Түркістан облысы: Бөгенде дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр

Бұл туралы аудан әкімі Азат Оралбаев Бөген ауылдық округінің тұрғындарымен болған кездесуде мәлімдеді.

Өткен жылы өткен есепті кездесулерде бөгендіктермен бас-аяғы 11 мәселе көтерілген. Екеуі шешімін тапса, қалғандары орындалу үстінде.

Мәселен, алдыңғы кездесуде тұрғындар аудан басшысынан Бөген ауылындағы «Ақалтын» көшесіне жарықшамдар орнатуды сұраған. Нәтижесінде, жергілікті бюджет есебінен қаржы қаралып, жарықтандыру құралдары орнатылған.

Сондай-ақ тұрғындардың Бөген ауылындағы мәдениет үйінде түрлі үйірмелерді ұйымдастыру мәселесі де шешімін тапты.

Қазіргі таңда онда 3 үйірме (Домбыра, Асыл әжелер, Эстрада) жұмыс істейді. Оларға 50 адам қатысуда.

Аудан әкімі ағымдағы және алдағы жылдары Бөген ауылдық округінде қолға алынатын жұмыстарды баяндады. Соның бірі, Бөгенде дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Нысан “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылатын болады.

Бұл ретте атап өтерлігі, Қараспан ауылдық округіндегі Төреарық ауылында фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Төреарықтықтардың қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ардагерлер кеңесінің Бостандық Жәкей арнайы қатысып, сөз сөйледі. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындардың қуанышына ортақтасып, жүрекжарды құттықтауын жеткізді.

— Құрметті ауыл тұрғындары!

Сіздер бұл қуанышты күнді көп күттіңіздер. Бүгін, міне, барлық жағдайы жасалған, заманауи үлгідегі медициналық нысанның ашылуына куә болып отырсыздар.

Сіздерді шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Нысан Төреарық ауылының тұрғындарына сапалы, тиімді медициналық көмек көрсетеді деп сенемін. Денсаулығына жиі шағымданатын тұрғындар үшін бұл — үлкен қуаныш. Енді кез келген мәселе бойынша алысқа бармай-ақ, жергілікті медпункт мамандарына жүгіне аласыздар, — деді аудан әкімі.

Фельдшерлік-акушерлік бекетте фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі бар. Жалпы, ауданда бас-аяғы 51 емдеу мекемесі бар болса, оның 38-і фельдшерлік-акушерлік бекет саналады. 2023 жылы 5 фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы екеуі ел игілігіне табысталды.

 Одан бөлек, Кемер елді мекеніндегі Береке, Бірлік, Ынтымақ көшелеріне жарықтандыру құралдарын орнату көзделіп отыр.

Кездесудің соңы сұрақ-жауап форматына ауысып, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша, атап айтар болсақ жарық, жол, газдандыру бағыттарында сауалдарын қойды. Әрбір сауалға жауаптар берілді және олар хаттамаға түсірілді.

Орайы келгенде атап өтер тағы бір жайт, аудан әкімі Азат Оралбаев Бөген ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, балық өсіруді қолға алған кәсіпкерлер Қалдыбек Сағымбайдың және Мағжан Әмзебаевтың шаруашылықтарында болды.

Қалдыбек Сағымбайдың “Нұрсұлтан” шаруа қожалығының аумағы 3,2 гектарды құраса, оның 1,2 гектар жеріне тоған қазылған. Онда 16 мыңға тарта шабақ жіберіп отыр. Шаруа алдағы уақытта “Ауыл аманаты” жобасына қатысуға ниетті. Сол арқылы 0,8 гектар жерге тоған қазып, балық басын ұлғайтуды көздеп отыр. Осылайша ол жылына 30 тоннадан астам балық өсіруді жоспарлауда.

Аудан әкімінің екінші аялдаған шаруашылығы жеке кәсіпкер Мағжан Әмзебаевқа тиесілі. Оның шаруашылығының негізі осы жылы қаланып, қазіргі таңда 0,7 гектар жерде қазылған тоғанға 5 мың дана шабақ жіберілген. Кәсіпкер алдағы уақытта “Ауыл аманаты” жобасына қатысып, тоған аумағын ұлғайтуды және балық санын көбейтуді жоспарлауда. Сол арқылы жылына 10 тонна балық өсіруді көздеп отыр.

Айта кету керек, биыл ауданда “Ауыл аманаты” жобасының үшінші кезеңіне Бөген, Қажымұқан, Шұбарсу және Төрткүл ауылдық округтері еніп отыр. Оларда көкөніс, құс, балық және мал шаруашылықтары қолға алынбақ. Жалпы жобаға 410 адам қатысып, 400-ден астап жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin