Түркістан облысы: Биыл отырарлық диқандар жаз айларында су тапшылығының салдарынан бос жатқан 160 гектар алқапқа түрен салып, күзгі бидай екті

Аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың халықпен кездесуі Қарғалы және Темір ауыл округтерінде жалғасын тапты. Алдымен Қарғалы ауылындағы егістік алқапта болып, бидай егуді қолға алған шаруалардың жұмысымен танысты.

Жалпы, биыл отырарлық диқандар жаз айларында су тапшылығының салдарынан бос жатқан 160 гектар алқапқа түрен салып, күзгі бидай еккен болатын. Күзгі және көктемгі мезгілдегі мол ағын суды тиімді пайдаланған «Біржан-2» ЖШС, «Ақсақал», «Сағындық-М», «Әшірбай» шаруа қожалықтары аңқасы кепкен даланы жасыл желекке бөлеп, мол өнім алуды көздеп отыр. Қазіргі таңда техникалардың дайындығын пысықтаған диқандар алдағы 1 ай көлемінде егінді толық жинап бітіреді деген болжам бар. Аралау барысында аудан басшысы тың тәжірибені аудандағы өзге ауыл округтерінің диқандары да қолға алу керектігін айтып, бұл жоба аймақтағы су тапшылығын жоюдың ең тиімді әдісі болатынын атап өтті.

Расында да, соңғы жылдары таулы аймақтардағы мұз бен жауын-шашынның түсу деңгейінің аздығынан Отырар ауданында ағын су жетіспеушілігі орын алып жатыр. Ауданға қарасты Қарғалы ауыл округіндегі диқандардың қауын, жүгері, жоңыршқа алқаптары ағын судан тапшылық көрді. Осы жағдайларды ескере отырып, Отырар ауданының әкімдігі суды көп қажет етпейтін және ғылыммен негіздемесі нақтыланған өнім түрлерін өсіруді ұсынып отыр.

Әсіресе, Алтынбеков каналының бойындағы Қарғалы мен Отырар ауылдарының диқандары жаз айларында судан тапшылық көреді. Енді осы мәселені шешу үшін ауыл тұрғындары суды көп қажет ететін бақша дақылдарын емес, күздік бидай егуді қолға алып отыр. Жаңа жоба қалай жүзеге асып жатыр? Бидайдың шығымы қалай? Дәл қазір бидай егіліп, жайқалған жасыл алқап өткен жылы бос жатқан болатын. Ешкім ештеңе екпейтін. Себебі жаз ортасында арықтардың аңқасы кеуіп, егістікке су жетпей қалады. Диқандар да тәукелге бара бермейді. Аузы күйген ауыл тұрғындары ақылдаса келе, бұл жерге күздік бидай егуді жөн деп тапқан. Қарғалы ауылының тұрғыны Аманкелді Байкеевтің айтуынша, егін суғаратын көктем мен күз айларында мұнда су мол болады. Шаруалар бидайды алғаш рет егіп отырса да, егін бітік шыққан. «Бізге шығымы жақсы сияқты. Бидай көрмегенбіз ғой. Балалар жақсы дейді. Құдай қаласа, жаман өнім болмайды. Судан қысылған жоқпыз, ертеректе суарып алдық сәуірдің ішінде. Қазір енді егін орағына дайындалуымыз керек. Бір айдың ішінде піседі» — дейді ол.

Былтыр күзде Қарғалы ауылындағы 8 шаруа бір кооперативке бірігіп, 30 гектар жерге бидай еккен. Оны көрген көршілес Отырар ауылының диқандары да 130 гектарға дән сеуіпті. Қазір егін жайқалып тұр. Мұны көрген басқа шаруалардың бидай егуге қызығушылығы артқан. Сөйтіп, бұған дейін бақша дақылдарын егіп келген диқандар енді күздік бидай егуді қолға алып отыр.

Отырар ауданының шаруалары ағын суды Сырадия өзенінен Алтынбеков каналы арқылы алады. Қарғалы мен Отырар ауылы каналдың ең төменгі бөлігінде орналасқандықтан, жаз айларында су жетпей қалады. Мамандар бұл жоба су тапшылығын жоюдың ең тиімді жолы екенін айтады. Әрі алғаш рет егіліп отырғандықтан, шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілген. «Ұрық тауып беру бойынша біз ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауыл әкімдігі түгелімен көмектесті. Қазіргі таңда 160 гектар жерге егіс, бидай егілді. Егіс жаман емес. Алдағы келесі айда егіс жинау науқаны басталады. Комбайнмен уақытында көмектесеміз деп шаруаларға біз өзіміз уәде бердік» — дейді Отырар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бекжан Кенжеғұлов.

Су тапшылығына байланысты ауданда игерілмей жатқан 800 гектар жер бар. Биыл соның барлығына егін егу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Отырар мен Қарғалы ауылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына енген. Енді ауыл ақсақалдары аудан әкіміне 2,5%-тік несиені диқаншылықпен айналысатын жастарға берсе деген ұсыныспен шыққалы отыр. Егер қолдау тапса, онда егіс көлемін мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік болмақ.

Жалпы, Отырар — Түркістан облысы Отырар ауданы, Қарғалы ауылдық округі құрамындағы ауыл. Ауыл орталығы Шәуілдір ауылынан солтүстікке қарай 15 шақырым жерде, ежелгі Отырар қаласының солтүстік-шығысында орналасқан.

1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 1366 адам (717 ер адам және 649 әйел адам) болса, 2009 жылы 1354 адамды (722 ер адам және 632 әйел адам) құрады.

Отырардың екі мың жылдық тарихы бар. Мұнда VI-X ғасырда шағын қала болған. Ежелгі Отырар қаласы арқылы өтетін Жібек жолының бір тармағы осы жермен өткен. Қазіргі Отырар ауылының іргесі 1933-1934 жылдары қаланған. Бұрынғы қоныстан Арыс өзенінің батыс жағындағы Көкмардан төбесіне көшірілген. 1945 жылы Отырар ауылы деп аталады. 1931 жылы алғашында қой өсірумен айналысатын «Отырар» ұжымшары құрылды. 1963 жылы Арыс 60 жылдық атындағы мал өсіретін кеңшардың бөлімшесі болды. 1996 жылдан мақта, жүгері, мал азықтық және бақша дақылдарын өсіретін шаруа қожалықтары жұмыс істейді.

Ауыл маңында «Құланның» құмы атты кен орны орналасқан. Кен орнынан Шымкент, Арыс, Түркістан қалаларының емдеу орындарына осы жердің балшығы тасылады. Орта мектеп, фельдшер-акушерлік пункт, кітапхана, клуб, пошта жұмыс істейді. Ауыл маңында Қоңыртөбе, Мәслихаттөбе, Жалпақтөбе атты ежелгі тарихи-археологиялық орындар қирандысы сақталған. Отырардың шығысынан 2 километр жерден Ташкент—Орынбор темір жолы өтеді. Отырар аудан аумағындағы алғашқы бастауыш мектеп 1931 жылы ашылған. Алғашқы директоры — А. Оспанов. 1968 жылдан орта мектеп ретінде оқушыларды қабылдай бастаған.

Ал Қарғалыға келсек, Түркістан облысы Отырар ауданындағы ауыл, Қарғалы ауылдық округі орталығы.

Аудан орталығы — Шәуілдір ауылынан солтүстікке қарай 9 шақырымдай жерде, Шәуілдір каналының бойында, жазықта орналасқан.

1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 941 адам (461 ер адам және 480 әйел адам) болса, 2009 жылы 933 адамды (466 ер адам және 467 әйел адам) құрады.

Негізі 20-ғасырдың 60-жылдарының басында қаланды. 1996 жылға дейін «Қазақ КСР-нің 30 жылдығы атындағы ауыл» деп аталып келген.

Аталмыш екі ауыл «Ауыл аманаты» жобасына енгендіктен, Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын үйлестіру жұмыстары әлі де сылбыр екендігін айтпай өтуге болмас. Осы жобаға қатысты басқармалар, қаржылық мекемелер, «Ырыс» қаржы ұйымы, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, әкімдер, кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталықтары жұмысты жандандыруы тиіс. Әрбір аудан және ауылдық округ әкімдеріне үлкен жауапкершілік пен ізденіс, еңбекқорлық керек.

«Ауыл аманаты» жобасы бойын­ша баяу қимылдап, көш соңында қалған аудан әкімдерінің, жауапты басқармалардың жұмы­сын сынға алған облыс әкімі Дар­хан Сатыбалды аппарат­тың апталық отырысында қара­жат­тың тиімді жұмсалуын тап­сыр­ды. «Ауыл аманаты» жоба­сын іске асыруда жеке қосал­қы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға ба­сым­дық беріледі. Жобаны жүзеге асыруға барлық ауылдық округ­терде скрининг жұмыстары жүргізіліп, бірінші кезекте жо­баға қатысатын 16 ауданнан 32 ауылдық округ, 44 кооператив анықталып, әлеуетті несие алушылардың тізімі жасақталды. Бүгінде 425 жоба қабылданып, 1,1 млрд теңгеге 236 жоба ма­құл­данған, қаржыландыру жұ­мыстары жүргізілуде. Несие қар­жысын таратушы ретінде сенім білдірген өкіл деп «Түр­кістан ӘКК» АҚ танылды. Жал­пы құны 7,3 млрд теңге болатын 847 өтінім қабылданып, оның ішінде 312 өтінімінің, яғни 2,6 млрд теңгенің құжаттары мақұлдау сатысында. Жоба аясында жалпы 4 000 бірлікке жуық микрокредит беріледі. Нәтижесінде, 5 200 жаңа жұмыс орыны құрылып, өңірдегі 8 451 АӘК алушы отбасы санын 30%-ға төмендету жоспарлануда. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен жыл басында 11 млрд теңге, наурыз айында республикалық бюд­жетті нақтылауда қосымша 8,9 миллиард теңге қарастырылып, жалпы 19,8 миллиард теңге бөлінді. Несиелендірудің өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, кооперативтерді жаб­дықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашу сынды 6 бағыты таңдалған. Соған сәйкес 90% өтінім мал шаруашылығы саласын дамыту бағытында өткізілген немесе 425 жобадан 380 жоба мал шаруашылығы, 40 жоба егін шаруашылығы, 5 жоба балық шаруашылығын дамытуға бағыт­талып отыр.

Сондай-ақ өңірде инвес­ти­циялық жобалардың жүзеге асырылуы қатаң бақылауға алын­­­ған. Инвесторлардың жер­гі­лікті әкім­діктерге қояр талап­тары да жоқ емес. Мысалы, Бәйдібек ауда­нын­да мырыш өндіру жә­не байыту жобасын бірлесіп іске асыру үшін «United gold» ЖШС Түркияның «Tekşan Madencilik» компаниясымен келісімге келген. Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму министрлігі мен жоба бастамашысы арасында «Бесағаш-1» кен орнын барлауға келісімшарт бар. Жобаның жалпы құны – 1,8 миллиард теңге жүзеге асса, 200 адам жұмыспен қамтылады. Бұл орайда инвестор 4 шақырым жерге электр желісін тарту қажеттігін айтып отыр. Ал «Ernur» ЖШС жұмыртқа, тауар­лық құс еті және шұжық өнім­дерін өндіретін құс фабрикасын салуға Бәйдібек ауданында жер учаскелері қарастырылып жатыр. 2023-2026 жылдары аралығында жүзеге асатын жо­баның құны – 15 миллиард теңге, 50 адам жұмыспен қамтылмақ. Жобаны іске асыру үшін 40 гектар жер мен электр қуаты қажет. Инвестициялық штаб отырысында «SIPtechnology» ЖШС Түркістан қаласындағы Арнайы экономикалық аймақта коттедж қалашығын салуға ниетті екенін білдірсе, облыс орталығында «Chery» автокөлік маркасының дилерлік орталығын салу мәселесі де көтерілді. «Саяхат Моторс – Түркістан» ЖШС өкілінің айтуынша, құны 1 миллиард теңге болатын жоба жүзеге асса, автомобиль орталығында 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеп, биоэтанол шығару жобасы жүзеге асырылмақ. «Otyrar Bio Tech» ЖШС атқаратын жүгеріні терең өңдеу жобасының құны – 72 миллиард теңге. 2025 жылға қарай ашылатын зауытта 154 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Сайрам ауданында «Capable group» Мүгедектер қоғамы» жылына 100 миллион дана жөргек шығаратын цехын іске қосқан. Қазіргі уақытта жобаның бас­тамашысы қосымша 3 өндіріс желісін іске қосумен өндірістік қуаттылықты кеңейтуді көздеп отыр. Бұл ретте жобаның бастамашысы 3 миллиард теңгеге жабдық сатып алу мәселесі бойынша «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландыруға қатысты келіссөздер бастаған. Жалпы құны – 8 миллиард теңге. Жобаның жылдық қуаты – 350 миллион дана. Аталған жобаны жүзеге асыру барысындағы инфрақұрылымға қатысты мәселелер де ашық айтылып, ұсыныстар берілді. «Бес қара» ЖШС Сарыағаш ауданында 4 ірі жобаны жүзеге асыруға ниетті. Құс етін дайындау және сою бекеті жобасының құны – 700 миллион теңге, 25 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда жаңа құрылғылар сынақтан өткізілуде. Ал ірі қара мал үшін бордақылау алаңын 2 500 басқа кеңейту жобасы биыл күзде жүзеге аспақ. Жоба бойынша жер анықталып, құрылысы басталған. Аталған инвестор мұнымен тоқтамай, 20 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңын да салмақ. Жоба құны – 500 миллион теңге. Жоба 2024 жылға қарай жүзеге асады. Сонымен бірге «Бес қара» ЖШС арнайы мал сою бекетін ашып, етті шетелге экспорттамақ. «Ет Агро-Манкент» компаниясы Сайрам ауданынан 5000 басқа арналған бордақылау алаңын, етті терең өңдеу кешенін, сою бекетін салуды қолға алып отыр. Жоба жүзеге асқанда жаңа 100 жұмыс орны ашылады. Жер, несие және газбен қамту мәселесі бар. Бұл орайда жаңа жобалар, ізденістер аз екенін айтқан облыс әкімі индустриалды аймақтардың бәріне ревизия жасап, мәселелерді зерделеуді, инвесторларға жағдай жасап, кәсіпорындарды көбейтуді тапсырды.

Естеріңізде болса, биыл ауданға сапары барысында өңір басшысы Дархан Сатыбалды: «Бұл аймақ Түркістан қаласымен бірге дамиды. Туристік әлеуеті өте жоғары. Қасиетті Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы және өзге де тарихи орындар саяхатшыларды қызықтырады. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек. Әсіресе, инвестиция тарту, кәсіпорындарды көбейту жұмыстарын күшейту маңызды. Алдағы екі жылда ауданда 16 миллиард теңгеге 9 инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Оның ішінде ірілеріне тоқталып өтсем, «Arm Wind» серіктестігінің қуаттылығы тәулігіне 50 мВт-ты құрайтын күн электр станциясы салынып жатыр. Балық шаруашылығына қажетті құрама жем шығару жобасы да маңызды. Жоба құны – 1,2 миллиард теңге. Сонымен бірге құны 1,1 миллиард теңгелік «Ontustik Altair» 400 ірі қара малға арналған сүт фермасы және жем шығару цехы да іске қосылады деген жоспар бар. Ауданды дамыту жұмыстары жалғасады. Бұл ретте сіздер де сол жұмысты қадағалап, назарда ұстауларыңыз керек. Мәселелерді ақылдасып шешуге дайынбыз», – деген-ді.

Кездесуде тұрғындар тарапынан түрлі бағытта сұрақтар қойылды. Инфрақұрылым, ауыз су, жол салу, шіркейден залалсыздандыру, жердің құнарын арттыру және өзге де түйткілдер тарқатылды. Осы күні өңір басшысымен бірге құқық қорғау орган жетекшілері мен басқарма басшылары да бірыңғай қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Тұрғындар құзырлы орган басшыларымен еркін пікір алмасып, көкейдегі сауалдарын қойды. Бірқатарының шешімі сол сәтте айтылса, басқа өтініштер назарға алынды.

Былтырғы кездесу нәтижесі бойынша ауданда біраз өтініш орындалған. Бірқатарына тоқталсақ, Отырар ауданының зейнеткерлері аудан орталығында ардагерлерге арналған демалыс орнын ашу мәселесін көтерген болатын. Шәуілдір ауылындағы бұрынғы қонақ үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, былтыр қыркүйек айында ардагерлерге арналған демалыс орны пайдалануға берілді. «Шәуілдір-Көксарай» жолын жөндеу бойынша өтініш айтылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Талапты ауылының тұрғындары табиғи газды тезірек беру мәселесін көтерген болатын. Желтоқсан айынан бастап Талапты ауылы табиғи газға қосылған.

Өткен жылдың қорытындысымен Отырар ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 18,8 миллиард теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 4 миллиард теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 25 миллиард теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 8 миллиард теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 35,5 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы жылдың көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан ауданға төмендетілген бағамен 2 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінді. Балтакөл, Қарғалы ауыл округтерінде биыл «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып, жеңілдетілген несиелер берілмек.

Шәуілдірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орынды жаңа мектептің кұрылысы жоспарлануда. Талапты ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияны салуға қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Маяқұм, Отырар, Аққұм, Сарыкөл елді мекендерінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 70 миллион теңге қаралды. Табиғи газ жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында Қарғалы, Арыс, Шойманов, Көкмардан, Шытты, Сырдария, Сарыкөл елді мекендерін газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы Ақтөбе, Ақкөл, Арыс, Отырар, Көксарай, Қоғам, Ынталы, Көкмардан елді мекендерінде 14 көшені орташа жөндеу жұмыстарына 518 миллион теңге бөлінген. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

103 Comments

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.