Биыл Сызған және Басбұлақ елді мекендеріндегі су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, Қайнар елді мекені тұрғындарының сұранысына орай ішкі көшелеріне көше жарықшамдары орнатылады.
Дәл осылай Сызған ауылындағы Қ. Рүстемов көшесі де көше жарықшамдарымен қамтылып, жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын Қариғаш, Мектеп және Тастақ көшелері орташа жөндеуден өтеді. Жалпы, аудан бойынша көшелерді жарықтандыру бойынша көзге көрінетін тірлік байқалады. Мәселен, 2023 жылы аудандық бюджет есебінен 10 елді мекеннің (Шолаққорған, Жартытөбе, Созақ, Сызған, Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе, Құмкент, Қыземшек, Таукент) көшелері жарықтандырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді сараласақ, 2024 жылы жыл басында аудандық бюджет есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 10 ауылдық округке (27 көшеге) (Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент) көше жарықшамдары орнатылды.
Бұған қоса Сызған ауылынан заман талабына сай жабдықталған шағын футбол алаңының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, ауылдық округте жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық жобалар іске асырылмақ. Спорт саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктер жоқ емес. Аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 198 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. 2023 жылы 5 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қаратау ауылынан жабық кіші футбол алаңы, Созақ ауылынан 1000 орындық жаңа стадион, демеушілер есебінен Шолаққорған ауылының С.Әбуов және А.Спатаев көшелерінен балалар ойын алаңшалары мен кіші футбол алаңы және Шу ауылынан баскетбол, волейбол алаңшасы мен «Street workout», балалар ойын алаңшасы, Қаратау ауылдық округіндегі Саржаз елді мекенінен кіші футбол алаңшасы пайдалануға беріліп, Шолаққорған ауылының Түркістан бағытына қарай тас жол бойынан республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жыл соңына дейін құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Сызған ауылдық округі тұрғындарымен өткен есептік жиында баяндады.
Сонымен қатар, КХ-110 “Мардан-Қозмолдақ-Сызған” облыстық автомобиль жолының 0-13,3 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын бастауға қажетті қаржы алдағы болатын бюджеттік нақтылауға ұсынылатынын айтып өтті.
«Ауыл — Ел бесігі» жобасы шеңберінде атқарылған шаруаларға тоқталсақ. Жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысы төселді. 2023 жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде елді мекеннің жолдары 100% асфальт жолмен қамтылды.
Бұл ретте 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді тілге тиек етсек. 2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 16,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 19,7 шақырымдық 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.
Жиында тұрғындар алдыңғы кездесулерде айтылған өтініштерінің аяқсыз қалмай, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Бұл үшін алғыстарын жеткізіп, бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады. Аудан басшысы айтылған әрбір мәселені назарға алып, заң шеңберінде жауаптар берілді. Шешуге мүмкіндік беретін ұсыныстарды жауапты мамандармен бірлесе талқылап, нақты тапсырмалар жүктеді.
Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзахмет Жылысбаев ақ батасын арнап, аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Аталмыш ауылдық округтің құрамына Босбұлақ, Қайнар, Қозмолдақ, Сызған ауылдары кіреді. Орталығы – Қозмолдақ ауылы. 3 орта мектеп, 1 емхана, 3 фельдшерлік-акушерлік тірек, 1 ауылдық клуб, 1 кітапхана, 1 «Қазпошта» бөлімшесі, байланыс бөлімшесі, телестанция бар.
Сызған ауылдық кеңесі төрағалары болып Маржангүл Шайменова 1940 жылға дейін, Нұртай Құтжанов (1962-1967 жылдары), Мамық Сарыбаева (1967-1971 жылдары), Әпен Арыстанов (1971-1978 жылдары), Әйнекеш Әбдіхасов (1978-1989 жылдары), Қасыбек Төрәлиев (1989-1993 жылдары) қызмет атқарды. Ауыл әкімдері Қасыбек Төрәлиев (1993-1995 жылдары), Есім Әметов (1995-1996 жылдары), Төлен Исатаев (1996-2002 жылдары), Нұржан Бектаев (2002-2004 жылдары), Болат Айдарбеков (2004-2004 жылдары) болды. Аманбай Иманбайұлы 2004 жылдан ауыл әкімі болды. Қазір Нұртан Қайырқұл басқарып отыр.
“Сызған” кеңшарының директоры болып Сағындық Садықов (1962-1966 жылдары), Батырхан Жаппарбеков (1966-1981 жылдары), Жұмаділдә Ерінбетов (1981-1986 жылдары), Сәкен Асылбеков (1986-1994 жылдары) қызмет атқарды.
Қосмолдақ атындағы колхозда Мекебай Қожабеков (1936-1940 жылдары), Шынар (1940-1944 жылдары), Әштархан (1944-1946 жылдары), Айдарбек Болатбеков (1946-1950 жылдары), Тайлақбай (1950-1954 жылдары), Әбілқайым Бөлетов (1954-1962 жылдары) төраға болып қызмет атқарды. Молотов атындағы колхозда Байжан Жарылқанов (1936-1940 жылдары), Түсінәлі Бегайдаров (1940-1944 жылдары), Байжан Жарылқанов (1944-1946 жылдары), Шабақ (1946-1948 жылдары), Қуаныш Ысқақов (1948-1950 жылдары) қызмет атқарды. Алмалы атындағы колхозда Досжан (1936-1940 жылдары), Есім Көлбаев (1940-1944 жылдары), Мейірбек Нұртанов (1944-1949 жылдары) қызмет атқарды. Тегістік атындағы колхозда Пәрін (1936-1940 жылдары), Бекболсын Отаров (1940-1944 жылдары), Намазбай (1944-1949 жылдары) секілді азаматтар басшылық қызмет атқарды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.