Түркістан облысы: Келес ауданындағы оқушылар Қараханидтер заманындағы жәдігерлер табылған аймақты тазалады

Келес ауданындағы №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушылары І-ХІІІ ғасыр аралығындағы тарихи жәдігерлер табылған аймақта сынып жетекшілерімен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді. Жүзімдік елді мекенінде археологиялық қазба жұмыстары 1985-1986 жылдары жүргізілген еді. Бұл аймақ тарихи орын болып табылады.

«Тарихи орынды тазалау жас шәкірттердің бойында отаншылдық сезімді қалыптастырады «Таза Қазақстан» бұл қашан болмасын өз айналамызды таза ұстап, салауатты өмір салтын қалыптастыратын үлкен жоба. Оқушылар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру — ең алдымен ұстаздардың парызы. Осы акция басталғалы мектебімізде тазалық жұмыстары жүргізілді, мектеп ауласынан, ауылымыздан табылған тарихи ескерткіштер орнын да тазаладық. Әр оқушы тарихи құндылықтарымызды қастерлей білуі керек», — дейді мектеп басшысы.

Айта кету керек, қазіргі таңда білім ордасында 150-ден аса экспонат сақтаулы тарихи мұражай бар. Мұнда Қараханидтер заманындағы ерекше қыш ыдыстар да сақтаулы. Білім ордасында 860 оқушы оқиды.

Сондай-ақ бүгін Келес ауданы аумағында жаппай тазалық шарасы ұйымдастырылып жатыр. Онда жергіліктер тұрғындармен қатар мемлекеттік қызметшілер мен коммуналдық мекеме жұмысшылары да атсалысуда.

Естеріңізде болса, Келес ауданы «Мариям-ММ» бөбекжай балабақшасында «Балдырған» тобында тәлім алып жатқан 3 жастағы егіздер Қажымұхан Айман, Қажымұхан Ахмет пен «Сұңқар»тобының 5 жасар егіздері Упабек Алия, Упабек Али табиғатты тазалауға өз үлестерін қосқан болатын. Балабақша меңгерушісі Станбекова Айнұр Құралханқызының айтуынша, балаларды тазалыққа балабақшадан үйрету өте маңызды болып табылады:

— Балабақшамызда тәрбиеленушілерді табиғатты сүюге баулитын түрлі іс-шаралар жасаймыз. Бір ғана тазалық акциясымен шектеліп қалмай, тәрбие сағаттарында табиғатқа қамқорлық қажет екендігін насихаттаймыз. Бүгін елімізде 5 аптаға созылатын науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп басталды. Бұл бастаманы балабақша ұжымы толық қолдайды. Балабақшамызда тәрбиеленіп жатқан егіздер де осы шараға қатысып, тәрбиешілерінің көмегімен ауламызға гүл отырғызды, — дейді Айнур Куралхановна.

Айта кету керек “Мариям-ММ” балабақшасында қазіргі таңда 50-ге жуық бала тәрбиеленуде. Балабақша 2021 жылы ашылған.

Ал қазіргі таңда Келес ауданында 83 жекеменшік, 10-нан аса мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді.

Келес ауданының барлық білім беру мекемелерінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Таза өлке» апталығы өтіп жатыр.

Осыған орай білім бөліміне қарасты 63 мектеп пен 100-ге жуық мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тазалық шарасы өтті.

Мектептің кіші техникалық қызметшілері, ата-аналар, ұстаздар мен шәкірттер атсалысқан тазалық шарасында ағаштардың түбі ақталып, шөптерді шабу жұмыстары атқарылды, айналаны тазарту, көгалдандыру істері жүргізілді.

Айта кетейік, еліміз бойынша ұйымдастырылып жатқан тазалық науқаны 5 аптаға созылады. 6 сәуірден басталған игі шара 11 мамырға дейін жалғасын табады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin