Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті көшпелі мәжілісін Сарыағаш ауданында өткізді. Шипажайы мен құнарлы жерімен, еңбекқор тұрғындарымен әйгілі аймақтың өткір мәселелерін ашық талқылап, ауданды дамыту жөнінде кеңесті. Өз саласы бойынша индикаторларды орындай алмай жүрген басшылар мен жауаптыларға жұмысты сапалы атқару керектігін айтты.
– Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді. Сол жиында басшыларға, мемлекеттік қызметшілерге нақты міндеттер жүктеді. Күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелей, мемлекетшіл-реформатор болуды, аймақтарды жан-жақты дамытуды тапсырды. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізу, инфрақұрылымды одан әрі дамыту, өндіріс орындарын ашу керектігін айтты. Облысымызда осы бағыттар бойынша жұмысты жандандыруымыз керек, – деген Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданының ерекшелігіне тоқталды.
– Сарыағаш – туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Мұндағы шипажайлар, минералды су бүкіл Қазақстанға әйгілі. Сондықтан жауапты басқармалармен бірлесіп, туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан әкімі жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар бар. Аудан әкімдігі бұл мүмкіндіктерді толық пайдалана алмаған. Осы бағытта жұмысты күшейту керек. «Жұмыс істеп жатырмыз» деген сырғытпа есеп пен көзбояушылық емес, нақты іс керек. Сарыағаш – көрші мемлекетпен шекаралас аудан. Сауда-саттықты, өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндіктер мол. Бірақ тамақ өнімдерін өндіру, туризм саласына тартылған инвестициялардың көлемі бойынша жоспарлар былтыр орындалмаған. Елді-мекендердің айналасы күл-қоқысқа тола. Тазалық бойынша жұмыс күшейтілсін. Тазалық болған жерде – талап болады. Арман Айдарұлы, сіз бұл қызметке жақында кірістіңіз. Ауданды дамыту жоспарын назарда ұстап, инвестиция тарту, өнеркәсіп көлемі бойынша осы жылға бекітілген жоспарларға қол жеткізу үшін тиісті басқармалармен бірлесе қажетті шараларды қабылдаңыз, – деді облыс әкімі.
Көшпелі мәжілісте аудан әкімі Арман Абдуллаев 2022 жылы қол жеткен жетістіктер мен алдағы жоспарлар бойынша баяндады.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция 72,5 пайызға, туризм саласына тартылған инвестиция 71,1 пайызға ғана орындалды. Егін шаруашылығының нақты көлемі индексі 14,6 пайызға кеміген. Ірі қара мал, қой басында өсім байқалмаған. Осыған байланысты өңір басшысы тарапынан Сарыағаш ауданы әкімдігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасын талапқа сай жүзеге асыру, жылыжайлар шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенінде жұмысты ширату тапсырылды.
Облыс әкімі аудандардағы ішкі жолдарды стандарттауды, бірыңғай талапқа сай салуды жүктеді. Сапасын арттыруды міндеттеді. Бюджеттің жергілікті кірістерін, түсімдерін арттыру жөнінде де нақты тапсырма берілді. Сарыағаш ауданында 1125 салық салу нысаны мүліктерін 5 млрд. 824 млн. теңгеге бағалаған. Бірақ аталған нысандардың нарықтық бағалау құны 85 млрд. теңгені құрап отыр, яғни 17 есе жоғары. Бұл – салықтың төмендеуіне әкеліп соғуда.
Денсаулық сақтау және білім саласының деңгейін көтеру, ауданның инфрақұрылымын жетілдіру, жолдарды жөндеу, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, жер дауларын шешу және өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, міндеттер жүктелді.
Атап өтер жайт, Сарыағаш ауданы – Түркістан облысының оңтүстік бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. 1928 жылы Келес ауданы болып құрылған. 1939 жылдан Сарыағаш аталады. Жерінің аумағы — 7,7 мың км². Орталығы – Сарыағаш қаласы. Сарыағаш ауданы әкімдігі 1992 жылы ақпан айында құрылған.
Аудан жері негізінен төбелі, қырқалы жазықты келеді. Солтүстігін Белтау жотасы (592 метр), батысын Ызақұдық құмы, Қауынбаймолда жотасы, оңтүстігін Шардара бөгені алып жатыр. Жер қойнауында мәрмәр, құм, бентонит балшығы, шипалы минералды суы барланған. Климаты континенттік, қысы жұмсақ, жазы ыстық, қуаң. Ауаның жылдық орташа температурасы қаңтарда –2 – 3°С, шілдеде 24 – 28°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 200 – 300 мм. Ауданның батысын бойлай Сырдария, Оңтүстік-шығысынан Келес, Құркелес, Ащысай өзендері ағып өтеді. Жері сұр топырақты және құмды келеді. Бетеге, жусан, жүзгін, баялыш, өзен бойларында қамыс, бұта, аралас ағаш өседі. Қасқыр, түлкі, қоян, саршұнақ, күзен, жылан мен кесірткенің түрлері кездеседі. Өсімдіктердің өсіп-өну мерзімі 220-320 тәулік. Аудан аумағынан сулы Келес және Құр Келес өзендері ағып өтеді.
Тұрғыны — 186 109 адам (2019). Халқы көп ұлтты, басым көпшілігі қазақтар (85,09%), одан басқа өзбектер (2,98%), тәжіктер (5,00%), әзербайжандар (1,70%), орыстар (1,24%), түріктер (1,41%), т.б. ұлт өкілдері тұрады. Ірі елді мекендері (2003): Сарыағаш қаласы (26,0 мың адам), Абай (18,0), Дербісек (10,3), Жібек жолы (5,8), Ынтымақ (5,4), Қапыланбек (5,1), Ақжар (5,0), Қызылжар (4,7), Жылға (4,1), Дарбаза (3,7), Ақниет (3,6), Құркелес (3,3), Қошқарата (3,2), К.Маркс (3,1), Ақжол (3,0), Таскескен (3,0), Көктерек кенті (2,6).
74 елді мекен 1 қалалық, 1 кенттік әкімдіктері мен 12 ауылдық округтерге біріктірілген:
Ақжар ауылдық округі
Әлімтау ауылдық округі
Дарбаза ауылдық округі
Дербісек ауылдық округі
Жартытөбе ауылдық округі
Жемісті ауылдық округі
Жылға ауылдық округі
Жібек жолы ауылдық округі
Көктерек кенттік әкімдігі
Қапыланбек ауылдық округі
Құркелес ауылдық округі
Қызылжар ауылдық округі
Сарыағаш қалалық әкімдігі
Тегісшіл ауылдық округі
Сарыағаш ауданында мақта, жүзім, көкөніс, астық, жеміс, бақша, картоп, қаракөл қойы, биязы жүнді қой, сүтті-етті мал, шошқа өсіруге маманданған 4 ұжымшар, 16 кеңшар, Мемлекеттік сұрыптау ст. болған. Ауданда 16 өнеркәсіп орны, 7077 агроқұрылым, оның ішінде: 101 заңды тұлға, 6976 шаруа қожалықтары бар. Аудан аумағында «Сарыағаш шипажайы» АҚ, «Арман», «Алтын бұлақ – Р» демалыс орындары, балалар шипажайы бар. «Алекс» ЖШС – Қазақстан – Польша бірлескен кәсіпорны, «Демеу», «Әсем-ай», «Курорт – Барс – 2030» ЖШС-тері Сарыағаш шипалы суын құятын кәсіпорындар, «Мырзакент»АҚ, «Айша бибі» ӨК – мақта тазарту завотында мақта талшығын өндіреді. «Сенім» ЖШС – тігін, тоқыма бұйымдарын шығарады. Сарыағаш. ауданында жүзім шаруашылығын өркендету үшін «Жүзім» бағдарламасы жасалынған, бұл бағытта «Қабыланбек» шарап жасайтын компаниясы, «Дербісек – Бахус» ЖШС, «Назико» ЖШС, «Ақжол» АҚ-ның шарап заттары, жүзім өңдейтін 6 цех жұмыс істейді. Ауданның барлық егіс көлемінің үштен бір бөлігіне дәнді дақыл, 11,9%-на көкөніс, 17,3%-на мақта, 31,1%-на жүзімдік егілген. Облыстағы арпаның жалпы өнімінің – 9,5%, жүгерінің – 26,5%, күнбағыстың – 36,5%, картоптың – 30,5%, көкөністің – 26,4%, жемістің – 24,5%, жүзімнің 39,9% жиналады. Облыстағы темекі өсіретін бірден-бір аудан. Аудан шаруашылықтарында облыстағы мүйізді ірі қара малдың – 10,4%, оның ішінде сиырдың – 12,5%, қой мен ешкінің – 13,7%, шошқаның – 3,7%, жылқының – 8,4% шоғырланған; түйе – 180, құс – 75,3 мың басты құрайды. Келес өзенінің бойында «Келес» ӨК-нің су электр ст. электр энергиясын өндіреді. Жалпы білім беретін 137 мектеп бар, оның 94-і орта, 15-і орталау, 28-і бастауыш және 2 спорт, музыка мектептері. Мәдени мекемелерден 290 мәдениет орталықтары мен 36 кітапхана бар. Денсаулық сақтау саласында 2 емхана, 4 аурухана, 24 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 104 фельдш.-акушерлік пункт, туберкулезге қарсы диспансер жұмыс істейді. Өзбекстанмен шекаралас Жібек жолы ауылында кеден бекеті орналасқан. Аудан жерінен Шымкент – Термез Халықараралық автомобил магистралі, Орынбор – Ташкент темір жолы өтеді.
Аудандағы ірі, орта және шағын әртүрлі меншіктегі кәсіпорындардың өнім шығарып тұрғандары 46% құрайды.
Өнеркәсіп саласы бойынша негізінен Сарыағаш минералды су құю (28.4%) және жеңіл өнеркәсіп (24.7%) салалары бар. Атап айтқанда «Алекс» ЖШС-минералды су құю өндірісі, «Айша-Бибі» ЖШС-мақта талшықтары өндірісі, «АВК Капланбек» АШК-жоғары сапалы шарап өнімдері, «Сенім» ЖШС-жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіреді. «Әуес», «Жылға-Агро» ЖШС-тері — бидай ұнын экспортқа шығаруда. «Дина-Н» ЖШС-құрылыс материалдарының 8 түрін шығаруда.
Ауданның бiрден-бiр табиғи байлығы жер асты минералды емдiк-ас сулары болып табылады. Қазiргi кезде 55 термальды су скважиналарының барлығы аудан мекемелерi мен тұрғындарына қызмет көрсетуде. Аудан аумағында аты Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге де мәлiм «Сарыағаш шипажайы» МҚК, «Алтын-Бұлақ», «Арман» санаториясы, «Ана мен бала» шипажайы сияқты 10 демалыс аймағы бар. «Сарығаш шипажайы» — бальнеологиялық шипажай, Ташкент қаласынан 15 шақырымдай қащықтықта орналасқан. 1953 – 1956 жылдар аралығында емдеу орнына айналды. «Сарыағаш шипажайы» табиғи байлығы жер асты минералды емдiк-ас сулары болып табылатынтықтан, шаруашылық ұңғымалардан тәулігіне 84 м3 су алады. Ауасы құрғақ, жазы ыстық, ұзақ, қысы жұмсақ. Емге пайдаланатын минералды суының температурасы 49 – 52С. Құрамында кремний қышқылы, радиоактивті элементтер, азот, гидрокарбонат, натрий, калий, кальций, магний, алюминий, мыс, марганец, молибден және микроэлементтер бар. Ас қорыту органдарының қызметі, зат алмасуы бұзылған, жүйке жүйесі, қол-аяқ, тері, әйел ауруларымен сырқаттанып қалғандар келіп емделеді. Бұл шипажай Қазақстан Республикасы және басқада тыс жерлерге белгілі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.