1996 жылдары), Жүнісәлі Жұмабек (1996-1998 жылдары) қызмет атқарды.

Ал ауылдық кеңес төрағалары болып Нұртай Құтжанов (1958-1960 жылдары), Әбілдә Серіков (1960-1965 жылдары), Нұрман Сарсенбиев (1965-1968 жылдары), Басар Бектаев (1968-1974 жылдары), Жұманазар Жақсылықов (1974-1980 жылдары), Бахадүр Мырзатаев (1980-1987 жылдары), Есен Абдікаримов (1987-1994 жылдары) қызмет атқарған.

Ауыл әкімдері болып Жұмабек Жүнісұлы (1994-1996 жылдары), Амангелді Бектаев (1996-1997 жылдары), Жорабек Алпамысов (1997-2006 жылдары), Пардабек Сақтапбергенұлы, Манас Тлеулинов сынды азаматтар ауыл әкімі болып қызмет атқарды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin