Шымкент қалалық ЖИТС орталығының жұмысы жоғары бағаланды

Алматы қаласында Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы мен Жаһандық қор бірлесіп, «Өмір үшін бірлік» атты АИТВ саласындағы медициналық мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың әріптестік диалогын ұйымдастырды.

Кездесу барысында сарапшылар АИТВ инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу шараларын, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады.

ҚДИАҒО директоры Роза Қуанышбекова өз сөзінде: «Тек ашық диалог пен ресурстарды біріктіру арқылы ғана біз АИТВ инфекциясының таралуына тиімді қарсы тұрып, пациенттердің өмір сапасын жақсарта аламыз. Бүгінде елде ЮНЭЙДС-тің “95–95–95” стратегиясы аясында нақты нәтижелер бар: АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 87%-ы өз мәртебесін біледі, олардың 89%-ы антиретровирустық терапия қабылдайды, ал ем алып жүргендердің 92%-ында вирустық жүктеме басылған», – деп атап өтті.

Диалог алаңында тестілеуді кеңейту, үздіксіз терапиямен қамтамасыз ету, емге бейілділікті арттыру және стигманы төмендету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін барлық тараптардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара барлық мүдделі тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіруге, тәжірибе алмасуға және әріптестікті дамытуға мүмкіндік беретін тиімді платформаға айналды.

Іс-шара қорытындысында Шымкент қаласының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы ұжымының кәсібилігі, халық денсаулығын қорғаудағы жауапкершілігі және профилактикалық шараларды күшейтуге қосқан үлесі жоғары бағаланды. Орталық Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы тарапынан жоғары алғысқа ие болды. Бұл марапат – үкіметтік емес ұйымдармен тиімді серіктестік орнатып, Қазақстанда АИТВ инфекциясының алдын алу бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізудің айқын дәлелі. Аталған жетістік Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласындағы тұрақты дамуы мен сапалы қызметінің нақты көрсеткіші болып табылады.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You