Жетісай ауданында «Мектепке жол» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Аталған акцияда кәсіпкерлер аз қамтылған және көпбалалы отбасыда өсіп жатқан балаларға мектепке қажетті жабдықтарды төмен бағада ұсынды.
Жетісай ауданы әкімдігі мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен акция барысында мектеп оқушыларына сабаққа қажетті оқу құралдары, кітап-дәптерлері мен қалам-сөмкелері, мектеп формалары нарықтағы бағадан арзан бағада сатылды. Акцияға мыңнан астам ата-аналар қатысып, жалпы саны 50-ге жуық кәсіпкер мен өндірушілер және сатушылар тарапынан кеңсе тауарлары мен мектепке қажетті заттар 105-20 пайыз төмен бағада сатылды.
— Акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы отбасы балаларына мүмкіндігінше көмек көрсету. Жақсылық жасауға кәсіпкерлерді жұмылдыру, — дейді аудан әкімі Серік Мамытов.
Жетісай қаласындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ауласында өткен акция барысында аудандық білім бөлімі кәсіподағы мен жергілікті жомарт жандардың демеушілігімен 120 балаға мектеп формасы мен қажетті құрал-жабдықтары тегін үлестірілді. Одан бөлек, «AMANAT» партиясынан аудандық мәслихатқа сайланған депутаттар «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы аясында 90 бүлдіршінге демеушілік жасаса, тағы 150-ге тарта баланы қуантуды жоспарлап отыр.
Айта өтейік, Түркістан өңірінде мектепке келетін 500 мыңға жуық баланы мектеп формасы мен оқу құралдарын ата-аналар қолжетімді бағада алуы үшін және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында барлық аудан, қалада «Мектеп жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, өткізілуде. Аталған іс-шараға демеушілер де өз үлесін қосып, барынша атсалысып жатыр.
Бүгін Түркістан қаласында «Мектепке жол» акциясына «Халық Банк» АҚ Түркістан облысының филиалы атсалысты. Аталған жиынға «Халық Банк» Түркістан облыстық филиалының директоры Артур Тасқарин, Облыстық білім басқармасының орынбасары Айгүл Қасымбекова және қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова қатысып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. «Оқушылар» сарайында өткен шарада биыл мектеп табалдырығын аттайтын 500 балаға оқу құралдарын табыс етті.
Жалпы, облыста балаларды мектепке формамен, оқу құралдарымен келуі үшін «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізілуде. Акция шеңберінде әлеуметтік аз қамтылған отбасының 49627 баланың ата-аналарының есепшоттарына 43407 теңгеден аударылды.
Жаңа оқу жылында өңірдегі мектептерде 52 мың бала 1-сыныпқа келеді деп күтілуде. Жаңа оқу жылында оқулық және оқу-әдістемелік кешендерді тасымалдау жұмыстары толық аяқталып, облыстағы барлық мемлекеттік мектеп толығымен оқулықпен қамтамасыз етілді.
Осы тұста атап өтер тағы бір маңызды ақпарат, Кентау қалалық Ардагерлер ұйымы «Әкелер мектебі» және Әжелер алқасының ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» атты семинар кеңес өтті.
Алқалы жиынға қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, Түркістан облысы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, қалалық Ардагерлер ұйымының төраға міндетін атқарушы Мамыржан Юлдашев, Әжелер алқасының төрайымы Роза Жұмабекова, мектеп басшылары мен білім ордаларының «Әкелер мектебінің» төрағалары, психолог-социолог мамандары, ата-аналар қатысты.
Жиында ұрпақ тәрбиесінің қазіргі қоғамдағы маңыздылығы, жастардың дамуы, отбасындағы баланың тәлім-тәрбиесі жайында ой қозғалып, маңызды әңгімелер айтылды.
Ұрпақ тәрбиесі қоғамдағы басты назарда болып, әрбір ата-ана бала тәрбиесіне мән беру керектігі, мектептерде тәрбие жайында жиындарды жиі ұйымдастырып, мемлекеттің жарқын болашақтарына дұрыс білім берумен қатар, тәрбиесіне аса мән беру керектігі ұсынылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.