Білім мен ғылым саласын дамытуда ел жастарына үлкен қамқорлықтар мен мол мүмкіндіктер жасалып жатыр. Өйткені елдің болашағы бүгінгі жастардың қолында екені анық. Бәсекеге қабілетті, білімді, кез келген елмен иық тіресе алатын, терезе теңестіре алатын деңгейге жетулері үшін олардың білім алатын мектептерінің заманауи болуы да үлкен маңызға ие.
Жетісай ауданына арнайы іссапармен келген «KEMELDEN GROUP» ЖШС басшысы Берік Қасымбековты қабылдаған Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов отандық ғылыми-техникалық даму, оқушыларға жаратылыстану-математика пәндері мен ағылшын тілін оқытудың маңыздылығы, ұрпақ мүддесі үшін оқу-ағарту саласының популистік санадан арылып, балалардың мүддесін қорғауға тиіс екендігі, жеке инвестициялар есебінен заманауи мектептердің санын арттыру мәселелерін кеңінен талқылады.
Екіжақты жүргізілген алдын ала келіссөздердің нәтижесінде «KEMELDEN GROUP» ЖШС басшысы Берік Қасымбеков 2025-2026 жылдары аудан аумағынан 1000 оқушыға арналған 2 мектеп салуға, нақтырағы, Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызылтаң елді мекенінен — жалпы аумағы 2 гектар жерге 500 орындық, Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм елді мекенінен жалпы аумағы 2 гектар жерге 500 орындық заманауи мектептің құрылысын жүргізетін болды.
Одан бөлек, «OLZHA SMART» ЖШС Жаңа ауыл ауылдық округінің Мырзашөл елді мекенінен жалпы аумағы 1,6 гектар жерге 320 оқушыға арналған мектеп салынады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, биыл жеке инвестиция есебінен Жетісай қаласынан «ЕРЖИГИТ» ЖШС — 420 орындық, «ЛИДЕР» ЖШС 300 орындық 2 мектепті іске қосқан.
Ал Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жасаған іссапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында құрылысы жүріп жатқан білім ұясында болды.
Жоба аясында өткен жылдың соңында Жетісай қаласынан 1500 орындық, Асықата кентінен 900 орындық және Ынтымақ ауылдық округінің Ақниет елді мекенінен 600 орындық мектептердің құрылысы басталып, 2025 жылы қолданысқа тапсырылады деп жоспарланған.
Өңір басшысы Асықата кентіндегі құны 7 миллиард теңгені құрайтын нысанның құрылыс сапасын тексеріп, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Жауапты сала басшыларына өндірістік кестеден кешікпей, сапасын қатаң қадағалауды тапсырды. Мектеп ауласына ағаш екті.
Заманауи пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын мектепте оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалады. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беріледі.
Ауданда оқушылар мен ұстаздарды заманауи мектептермен қамту мақсатында биылдың өзінде жеке инвестиция есебінен Жетісай қаласынан 720 орындық 2 мектеп пайдалануға берілсе, келесі жылы 1300 оқушыға есептелген тағы 3 мектеп инвесторлар есебінен салынады.
Айта кетейік, облыста демографиялық өсім жоғары. Қосымша 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектептердің 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылуда. Биыл алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам білім ұясына жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.