Түркістан облысы: Жетісай ауданында 22 мектеп «Starlink» спутниктік интернетіне толық іске қосылды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қала тұрғындарымен кездесуі жоспарға сай өтіп жатыр. Бұл жолғы халықпен кездесу Жетісай ауданында өтті. Тұрғындармен басқосуда аймақ басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Жетісай ауданын дамыту бағытындағы жұмыстар туралы айтты.

– Президентіміз жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ең бастылары – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен қолдану. Сонымен қатар ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жетісай ауданында 2023 жылы 16 елді мекенде 2 миллиард теңгеге 32 жоба жүзеге асырылды. Биыл 16 елді мекенде 2,8 миллиард теңгеге 16 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,5 миллиард теңгеге 245 жоба қаржыландырылды. Мемлекет басшысы орта білім беру мекемелерін сапалы жоғары жылдымдақты интернет желісімен қамтуды тапсырған. Облыста жалпы саны 330 орта білім ұйымдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің туындысы «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 329 мектепте орнатылды. Бұған дейін осы 329 мектептегі интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабитке жетпейтін болған. Қазіргі уақытта 200 мегабитке жетіп, сапалы қызмет көрсетіліп жатыр. Оның ішінде Жетісай ауданында 22 мектеп толық іске қосылды. Осы айда Президентіміздің бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Акция аясында елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарын қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар менің жіті бақылауымда. Осы кездесуді пайдаланып, Сіздерді ең алдымен өздеріңіз тұратын ауланы, көшені таза ұстауға, үйлеріңіздің сыртқы келбетін ретке келтіруге, қоқыстарды ретсіз тастамауға, ағаш егуге, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Өз баяндамасында облыс әкімі Жетісай ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдан бері 1,6 есеге өсіп, былтыр 174 миллиард теңгеге жетті. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 18,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға өскен.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 38 пайызға өсіп, 2023 жылы 20 мыңнан асқан. Олардың өндірген өнім көлемі 146 миллиард теңгені құрады.

– Тұрғындармен кездесуде өңірдегі проблемалық мәселелерді бірге анықтап, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Аудандағы кейбір салаларда кемшіліктер де бар. Мәселен, 2023 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 25,4 миллиард теңгені құрап, жоспар орындалуы 60 пайызды ғана құраған. Жетісай ауданы бойынша ешқандай инвестициялық жоба жүзеге асырылмаған. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі өткен жылы 118 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі тиісті басқармамен бекітілген жоспардан 2 пайызға кем орындалған. Осы мәселелердің барлығы ауданнның әлеуметтік экономикалық дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл бағыттардағы жұмысты жүйелеп, күшейтуіміз керек, – деді облыс әкімі.

Жиында аудан әкімі Серік Мамытовтың ауданда 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.

Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтты. Атап айтқанда, кездесуде жетісайлықтар инфрақұрылым жүйелерін реттеу, баспана алу, кәсіпкерлік қолдау, субсидия, жер телімі және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Дархан Сатыбалды сұрақтарға жауап беріп, тиісті басшыларға көтерілген мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды.

Кездесу соңында ауданға инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, тұрғын үй және ағын су мәселелерін шешу бойынша да нақты тапсырмалар міндеттелді.

Сонымен қатар Дархан Сатыбалды жетісайлық шаруалармен ағын су мәселесін де талқылады. Аграрлы өлкенің ең өзекті мәселесі – ағын су. Соңғы жылдары Жетісай ауданындағы егістік алқаптарға «Достық» магистральды каналы арқылы келетін ағын су мөлшерінің жетіспеушілігі мен каналдардың, арық-атыздардың дер кезінде тазаланбауы шаруалардың мол өнім алуларына кедергі келтіріп отыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында «Достық» магистралды каналы арқылы келетін ағын су жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су алу мақсатында салынған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналында болып, ағын су беру маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.

Аталған су арналарына жауапты «Қазсушар» РМК басшыларымен бірге жергілікті шаруалармен кездесіп, өзекті мәселенің шешу жолдарын түсіндірді. Облыс әкімі шұғыл түрде тиісті сала мамандарын тарта отырып, аталған каналдардың су өтімділігін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Өткен жылы мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша су сорғы станциясындағы 3 дана су сорғы агрегаттарын жөнделген. Су сорғы станциялары арқылы жеткізуші каналдың тығынды аумақтарында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы жалпы 8 дана насос агрегаттарын жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта мердігерді анықтау іс-шарасы жүргізіліп жатыр.

— Шаруалардың ойдағыдай өнім алуы үшін ағын су уақытылы және қажетті мөлшерде жеткізілуі керек. Бұл — ортақ мәселе. Ағын судың тиісті көлемде шаруаларға жеткізілуіне каналдарды қалыпты жағдайда ұстау және орын алған ақауларды дер кезінде қалпына келтірілуі маңызды. Егістікті әртараптандыру бағытындағы жұмыстарға, су үнемдеу технологиясын ендіруге күш салу керек. Өкінішке қарай, бұл салада маман тапшылығы бар. Жалпы барлық жерде білікті маман қажет. Бұл салаға жаңашылдық, даму жетіспей тұр, — деді Дархан Сатыбалды.

Осыдан 13 жыл бұрын салынған каналдың сыртқы факторлар, яғни жерасты ақаба суының әсерінен каналдың ішкі жақтаулары құлап, каналдың ұлтаны толып су өткізу қабілеті төмендеуіне әкелуде. Өткен жылдың вегитациялық кезеңінде жалпы 12 насостың 5 данасы іске қосуға мүкіндік болып, канал арқылы секундына 22 текшеметр ағын су берілген. 2024 жылдың суармалы кезеңіне су сорғы станцияларындағы агрегаттардың саны артады. Машиналық канал кешеніне түбегейлі жоба шешім қабылдау мақсатында, «Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» және «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы мамандарымен бірлесе зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінге аталған нысан бойынша жоба әзірлеуге зерделеу жұмыстары атқарылуда.

Нәтижесінде Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру нысан кешенін қайта құру арқылы бастапқы жобадағы ұзындығы 29 шақырымды құрайтын каналдан 86 700 гектардан 120 мың гектар суармалы жерге ағын су тапшылығын жоя отырып, кепілді ағын сумен қамтамасыз етіледі. Биылғы жылдың вегитациялық кезеңіне 12 насостың 10 данасы іске қосылуға дайын. Сонымен қатар жалпы 16 мың гектар суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуге арналған К-30, К-28 каналдарының құрылысы 2010-2012 жылдар аралығында басталып, аяқталмаған жобалардың құрылысын қайта жүргізуге «Су шаруашылығы комитеті» тарапынан бірқатар іс-шаралар атқаруда.

Атап айтқанда, К-30 каналының сметалық жоба құны бағамын ұлғайтуға ҚР Қаржы министірлігінің бюджеттік комиссиясының оң шешімі алынды және бүгінге жабаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Әзірленген жобаға сәйкес, құрылыс жұмыстары іске асырылады. К-28 каналының қалған жұмыстарына түзету жобасы жіргізілуде. Дайындалған жобаға сәйкес, құрылысты іске асыру жұмыстары «Қазсушар» РМК тарапынан атқарылатын болады.

Айта кетейік, экономикасының басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрайтын Жетісай ауданының егістік алқаптарына ағын су жеткізетін жалпы ұзындығы 1553 шақырымды құрайтын 781 канал бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin