Түркістан облысы: Келес ауданында 2023-2025 жылдары жалпы құны 51 миллиард теңгеге инвестициялық жобалар іске асады

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев мәлімдеді. Оның сөзінше, 9 айда ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 81 миллиард 392,1 миллион теңгеге жетсе, ауданға тартылған инвестиция көлемі 10 миллиард 649,4 миллион теңгені құраған.

— Келес ауданының негізгі даму бағыты – ауыл шаруашылығы саласы. Аудан бойынша аталған салада биыл 9 айдағы жалпы өнім көлемі 56,6 миллиард теңгеге жетті. Сонымен қатар, ауданда 2023-2025 жылдары жалпы құны 51 миллиард теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асырылып, 940 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Оның ішінде «Азия Мед» медициналық орталығының құны 3 миллиард теңгені құрайтын 5 филиалының құрылысы жүргізілуде. Жоба толық іске асқан соң 200 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, «UBS KZ» және «UBS Solar» компаниялары 50 гектар аумаққа күн электр станциясының құрылыс жұмыстарын бастады. Биыл іске қосылып, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Одан бөлек, еліміздегі ең үлкен жылыжай кешенінің капсуласы сәуір айында салынған болатын. 500 гектар аумақта орналасатын өнеркәсіптік жылыжайлар жобасын «ЭКО-культура» компаниясы жүзеге асырады. Одан бөлек, жеке кәсіпкердің бастамасымен 200 миллион теңгеге қонақ үйдің құрылысы жүргізіледі, — дейді Жәнібек Есенұлы.

Аудан аумағында жалпы 26,3 мың гектар суармалы егіс алқаптары орналасқан. Алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 өнім алу бойынша 350 шаруа қожалығы жалпы 1,5 мың гектарға егіс еккен. 2027 жылы бұл көрсеткішті 4 мың гектар алқапқа жеткізу көзделген. Жаңа технологияларды енгізу және ағын суды үнемдеу мақсатында былтыр 348 гектар аумаққа тамшылатып суару әдісі енгізілген.

Инфрақұрылыммен қамтуда 2023 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша 83 елдімекеннің 58-і ауыз су және газбен қамтылған (қамтылуы — 75%). Жыл соңына дейін тұрғындардың 81%-ы қамтылады деп көзделген. Ал ішкі көшелердің 51,8%-ы қанағаттанарлық жағдайда болса, 2023 жылдың қорытындысына сәйкес 56,2%-ға жеткізу межеленген.

Осы тұста тілге тиек етер жайт, Келес ауданына қарасты Бозай және Жамбыл ауылдық округтері аудан орталығынан шалғайда орналасқан экономикалық тиімсіз аймақ болып есептеледі. Дегенмен ондағы тұрғындарды мүмкіндігінше қолайлы инфрақұрылыммен қамту шаралары атқарылып келеді. Атап айтқанда, биыл Бозай ауылына таза ауыз жүйесі тартылуда. Нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Сонымен қатар Жамбыл және Бозай ауылдық округтерінің елді мекендерін табиғи газбен қамту бойынша «Шардара» АГТС-нен газ жеткізу құбырын салу жоспары қосымша қаралуда.

Тартоғай елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су сүзгісі («Омега» фильтрі) орнатылып, ауылға таза ауыз су берілді. Сонымен қатар, Бозай ауылдық округі бойынша ортақ жайылым 10 020 гектарға ұлғайтылды. Меморандуммен 250,0 мың гектар қосымша келісімшарттар түзілген, — деген аудан әкімі ауылдардың инфрақұрылымын дамыту жоспарымен де бөлісті.

Биыл Бозай ауылы ауыз сумен қамтылып, алдағы жылдары ішкі көшелерге аяқ жолдар мен түнгі жарық шамдары орнатылмақ. Сонымен қатар жаңа спорт кешенін салу жоспарға енген. Оқушыларды қолайлы білім базасымен қамту үшін Тентексай ауылындағы №58 Ы.Алтынсарин мектебіне қосалқы ғимарат құрылысы үшін қажетті шаралар атқарылуда.

Келес ауданында өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі өткен жылы 107,5 миллиард теңгені құраған болатын. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының үлесі 65,5%-ды құрап отыр. Ал ағымдағы жылдың 8 айында жалпы өнім көлемі 55,8 миллиард теңгеге жетсе, жыл қорытындысы бойынша 119,3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, өзіндік кірістердің жоспарын жыл соңына дейін 3,2 миллиард теңгеге ұлғайту жоспары тұр.

— Өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 17,6 миллиард теңгені құрады. Биылғы көрсеткіштерді көтеру бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, орындау бойынша нақты іс шаралар атқарылады. 2023 жылдың 8 айында орындалуы 7,6 миллиард теңгені құрап, жыл соңына дейін 22,9 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған, — деді аудан басшысы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin