ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Темір Қырықбаев пен Нұрсұлтан Байтілесов Жетісай аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерімен және Жетісай ауданының зиялы қауым өкілдерімен, ардагер ақсақалдармен кездесу өткізді.
Жиынға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Е.Ералиев, аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы А.Қайназаров қатысты. Кездесу барысында фракция мүшелері аудандағы өзекті деп табылатын білім, денсаулық және аймақтағы экономикалық мәселелерді зерделеді. Зиялы қауым өкілдері тарапынан да Парламент Мәжілісі депутаттарына бірқатар талап-тілектері мен ұсыныстар айтылды. Жиын соңында аудан ақсақалдары Мәжіліс депутаттарының жұмыстарына сәттілік тілеп, елдің ахуалын билік өкілдеріне жеткізе беруіне тілектестік білдірді.
Одан соң мандат иелері Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі ұжымымен және аудандағы белсенді жастармен кездесті. Кездесу оңтүстік өлкедегі педагогикалық мамандармен қамтамасыз ететін алғашқы қарашаңырақ білім ордасының ғимаратымен танысудан басталды. Колледж директоры Л.Баймаханова ұстаздардың, студенттердің білім деңгейін, жеткен жетістіктерін көрсетіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар колледж жатақханасы ғимаратын көрсетіп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал жасауды өтінді.
Еркін форматта өткен жастармен кездесу барысында жастар өздерінің бірқатар ұсыныс, тілектерін жеткізді. Келешекте жастарға арналған қандай жобалар болатынын сұрады.
– Сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын, – деп бастады өз сөзін жалынды жастардың алдында Парламент Мәжілісі депутаты Нұрсұлтан Төленұлы. – Мен де Сіздер сияқты жас буын өкілімін. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, егемен еліміздің ертеңі. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру ісінде өскелең ұрпақ айрықша орын алады. Тең мүмкіндік, әділдік, ашықтық ұғымдары ең алдымен жас буынның кедергісіз келешегін қалыптастыруға негізделген. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жастарымыздың білім мен біліктілігінің сапасына, олардың ықыласы мен ынтасына байланысты, – деп атап өтті.
Еске салайық, Нұрсұлтан Байтілесов 1991 жылы 3 наурызда Түркістан облысы Жетісай қаласында туған.
Қазақ Гуманитарлық-заң университетінің Гуманитарлық-заң колледжін (2009 жылы) «Құқықтану», М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін (2012 жылы) «Заңтану», Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін (2014 жылы) «Экономика және бизнес», «Заңтану» (заң ғылымдарының магистрі) мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын Астана қаласы Алматы аудандық сотының жетекші маманы (12.2009-03.2011) болып бастаған.
— Астана қаласы Алматы аудандық сотының сот отырысының бас маман-хатшысы (03.2011-12.2011);
-«Атырау облыстық сотының кеңсесі» ММ кадр жұмысы бөлімінің сот орындаушысы, Атырау қ. (12.2011-04.2012);
-«Атырау облыстық сотының кеңсесі» ММ ұйымдастыру-талдау бөлімінің бас маманы (04.2012-06.2013);
-«Атырау облыстық сотының кеңсесі» ММ Басшысының орынбасары (06.2013-03.2015);
-«Павлодар облыстық сотының кеңсесі» ММ Басшысының орынбасары -«Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының)» ММ Жергілікті соттардың қызметін ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамсыз ету және кеңсе бөлімінің құжат айналымы секторының Бас консультанты (02.2016-03.2016);
— «Әскери сот әкімшілігі» РММ басшысы (03.2016-11.2018); -«Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының)» ММ Халықаралық байланыстар және Протокол бөлімі басшысының орынбасары (11.2018-11.2018);
-«Шымкент қаласы Соттар әкімшісі» РММ басшысы (19.11.2018-01.2020);
-«Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының)» ММ басшысының орынбасары (01.2020-02.2023);
-«Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі» ММ басшысының бірінші орынбасары (02.2023-03.2024) лауазымдарын атқарған ол биыл науырыз айының 4-інен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты атанды.
Мемлекеттік наградалары: — І және ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төс белгісі (2013, 2016);
— ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» Медалі (2020); — «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалі (12.2021);
— Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы (2019)
Үйленген, екі баласы бар.
Ал Темір Қырықбаев 1983 жылдың 3 мамырында Өзбекстан Республикасының Жызақ қаласында дүниеге келген.
2000 жылы Жетісай қаласындағы №7 Тұран атындағы мектеп-гиназиясын, 2004 жылы Астана қаласындағы «Қазақ гуманитарлық заң университетін», 2011 жылы «Сырдарья» университетін бітірген.
Қазақ, орыс тілдерін меңгерген.
Отбасылы, бес баласы бар.
Еңбек жолын «Абучина» құрылыс компаниясында директордың орынбасары ретінде бастады.
2008 жылы «Таймас Company» ЖШС-і құрылыс компаниясын ашты. Мемлекет тарапынан құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ІІ — ші дәрежелі құрылыс лицензиясы берілген. Бұл құрылыс мекемесі 50-ден астам нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізді, атап айтқанда, Астана қаласының прокуратурасы, Есіл ауданы прокуратурасы және Астана қаласы әкімшілік сотының ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізіп берді. Сонымен қатар, аудандарда жаңа мектеп салумен қатар көгалдандыру жұмыстарын да атқарып келеді. Оңтүстік өңірлерінің көптеген елді мекендеріне табиғи газ құбырларын тартты. 2019 жылы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде қаладағы зардап шеккен тұрғындардың үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге және жаңадан тұрғын үй салуға атсалысты.
2021 жылы өткен сайлауда Түркістан облысы мәслихатының депутаты болып сайланды. Облыстық мәслихатының депутаты ретінде қала, аудандардағы апаттық мектептер мен үш ауысымдағы мектептерді анықтау үшін облыстық адами дамыту басқармасымен бірлесе отырып арнайы жұмысшы топ құрып, оған жетекшілік етіп, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі таңға үш ауысыммен оқитын мектептерде қосымша ғимараттар салынуда және апаттық мектептердің орнына жаңа мектептердің құрылыстары басталып, нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.
Облыстық мәслихаттағы мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссияның, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі.
2023 жылдың наурыз айынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» (2021) мерекелік медалімен марапатталған.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттарының қатысуымен Жетісайда агросектор саласын дамыту жолдары да қаралды. Биыл Жетісай ауданында 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,9 мың гектарына мақта шикізаты, 19,7 мың гектарына бақша, 3,4 мың гектарына көкөніс, 11,1 мың гектарына мал азықтық дақылдар егілген.
Бүгінгі таңда бақша, көкөніс, жеміс-жидек және жүзім дақылдары мен мал азықтық дақылдарын жинау науқаны қарқынды жүргізіліп, ерте егілген көкөніс дақылдарынан 45,8 мың тонна, бақша дақылынан 15,2 мың тонна, оның ішінде 9,1 мың тонна қарбыз бен 6,1 тонна қауын, жеміс-жидек және жүзім дақылынан 4,6 мың тонна, картоп дақылынан 3,8 мың тонна, жоңышқа дақылынан 25,0 мың тонна өнім алынып отыр.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Темір Базарбайұлы мен Нұрсұлтан Төленұлының ауданға жасаған іссапары барысында Абай ауылдық округінде болып, жергілікті шаруалармен кездесіп, ауданды дамыту бойынша өңірдегі істеліп жатқан жұмыстар мен жүзеге асырылатын жоспарлар, аймақтың биылғы жылғы жиын-терімге дайындығы, сондай-ақ кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларының басқа да өзекті мәселелері кеңінен сөз болды.
Жергілікті шаруалар тарапынан ауыл шаруашылығы үшін ең қажетті жеңілдетілген минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілуі, ағын су тарифінің қымбаттылығы, жекеменшік каналдарды мемлекет меншігіне өткізу жұмыстары елеулі мәселе екендігін алға тартты.
Жиын соңында көтерілген әрбір мәселелер бойынша мәжілісмендер елордаға барған соң алдағы парламент сессиясының күн тәртібіне енгізіп мәселенің оң шешілуіне ықпал жасайтындықтарын жеткізді. Ерте көктемнен тіршілігін бастайтын оңтүстік өңір үшін арнайы жобалар жасау керектігін баса айтты.
Осы тұста атап өтер тағы бір жайт, Түркістан облысының аудан һәм қалаларын аралап, халықпен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның орындалу барысын қадағалаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Темір Қырықбаев пен Нұрсұлтан Байтілесовті Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдап, өңірдің дамуы жөнінде пікір алмасты.
Облыс әкімі аймақты дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Өндіріс орындарын ашу, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, ауыз сумен және газбен қамту, мектептер мен әлеуметтік нысандар салудағы жұмыстарды баяндап, Түркістанның инвестициялық әлеуетін көтеру шараларына тоқталды. Жергілікті бюджет пен кіріс көлемін ұлғайту мәселесі де назардан тыс қалмады. Сонымен бірге ағын су саласындағы түйткілдер де сөз болды.
Депутаттар қалалар мен елді мекендерді аралау барысындағы халық тарапынан айтылған мәселелер туралы ой қозғады. Өңірде сайлауалды бағдарлама жүйелі жүзеге асып жатқанын, тұрғындардың көзқарасы дұрыс екенін жеткізді. Сонымен бірге Түркістан қаласының ерекше мәртебесін айшықтайтын Заң жобасына депутаттар мен қоғам тарапынан қызығушылық жоғары екенін айта келе бұл маңызды Заң жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізетіндерін атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.