Түркістан облысы: Ордабасы ауданында 2024 жылы инвестициялық құны 47,2 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба аясында 608 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр

Бұл жөнінде бүгін Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен 9 айдың қорытындысы бойынша есеп беру кезінде айтып өтті.

Ауданның өнеркәсіп, бюджет, жалпы өңірлік өнім, ауыл шаруашалығы, инженерлік инфрақұрылым, инвестиция, индустрияландыру, құрылыс, туризм, жұмыспен қамту, білім, медицина, спорт, мәдениет саласы бойынша жүзеге асқан жұмыстарды тізбелеп, алдағы жоба-жоспарларымен бөлісті.

Әкім баяндамасындағы ауданның экономикалық өсім көрсеткіші, ел-халықтың әлеуетін арттыруға арналған жобаларға тоқталар болсақ, 2024 жылы инвестициялық құны 47,2 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба шеңберінде, оның ішінде 5 ірі жоба бар, 608 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Нақтылап айтар болсақ:

«De Support» ЖШС-нің көгалдандыру және ПЭТ қалдықтарын өңдеу жобасын жүзеге асырып, 300 азаматты жұмыспен қамту;

«Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің цитрус өнімдерін өсіру жобасын жүзеге асыру. Қуаттылығы жылына 10 000 тонна банан, авокадо өнімдерін алу жобасы аясында 150 тұрғынды жұмысқа орналастыру;

Қуаттылығы бойынша жылына 100 мың текше метр ағаш өңдейтін «BalKausar» ЖШС-нің павлония жеңіл ағаштарын өсіру жобасын жүзеге асырып, 20 азаматты жұмыспен қамту көзделуде.

Сондай-ақ, ауданда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Бөрте милка» ЖШС-нің сүт өңдеу зауытының өндірістік қуаттылығын қосымша тәулігіне 9 тоннаға ұлғайту жоспарлануда. Аталған жоба «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландыруға бағытталып, бүгінгі күнге несие комитетінің оң қортындысын алды.

Және де 120 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз ететін «АДС-Агро» ЖШС-нің 30 мың бас қой, 10 мың бас ірі қара мал бордақылау кешенін салу жобасы да бар. Жоба Халықаралық ауыл шаруашылығы қолдау қоры арқылы қаржыландырылады (2024-2026 жылдарға жоспарланған).

Сонымен қатар, күн көзінен баламалы энергия қуатын өндіру жобасы сияқты бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлану үстінде.

Аудан әкімі брифинг барысында ауыл тұрғындары арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында Шұбарсу ауыл округінде жылыжай өнімдерінің көлемін арттыру, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың санын 2 есе қысқарту мақсатында 15 гектар жер телімі жылыжай кешенін салу үшін бөлініп отырғандығын жеткізді. Қазіргі таңда 100 азамат жер телімдерін алып, кәсіп бастауға өтінім білдіріп отыр.

Одан бөлек, аудан аумағындағы жергілікті тұрғындардың тұрмыстық деңгейін арттыру үшін өңдеу өнеркәсібі саласындағы әртүрлі кіші қуатты цехтарды бір жерге шоғырландырып, арнайы шағын өндірістік аймақ құру бағытында Шұбар аумағынан 10 гектар жер телімі бөлініп, қажетті инфрақұрылым желілерін жүргізіп беру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Тағы бір назар аударар жайт, Ордабасы ауданында биыл алюминий профильдерін өндіретін зауыт іске қосылады. Бұл туралы Ордабасы ауданында өткен брифингте аудан әкімі Азат Оралбаев айтты.

– «Бадам» индустриалды аймағында инвестициялық құны 21 миллиард 234 миллион теңге құрайтын 439 жұмыс орны бар 6 кәсіпорын орналасқан. Жыл соңына дейін 2 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі — «Gold Aluminum» ЖШС – алюминий профильдерін өндіру жобасы. Инвестициялық құны 3 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталу үстінде. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады. Сондай-ақ, «RZN» ЖШС — автоклавталған газоблок бұйымдарын өндіру жобасы. Биыл желтоқсан айында 25 жұмыс орнымен іске қосылады. Бұл жобаның инвестициялық құны — 1,5 миллиард теңге. Сондай-ақ, инвестициялық құны 400 миллион теңгені құрайтын тағы 2 жобаның құжаттары рәсімделуде, — деді Азат Әбдіғалиұлы.

Ауданда бизнес-климатты жақсарту бойынша атқарылған жұмыстарды және ірі жобаларды іске асыру нәтижесінде ауданға биыл 9 айда 28 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бүгінгі таңда инвестициялық құны 10 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба 302 жұмыс орнымен іске асырылуда. Жалпы, бюджеттік инвестициялардың үлесі — 21,4%, жеке инвестициялардың үлесі 78,6%-ды құрап отыр.

Одан бөлек, ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 102,2 миллиард теңгені құраған. Оның 59%-ы — ауыл шаруашылығына, 24,8%-ы — өнеркәсіпке, 8,5%-ы — саудаға, 7,7%-ы құрылысқа тиесілі. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында 55,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Айта кетейік, ауданда 57 елді мекеннің 51-і сапалы ауыз сумен, 9-ы табиғи газбен және толықтай орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген.

Қорыта айтқанда, аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы өз баяндамасында аудан әкімдігі бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын көтеруге қызмет ететіндігін жеткізді.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері аудан басшысына көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin