Кентау қаласында 2024 жылдың үш тоқсандығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 37,1 миллиард теңгені құраған. Сондай—ақ, өңдеу өнеркәсібінде 32,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 9,1 миллиард теңгеге жеткен. Жалпы өнеркәсіп саласында ағымдағы жылдың 9 айында инвестициялық құны 859 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асқан. Бұл жайында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Кентауда өнеркәсіп саласын дамыту бойынша жыл соңына дейін тағы 4 жоба ашу жоспарлануда. Олардың инвестициялық құны 1 миллиард 791 миллион теңгені құрап отыр. Бұл тізімде құны 1,5 миллиард теңгелік «Кентау Red Star» ЖШС-нің қыш өндіретін зауыты да бар. Жылына 45 миллион дана қыш шығаруға қауқарлы өндіріс орны 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Сонымен қатар, өңірдегі индустриалды аймақта «Халтаев» ЖК металл тор мен құрылыс блоктарын шығару зауыты іске қосуды жоспарлап отыр. Аталған жоба арқылы тағы да 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 50 мың дана блок пен 1 000 металл тор өндірілмек» — деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ, Кентау қаласындағы инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер жетерлік. Мәселен, қала аумағында елді мекендер 100% ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар, жыл басынан бері электр желілерін жаңарту мақсатында 7 дана трансформатор ауыстырылып, 15,3 шақырым желіні қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін тұрғындарды табиғи газбен қамту көрсеткішін 93%-ға жеткізу жоспарланған. Тоғыз айдың қорытындысымен 18 000 абоненттің 14 981-і, яғни 83%-ы табиғи газ жүйесіне қосылды. Өңірдегі жол мәселесі де оңтайлы шешімін тауып келеді. Бүгінде Кентау қаласы және оған қарасты ауылдардағы 365 шақырым көшенің 82,1%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Жыл соңында бұл көрсеткішті 87,7 %-ға жеткізу көзделген.
Сонымен қатар, өңірдегі тұрғын үй мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде қалада 5 117 азамат баспана кезегіне тіркелген. Қазіргі таңда аталған мәселені шешу мақсатында 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үйдің және 30 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Кентау қаласының 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері бекітілген.
– Кентаудың даму әлеуеті зор. Шаһарда жаңа кәсіпорындарды ашу үшін индустриалды аймақ құрылған. Аймақ жол, жарық, ауыз су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бірақ әлі де ірі жобалар жоқтың қасы. Қаланың өндірістік әлеуетін көтеру – уақыт талабы. Шаһардың дамуына тың серпін беретін жобалар қажет. Әкім әмбебап болу керек. Ел үшін жұмыс істеп жатқан әр қызметкер әділ, турашыл, халықшыл болуы шарт. Тәжірибе, білім, кәсібилік талап етіледі. Жетпесе, үйреніңіздер. Көрші елдерге барып, тәжірибе жинаңыздар. Оқудан, білім алудан ешқашан жалықпау қажет. Түрлі мемлекеттердің тәжірибелерін күніне бақылап отырыңыздар, меңгеріңіздер. Халыққа жағдай жасаудың жолдарын арттыру керек. Әр аудан, қала өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай жағдайға жетуі тиіс. Қазына қаржысына тәуелділікті төмендетіп, ішкі және сыртқы инвестициларды тартуда үздіксіз жұмыс істеңіздер. Осы бағытта жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
9 айдың қорытындысына сәйкес Кентаудың жалпы өңірлік өнімнің көлемі 61 миллиард теңгені құрады. Қала әкімінің айтуынша, 2030 жылға дейін жергілікті кірістер көлемін кемінде 1,5 есеге дейін арттыру көзделіп отыр. 2023 жылы қалаға 46,7 миллиард теңге инвестиция тартылған болса, 2024 жылы оның көлемін 50 миллиард теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Биылғы 9 айда нақты 17,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды.
Кентау қаласының аумағында геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге тартымды, пайдалы қазбаның зерттелмеген және пайдаланылмаған жеткілікті қоры шоғырланған. Қала аумағында орналасқан Арнайы экономикалық аймақ пен Индустриалды аймақтың мүмкіншіліктерін және еңбек потенциалын ескере отырып, дамытудың негізгі бағыты ретінде өнеркәсіп саласында тау-кен және өңдеу өнеркәсіптеріне басымдық беріледі. Өзге салалар бойынша да тиісті жұмыстар атқарылады.
Кентау қаласында 2024-2030 жылдарға жалпы құны 226,6 миллиард теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 1791 адам жұмыспен қамтылады. Туризм саласында 2025 жылы 2 жоба іске асырылады. Жалпы құны — 959 миллион теңге, жұмыс орны – 70 адам.
2025-2030 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың есебінен 2,5 миллиард теңге салықтық түсімдері түседі деп жоспарланып отыр.
Іске асырылатын инвестициялық жобалардың нәтижесінде жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2030 жылға дейін 2 есеге арттыру жоспарлануда. Оның ішінде өнеркәсіп саласындағы өнімді 2,4 есеге арттыру, ауыл шаруашылығы саласын 1,5 есеге, құрылыс саласын 1,6 есеге арттыру көзделген.
Бір ерекшелігі, Кентауда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында өткен жылы Құрманғазы көшесі № 60, 60а, 62, 64, Құралбаев №114, №116, №118, Әл-фараби №102 көпқабатты тұрғын үй аулаларына балалар ойын алаңшалары, «Стритбол и Воркаут» бұрынғы футбол алаңын күрделі жөндеуден өткізу, Ә.Бекенов көшесі №47,№47а, Ы.Алтынсарин №24 үй аулаларына балалар ойын алаңшалары, «Стритбол и Воркаут, Ромах 48/1 орналасқан Тәлімбақ аумағына футбол алаңы, балалар ойын алаңшаларын орналастыру жұмыстары жүргізілген.
Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы жалғасып Шүлембаев №8, 10 және Т.Рысқұлов №5,7,9 үй аулаларына, Шахтерская аумағына балалар спорттық ойын алаңшалары орналастырылды.
Сонымен қатар «Жасыл қала» КММ тарапынан қаладағы 13 қөпқабатты тұрғын үй аулаларындағы орналасқан ойын алаңшалары ағымдағы жөндеуден өткізілді. Аталған жұмыстар келер жылыда жалғасатын болады.
Жалпы, Кентау қаласында 56 көпқабатты тұрғын үй аулалары бар.
Соның 33 көпқабатты тұрғын үй аулаларына асфальт төсеу, балалар ойын алаңшасын орнату және абаттантыру мақсатында жобалау сметалық құжаттамалар әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылған. Қаржы қаралаған жағдайда аталған жұмыстар жүзеге асырылмақ.
Тағы бір алып-қосарымыз, қазіргі таңда Түркістан облысында 4 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде былтыр мемлекеттік бюджеттің қаржыландыруымен Кентау қалалық ауруханасының «А» корпусы толық күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген болатын. Биыл «А1» корпусын толық күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып, бүгінде құрылыс жұмыстары жасалуда. Келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласына қазан айындағы жұмыс сапары аясында қалалық аурухананың жай-күйімен танысты. Жауапты сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеп, құрылыс барысын пысықтады. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарына қатысты мәселелерді толық шешуді, сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қадағалауды тапсырды.
– Облысымызда өзге өңірлерге қарағанда тұрғын саны көп. Халықтың денсаулығын жақсарту және оларға сапалы медициналық қызметтер көрсетету үшін заманауи денсаулық мекемелері аса қажет. Біз медицина саласының инфрақұрылымын жақсарта отырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауымыз керек, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты бұл мекемеде 514 қызметкер жұмыс істейді. 1984 жылы соғылған ғимараттың жалпы ауданы – 9695,33 шаршы метр. Ал жалпы аумағы 35 637 шаршы метрді құрайды. Аурухана қызметіне Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің 100 мыңға жуық тұрғыны жүгіне алады. Кентау орталық қалалық ауруханасы жылына 13-14 мың науқасқа сапалы жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде. Өткен жылдың мамыр айында нысан аккредитациядан өткізіліп, «Ұлттық аккредиттеудің 1-ші санаты» алынды. 313 төсек орынға арналған мамандандырылған медициналық ұйым 12 бөлімшеден құралған.
Айта кетейік, Кентау қаласындағы денсаулық нысанынан бөлек, Келес аудандық «Абай» ауруханасы мен Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасы және Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты «Боралдай» медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін орын ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұдан бөлек Түркістан облысында 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік және 6 медициналық пункт қамтылған. Сонымен қатар 42 нысанды инженерлік желілермен қамтуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралған болатын.
Жалпы, Түркістан өңірінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында ауданаралық көпбейінді аудандық аурухана құру бастамасы іске асырылуда. Солардың бірі – Сайрам аудандық орталық ауруханасы. Қазіргі таңда аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Таяуда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылау және орындалу барысымен танысу мақсатында аурухананы аралады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аурухана басшысы Ерғали Әлімбаев, мердігер мекеме «КазЕвроСтрой» ЖШС, авторлық қадағалаушы «МПК-Проект» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Тұран Құрылыс-1» ЖШС-нің өкілдері қатысып, жөндеудің қазіргі жағдайын баяндады. Таяуда ғана басталған нысан құрылысы 2025 жылға өтпелі.
– Аурухана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу керек. Қарқынды бәсеңдетпеңіздер. Жұмысшылар санын көбейтіңіздер. Ауылдағы жұмыссыз азаматтарды тартқандарыңыз абзал. Материалдық-техникалық базасын күшейту қажет. Ешбір кедергі жоқ. Қаржы қаралған. Алдағы уақытта тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Халықтың сенімін ақтауға шақырамын! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Сайрам аудандық орталық ауруханасы тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек және мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді. 430 төсек орындық тәуліктік стационар жұмыс атқарады. Аурухана құрамындағы аудандық емхана, алғашқы медициналық санитарлық көмек орталықтары, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік тіректері, медициналық тіректер науқастарға қызмет көрсетеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.