Кентау трансформатор зауытында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер алдымен Кентау қаласында орналасқан трансформатор зауытына барды. Өндіріс орнының басты ерекшелігі – өнімдерін заманауи қондырғылар негізінде жасап шығарады. Басқарма Төрағасы Бауыржан Құдайбергеновтің айтуынша, зауыт жылына 12 000 дана өнім дайындайды.
— Кентау трансформатор зауыты қазір шикізаттың 15 пайызын ғана сырттан әкеледі. Зауыт жобалау институттарымен тығыз жұмыс істейді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Astana EXPO-2017» үшін арнайы салмағы 125 тонна, кернеуі 110 кВ, қуаты 80000 кВА электрлі машинаны шығардық. Жұмыс сапасын арттыру үшін Жапонияның Кайдзен жүйесін қолданудамыз, — дейді басқарма төрағасы.
Өндіріс орнында 1 100 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы мөлшері — 308 000 теңге. Трансформатор зауытында бір уақытта 6 адамның жұмысын атқара алатын жапондық «Yaskawa Motoman» дәнекерлеуші-роботы іске қосылған. Қазіргі таңда зауыт қуаттылығы 80 000 кВа дейінгі майлы және құрғақ трансформаторларды, қосалқы станцияларды, төмен және жоғары вольтты ұяшықтарды, вакуумдық ажыратқыштарды шығарады.
Сонымен қатар, журналистер Шымкент қаласында орналасқан «Asia Trafo» трансформаторлық зауытының жұмысымен де танысты.
«Asia Trafo» — еліміздегі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт. Бүгінде өндіріс орны 350 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Зауыт өнімдері тек ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар шетелде де сұранысқа ие. «Asia Trafo» жыл сайын ТМД нарығына кернеуі 110 кВ және одан жоғары трансформаторлық жабдықтардың экспорттық жеткізілімдерінің санын көбейтуде.
Баспасөз туры аясында журналистерге алғаш рет бірегей жаңа өнім – қуаттылығы 250 000 кВА және кернеуі 500 кВ үш фазалы автотрансформатор көрсетілді. Қазақстан тарихында алғаш рет жасалған автотрансформатордың жалпы ұзындығы 13 метрден асады, ал биіктігі — 10 метр. Бұл Қазақстанда бар автотрансформаторлардың ең ірі түрлерінің бірі саналады. Өнімнің жалпы салмағы 295 тоннаны құрайды.
Айта өтейік, Кентау трансформатор зауыты халықаралық нарықта сұранысқа ие 400-ден астам өнім түрін шығарады. Біраз жылдық тарихы бар өндіріс орнында жергілікті мамандар жұмыс істейді. Кәсіпорынның басқарма басшысы Бауыржан Құдайбергенов осында 25 жылдан бері осында тапжылмай еңбек етеді. Алғашында дәнекерлеуші болып бастап, кәсіпорынның басшысы қызметіне дейін көтерілген. Белсенді кәсіпкер, білікті басшы қазіргі нарық жағдайында өндірісті жүргізудің сырымен білісті. Бауыржан Худайбергеновтің әрбір күні зауытты аралап, жұмыс барысын қадағалаумен басталады. Білікті басшы жұмысты ширату үшін жастарды үнемі ынталандырып отыратынын айтады. Тәжірибе жинау үшін басқа мемлекеттерге оқуға да жіберіп отырады. Себебі өзі осында талай жыл еңбек еткен. Өмірлік тәжірбие жинап, шыңдалған.
«Зауытта 5 өндірістік цех, оның ішінде 32 участок бар. 400-ден астам өнім түрлерін шығарамыз. Өткен жылы да, биыл да 9 елге шығардық. Шығарған өнімнің 40%-ын экспортқа, атап айтқанда Шығыс Еуропа елдеріне, Ресей, Түркия, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолияға сатамыз. Ал 60%-ы Қазақстан ішінде сатылады. Біз қазақстандық нарықты толық қамтып отырмыз. Бізбен бәсекелес зауыттарды айтсам, Ресейде 15, Түркияда 50, Қытайда 1000-нан астам зауыт бар. Біз солармен бәсекелесеміз. Біздің тауар бағасы мен сапасы жағынан бәсекеге шыдас беріп отыр. Мұны экспорттау үлесіміздің 40% екенін-ақ көруге болады. Сондай-ақ, қазір ішкі нарықты түгелдей біз жабамыз. Сапасы жоғары болуы конструкторлық бюромыздың жаңа өнім әзірлей білу шеберлігі мен біз пайдаланатын технология байланысты болып отыр. Сондай-ақ, пайдаланатын шикізат та сапалы. Арнайы қабылдап алып, тексеретін бақылау бөлімі жұмыс істейді. Бәрін өзіміз тексереміз. Орау, дәнекерлеу, кесу және тағы басқа жұмыстың сапасын толықтай тексеріп отырамыз. Цехта бақылаушы бәрін қадағалайды» — дейді зауыт басшысы.
Зауыт маманды сырттан алмайды. Өздері дайындайды. Кәсіпорында мамандарды оқытатын колледж бар. Онда жылына 200-ден аса бала білім алады. Басқарма басшысының айтуынша, ең үздіктері осында қалып, жұмыс істейді.
«Жылда жаңа өнімді игеру бойынша теміржолшыларға, тау-кен өндірісі, мұнайшыларға жаңа трансформаторлар шығарамыз. Жобалау институттарымен тығыз байланыс орнатқанбыз. Құрғақ трансформаторлардың түр-түрін шығарамыз. Жылына 15 түрлі жаңа өнім жасаймыз. Қазір шикізаттың 15 пайызын ғана сырттан әкелсек, қалған 85%-ы өзіміздің жергілікті шикізат пен бөлшектер. Трансформаторларымыздың локализациясы 85% боп отыр. Өнімділік былтыр тағы 20 пайызға артты. Зауытта 1100 адам жұмыс істейді. Кентау трансформатор зауытының басты ерекшелігі — өнімдерін заманауи қондырғылар негізінде жасап шығарады. Роботизация, автоматизация енгізгенде біз жұмысшылардың біліктілігін ауыстырамыз. Қазір екі технологиялық жабдық алдық. Соны ендіріп, қандай экономикалық эффект бергенін зерттеп жатырмыз. Робот қаншама жұмысшының міндетін бір өзі жасайды. Сол кезде міндетінен босаған жұмысшыларды басқа орынға қоямыз. Жыл сайын жаңа өнімдер шығарамыз», — дейді Басқарма төрағасы Бауыржан Құдайбергенов.
Зауытта трансформаторға қажетті қосалқы бөлшектерді өндіретін, құрастырып, жинайтын және шағын трансформатордан бастап, үлкен поданцияларға дейін шығаратын 5 үлкен цех бар. Қазір мұндағы барлық цех ең заманауи автоматтандырылған жаңа технологиямен жабдықталған. Зауытта екі робот бар. Бірі жапондық, ол дәнекерлеумен айналысады. Екіншісі трансформатордың магниттік өрісін кесіп, жинайтын — швейцариялық робот. Бұл бір өзі төрт адамның жұмысын атқарады. Құны 1,5 миллион еуро тұрады. Кәсіпкердің айтуынша, бір трансформатор жасау үшін мыңнан аса деталь қажет. Кәсіпорында қолданылатын материалдың дені шикізат күйінде шетелден алынып, осында қайта өңдеуден өтеді. Кәсіпкер болашақта жаңа цехтарды іске қосып, ғылымды қажет ететін өндірісті кеңейтуді көздеп отыр.
«Кентау трансформатор зауыты» «Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрамына кіреді. 1959 жылы негізі қаланған кәсіпорын КСРО ыдыраған соң, серіктестерінен айырылып, жалақы бойынша үлкен мөлшерде қарыздарға батып, банкрот жағдайында болған. Зауыттың жаңа тарихы 1997 жылдан Сайдолла Қожабаевтың басшылығындағы инвестор келгеннен кейін басталды. «Alageum Electric»-ке кірген сәтте зауыт банкроттық сатысында болып, зауыттың салықтар бойынша қарыздары 76 млн. теңгеге, жалақы бойынша — 53 млн. теңгеге жетті. 26 жылда зауыт банкроттықтан шығарылып қана қоймай, өндірістік процестер мен қаржылық нәтижелерді жоғары деңгейге көтеріп, тауарлық өнім өндіру деңгейін 100 есе арттырды. Осылайша, 1997 жылғы 17 қарашада электр машина жасау саланың флагманы және инновациялық дамудың қозғалтқышы болып табылатын «Alageum Electric» тобы құрылды.
1997 жылы кәсіпорынның өнім номенклатурасы тек 10 түрлі болса, бүгінде өнімдер тізімі 400-ге жетті.
Зауыт Кентау қаласындағы қаланы қалыптастырушы кәсіпорынға жатады. Соңғы 6 жылда Кентау трансформатор зауыты ел бюджетіне салық төлемдерінің жалпы сомасы 16 млрд теңгеден асты.
«Білікті мамандар бар жерде өнімділік те жоғары. Сондықтан зауыт басшылығы мамандар даярлау жағына әрдайым баса көңіл бөледі. Зауыттың арнайы бөлдірген қаржысына талантты қызметкерлер Ресей, Украина, Қытай елдеріндегі жоғары оқу орындарынды оқып бітірді. 2012 жылы «Alageum Electric» қажетті инженерлік кадрларды даярлау мақсатында Кентауда Қазақ-неміс политехникалық колледж ашты. Бұл колледжде студенттер дуалды жүйе бойынша оқиды, оның аясында практикалық сабақтар КТЗ зауытында өтеді. 11 жыл ішінде колледж зауыттың қазіргі қызметкерлерінің көп бөлігін дайындады, бірнеше мың адамды оқытты. Осы жылы зауытта арнайы дуалды жүйесі бойынша жаңа оқу орталығы. Зауытта Жапонияның Кайдзен жүйесі кеңімен қолданылады және де кәсіпорында «Жас лидерлер клубы» жұмыс істейді», — дейді Бауыржан Құдайбергенов.
Жалпы, «Alageum Electric» компаниялар тобында барлығы 4500-ден астам адам жұмыс істейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.