Түркістан облысы: Жетісай ауданындағы келелі мәжілісте этнос өкілдерін мектепте бастауыштан бастап біріктіріп оқыту туралы ұсыныс жасалды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барды. Аудандағы этнос өкілдерімен, қоғамдық ұйым басшыларымен кездесу өткізіп, ел ағаларымен сұхбаттасты.

Мәжіліс барысында бірқатар ұсыныстар айтылды. Олардың қатарында стадион салу, билбордтар орнату, мектеп жолы бойында асфальт салу, жарықшамдар орнату секілді өзекті мәселелер бар. Сонымен қатар ата-аналар балаларына деген жауапкершілікті арттырса деген тілек айтылды. Этнос өкілдерін мектепте бастауыштан бастап біріктіріп оқытуды ұсынды. Аудан деңгейінде шешілетіндерді жергілікті әкімдік қарастыруға уәде етті.

Мәжілістен соң ауданда қарқынды жүріп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысын аралады. Бірінші кезекте Жылы су ауылдық округі, Баққоныс ауылында барып, фельдшерлік-акушерлік тірек құрылысымен танысты. Мердігер – «Construction Group SAMRUK» ЖШС. Жоба құны – 303, 208 млн теңге. Құрылыс нысаны 2023 жылы басталған.

Жетісай аудандық орталық ауруханасының күрделі жөндеуден кейінгі жағдайымен танысты. Аралап, оң бағалады. Мердігер – «ҚазЕвроСтрой» ЖШС. Аурухана алдынан заман талабына сай қабылдау бөлімі ашылған. Оған қоса магнитті резонанстық томография медициналық құрал-жабдығын орнату үшін қосымша ғимараттар бой көтерді. Сонымен қатар ауруханаға қосымша ангиограф медициналық құрал жабдығы орнатылған. Алдағы уақытта күрделі оталарды ауданда да жасауға мүмкіндік туады. Қазіргі таңда науқастарға толық көлемде медициналық қызмет көрсетуде.

Қазыбек би ауылдық округіндегі №17 Түркістан жалпы орта мектебінің ғимаратымен танысты. 1972 жылы салынған мектепте екі ауысымда 628 бала білім алады. Типтік білім ошағының ғимараты екі қабатты. Облыс әкімінің орынбасары күрделі жөндеуден өткізуге ұсыныс беруді тапсырды.

Құрманбек Жандарбеков атындағы облыстық Жетісай драма театрына барды. Аталған театр алғашқы шымылдығын 1969 жылы ашқан болатын. Алғашқы маусымашар Қ.Шанин қоюшы-режиссерлік еткен классик жазушы Бейімбет Майлин мен Евгений Брусиловскийдің «Жалбыр» драмасымен бастау алған еді. 55 жыл ішінде 200-ден астам түрлі жанрдағы шығарманы сахналаған театр бүгінде өз көрерменін қалыптастырған. Сондай-ақ талантты ұжым көптеген жетістіктерге жетіп жүр.

Талант демекші, Түркістанда «Turk youth talent» облыстық талантты жастар байқауы өтті. Алғашқы іріктеу кезеңіне 200-ден астам өнерпаз өтінім білдірсе, олардың арасынан іріктеліп шыққан 50-ге жуық талант келесі кезеңге жолдама алған. Финалға 15 қатысушы өтіп, бойындағы өнерін көпшілікке паш етті.

Сайысты Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығы мен «Серпіліс» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Байқау мақсаты – ел арасындағы табиғатынан ерекше таланттарды табу. Шығармашылық ізденісін ұлғайтып, дарынды жастардың шеберлігін шыңдау. Талантты жастарды қолдау, елге таныту. Таланттар сайысында Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театрының басшысы Арман Алиев, «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің басшысы Бейсенкүл Нарымбетова, қоғам белсендісі, блогер Айгерім Айтаханова, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Худияров төрелік етті.

– Бүгінгі таланттар байқауы қасиетті өлкеміз – Түркістанның шын мәнінде ұлылардың, небір дарынды ғұламалардың, өнер дүлдүлдерінің отаны екендігін дәлелдей түскендей. Биылғы байқауға облысымыздың 17 аудан, қаласынан сан салалы өнер иелері, ерекше таланты бар жастар өз өнерлері мен туындыларын ортаға салды, – деді жастар көшбасшысы Ернар Бектаев.

Екі күн қатарынан өткен сайыста нағыз таланттар жүзден жүйрік шықты. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар арнайы дайындалған дипломдар мен қаржылай сый-сияпаттарға ие болды. Әділ қазылар шешімімен бас жүлдені (1 миллион теңге) ордабасылық Болат Тұрсынбаев иеленді. Жүлделі I орын төлебилік Ерсаит Камаловқа, II орын Бәйдібек ауданынан келген отбасылық акробатиктерге, III орын түркістандық Жанболат Шырбановқа бұйырды. Сонымен қатар өзге аудан, қалалардан келген қатысушыларға 50 мың теңгелік ынталандыру сыйлықтары табысталды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin