Бүгін Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі болып өтті.
Аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшыларының, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен квазимемлекеттік мекеме басшыларының, кірістер басқармасы мен полиция, қорғаныс істері бөлімдерінің басшылары қатысқан жиынның күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелер бойынша, нақтырақ айтар болсақ, бюджеттің орындалуы мен негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін уақытылы орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Өмірзақ Дүйсебаев, көктемгі әскерге шақырылушылармен жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы Жетісай және Мақтаарал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы Айбек Қабылов, Жетісай қаласын жаңа ауыз су жүйесіне қосу мен Жаңа ауыл, Қазыбек би, Ж.Ералиев ауылдық округтерінде құрылысы жүріп жатқан ауыз су нысандарының барысы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов баяндама жасады.
Одан бөлек, күн тәртібіне енгізілген аудандағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылысы мен инфрақұрылымы, заңсыз құрылыстар бойынша құрылған жұмысшы топтың атқарған жұмыстары, ағын суды үнемдеу технологиясы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен егістік алқаптардың жағдайы, жеңілдетілген дизель отынының шаруаларға жеткізілуінің барысы туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Абишев пен аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбековтың атқарған жұмыстарының қорытындысы айтылды. Сұрақтар қойылып, жұмыс сапасын жақсарту бойынша айтылған ұсыныстар талқыланды.
Сонымен қатар, басқосуда жоспарға сай жұмыс жүргізе алмай негізгі индикаторлық көрсеткіштері төмендеген әкімдерге ескерту жасалып, орындалмаған аудан әкімінің хаттамалық тапсырмалары бойынша талдау жасалды. Орын алған кемшіліктерді тез арада жоюды аудан әкімі аппаратының басшысы Есен Алданиязовқа тапсырылып, нәтижесін аудан басшысы өз бақылауына алды.
Осы тұста айта өтетін тағы бір ақпарат. Балалық шақ – адам дамуындағы аса маңызды кезең. Өйткені, дәл осы кезеңде салауатты, табысты, әрі бақытты өмірдің негізі қаланады. Бүлдіршіндер – жасампаз мемлекетіміздің болашағандықтан қашанда асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Олардың амандығы – мемлекетіміздің кемелді келешегінің сенімді кепілі.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндердің көңілін көтеру мақсатында Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен Жетісай қаласында «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбеков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев пен үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары қатысты.
«Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жаздың алғашқы күнімен қатар келетін мереке балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты жəне жыл сайын асыға күтетін басты мереке. Бүлдіршіндер біздің болашағымыз. Дүниеде баланың жадыраңқы жүзі мен бақытты келбетінен артық қуаныш жоқ. Қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасай отырып олардың күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарының шешімін табамыз. Оларға әрдайым қолдау көрсетуді тоқтатпауымыз керек. Бала тәрбиесіне атсалысып жүрген барша мейірімді жандарға айтарым тек алғыс» — деді аудан әкімінің орынбасары.
Аудан бойынша бүгінгі таңда 18 жасқа дейінгі 1373 мүмкіндігі шектеулі бала бар болса, оның 325-і үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін бүлдіршіндер. 49 бала І топ, 296 бала ІІ топ, 438 бала ІІІ топ мүгедегі ретінде есепке алынса, 590 балатобы бойынша тіркелмегенімен мүгедектігі барлар.
Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларға сауықтыру, әлеуметтік оңалту шараларын өткізуге бағытталған қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін ұсынатын арнайы орталықтар жұмыс істеуде.
Іс-шара барысында бүлдіршіндерге демеушілер тарапынан мерекелік дастархан жайылып, сый-сияпат жасалды. Демеушілік жасаған жомарт жандарға аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбековтың алғыс хаттары табыс етілді. Аудан өнерпаздары мен мерекеге қатысушы бүлдіршіндердің мерекелік концерттік бағдарламалары ұсынылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.