Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Төрткүл ауылдық округіндегі мақта өңдеумен айналысатын «Рамазан Агро», «Нұр Агро 73» ЖШС-нің өндіріс барысымен танысты. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың жол бастауымен мақта алқабын аралап, өнім өндірушілермен кездесті.
Мақтаның «Карло», «Эдесса», «АВ 440», «АВ 010», «Лазер» және «Линза» секілді туркиялық 6 түрлі сортын егетін «Рамазан Агро» ЖШС зауытына барған Ермек Кенжеханұлы зауыт басшылығымен салалық өндірістегі мәселелер бойынша пікірлесті. Зауыт басшылары биыл 723 гектар алқаптан болжам бойынша 37 ц/га 2 700 тонна өнім жинау жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Ақ алтын» өңдеумен айналысатын мекеменің жұмысын оң бағалаған облыс әкімінің орынбасары Төрткүлдегі тағы бір өндіріс орны – «Нұр Агро 73» ЖШС мақта қабылдау және өңдеу зауытына барды. Зауыт директоры Нұрлан Батырбеков облыс әкімінің аграрлық салаға жауапты орынбасарына күзгі мақта жинау барысы туралы баяндады.
Кездесу барысында зауыт басшысы аталған мекемеде жылына 30000 тонна мақта өңделіп, дайын өнім Чехия, Канада мемлекеттеріне экспортталатынын жеткізді.
Айта кетерлігі, аталған мақта өңдеу зауыты 300 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр.
Назар аударарлығы, Қазақстанның киім, тоқыма және аяқ киім нарығының сыйымдылығы соңғы бір жылда 50%-дан астамға өсіп, 1,5 триллион теңгеге жетті. Жалпы саладағы отандық өнімнің үлесі 10%-дан 9%-ға дейін төмендеді. Импорт көлемімен салыстырғанда қазақстандық кәсіпорындар өздері небәрі 177,9 млрд теңгенің жеңіл өнеркәсіп тауарларын шығарады, тіпті отандық компаниялардағы өндіріс бір жылда ақшалай түрде 6%-ға өскенін ескерсек те, көрсеткіш тым аз. Бұл — «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ мәліметтері.
ҚР-дағы жеңіл өнеркәсіптің даму деңгейінің төмендігінің негізгі себептері шикізатты қайта өңдеудің жүйелі проблемалары. Қазақстанда мақта тек Түркістан облысында, оның ең оңтүстік аймақтарында өсіріледі. ҚР СЖРА ҰСБ мәліметінше, 2022 жылы облыс диқандары 3,6 миллион центнер мақта жинады, бұл өткен маусыммен салыстырғанда шамамен төрттен бірге (24,6%) көп. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, Түркістан облысында жиналған мақтаның тек 15%-ы ғана терең өңдеуден өтеді.
Шикізаттың негізгі бөлігі — бүкіл тоқыма өнеркәсібінің маңызды буындарының бірі — өңделмеген күйінде шетелге сатылады. Былтыр 30,2 мың тонна мақта талшығын экспорттап Қазақстан 66,8 миллион АҚШ доллар тапты. Біздің тұтынушыларымыз Молдова, Латвия, Түркия, Өзбекстан және Қытай. Айтпақшы, соңғы үш ел Қазақстанға жіп, түрлі мата, үй тоқыма бұйымдарын және киім сатушы негізгі ел. Бұл сырттан әкелінген киімдердің біразы біздің мақтадан тігілген болуы мүмкін.
Шикізаттың қалған 15%-нан отандық кәсіпорындарда мақта және мақта маталары өндіріледі. Айтпақшы, соңғы бес жылда бұл өнімдердің өнеркәсіптік өндірісі күрт төмендеп, 2022 жылы ең төменгі көрсеткішке түсті. Мақта 48,8 мың тонна (2017 жылмен салыстырғанда 28,1%-ға азайған), мата — 11,6 миллион шаршы метр өндірілді (52,8%-ға азайған).
Сонымен қатар Ордабасы ауданында жүгері жинау маусымы да жалғасып жатыр. Ордабасы ауданының Төрткүл елді мекенінде 3392 гектар жүгері алқабы бар. Бұл қатарға ауыл тұрғыны Уәлихан Бұқарбайдың да егістігі кіреді. Ол биыл жүгерінің «гладиус» сортын еккен. Шаруа 3 гектар алқабынан 45 тонна өнім жинапты. Диқан өз өнімін Сайрам ауданына жөнелтіп, әр тоннасын 50 мың теңгеге сатпақ. Әрі жүгері жиынынан артылған силсты ауыл тұрғындарына тегін үлестіреді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.