![](https://anyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/индус-880x528.jpg)
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, индустриалды аймақтарды дамыту және көбейту жұмыстар жалғасып жатыр. Өңірде 1 700 гектардан тұратын өңірлік маңызы бар 14 индустриалды аймақ болса, оның ішіндегі 5-еуі соңғы 1 жылдың ішінде құрылды. Сонымен қатар Арыс қаласындағы «Мега-Агат» және Ордабасы ауданындағы «Бөкей» компанияларының ұсыныстары бойынша 2 жеке индустриалды аймақ құрылып, жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылған индустриалды аймақтардың саны 16-ны құрап отыр. Ол өндірістік аймақтарда бүгінгі күнге 120 млрд теңгені құрайтын 82 жоба жүзеге асырылып келеді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров индустриалды аймақтардың жұмысын жандандыру, жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде мәжіліс өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады. Жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
– Өңірде жаңадан құрылған және енді ашылатын индустриалды аймақтарды қажетті жермен, инфрақұрылыммен қамту жұмысын жүргізіңіздер. Жұмыс істеп тұрған индустриалды аймақтарға жаңа инвесторлар тартып, жобаларды көбейту маңызды. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Жаңаша көзқарас, ізденіс, зерделеу жұмыстары қажет. Жерді алып, жұмысын бастамаған кәсіпкерлермен келісімді тоқтатып, жерді қайтару керек. Индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру, ретке келтіру мәселесі де назарда болсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов осы салада атқарылған жұмыстарды, көрсеткіштерді баяндады. Жаңадан ашылған және ашылуы жоспарланған индустриалды аймақтарды газ, электр, су және өзге де инфрақұрылыммен қамту, жер телімін алу мәселелері туралы айтты. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан және қала әкімдіктері жаңадан құрылатын индустриалды аймақтар бойынша ұсыныстарын берді. Жер телімдері инфрақұрылым нүктелеріне жақын орналасқан.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы өндірістік аймақтардағы жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларына жұмылдырылған. 2024 жылы Өңірлік үйлестіру кеңесі тарапынан 18 инвестициялық жоба мақұлданып, индустриалды аймақтарға енгізілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.