Ордабасы ауданы Қараспан елдімекенінде жалпы ұзындығы 24,3 шақырымды құрайтын «Қараспан» магистральды каналы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда оның 5 шақырымы толық аяқталып отыр.
Мердігер мекеме «Мелиоратор» ЖШС-нің өкілі Самат Ергешбаевтың айтуынша, каналды жөндеу жұмыстары 2022 жылдың қараша айында басталған. 2024 жылдың соңында канал пайдалануға берілетін болады.
Тапсырыс беруші Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы болса, мердігер мекеме — «Мелиоратор» ЖШС-і. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард 344 миллион 721 мың 906 теңге.
Айта кетерлігі, канал толық аяқталған уақытта аудандағы 6 елдімекенді сумен қамтамасыз етеді.
Су демекші, ағымдағы жылдың 29 наурызы күні облыс әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданының тұрғындарымен кездескен болатын. Жиында Темірлан елді мекеніне қарасты ПМК мөлтекауданының тұрғыны ауыз су мәселесін көтерген. Қазіргі таңда “Таза су” мекемесі тарапынан аталған мөлтек ауданның шекарасына кейіннен қосылған 100-ден астам үйге (бес көше) ауыз су құбырын тарту жұмыстарын бастап кетті. Тартылып жатқан ауыз су жүйесінің жалпы ұзындығы 2 377 метрді құрайды. Жұмыстар үш кезеңмен жүргізіліп, 1,5 айдың ішінде аяқтау жоспарлануда.
Осыған байланысты Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов аталған жұмыстардың атқарылу барысын көріп, тұрғындармен кездесті. Аудан басшысы ауыз су құбырынан бөлек асфальт жол салу жұмыстарының сметалық құжаттамасы дайындалып жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен аппараттық жиын өтіп, облыс әкімі мен аудан әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы және ауданда «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының іске асырылуы қаралды. Аудан басшысы бірінші мәселе бойынша кейбір бөлімдер мен ауыл округтері тарапынан жұмыстардың тиісті деңгейде атқарылмағандығын айтып, жауапты мамандарға шара көрілетіндігін жеткізді.
Аудан тұрғындарының табысын арттыруға арналған “Ауыл аманаты” жобасын жүзеге асыру үшін жұмыс тобы құрылып, олар ауылдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Кооператив құру және ұйымдастыру жұмыстары да қолға алынған. Мәселен, Бадам ауыл округіндегі 5 кооперативтің 175 мүшесі тіркелген. Оның ішінде 37 азаматтың құжаты “Ырыс” МҚҰ қаралуда. Аудан әкімі жауапты азаматтарға бұл жоба бойынша тиісті жұмыстарды мейлінше жандандыруды тапсырып, жобаның жүзеге асырылуы қатаң бақылауда екендігін жеткізді.
Осы тұста атап өтер жайт, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен келіп, Шұбар және Бадам ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен болатын.
Шұбарлықтармен болған кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміз бойынша іске асырылып жатқан “Ауыл аманаты” жобасы, оның ішінде ауылдағы азаматтардың тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие туралы толыққанды ақпарат берілді.
Аталған жоба аясында Ордабасы ауданында Шұбар және Бадам ауылдық округтері пилоттық үлгіде таңдалып алынған. Мысалы, Шұбар ауылдық округінде мал бордақылау бағытына басымдық беріліп отыр. Қазірдің өзінде 70-тен астам шұбарлық азамат тиісті қаржы ұйымына несие рәсімдеу үшін құжаттарын өткізіп үлгерген.
”Ауыл аманатының” артықшылығы — берілетін несие пайызының аздығы, әрі ауылдық жердегі үйді кепілдікке қоюға болатыны. Сондай-ақ аталған жобаға кез келген жұмыссыз ауыл тұрғынының қатыса алатыны.
Кездесуге келген шұбарлықтар облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлына, аудан әкімі Нұбек Бадырақовқа жоба және несиелеу шарттарына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Облыс әкімінің орынбасарының келесі кездесуі Бадам ауылындағы “Бөрте милка” сүт фермасында өтті. Онда ол бірнеше кооператив төрағаларымен кездесіп, “Ауыл аманаты” жобасының тиімділіктерін түсіндірді.
Айта кету керек, Бадам ауылдық округінің тұрғындарына 2,5 пайызбен сүтті бағыттағы ірі қара алуды несиелеу жүзеге асырылмақ. Себебі, онда “Бөрте милка” сүт фермасы орналасқан. Қазіргі таңда ферма 30% ғана көлемде өнім шығаруда. Толық қуатқа өту үшін қосымша шикізат (сүт) қажет. Оның бір ғана жолы-тұрғындардан белгіленген бағада сүт жинау.
Кездесуде сүт бағытындағы ІҚМ несиелеуден бөлек, Бадам ауыл округіндегі жылыжай шаруашылығына да мүмкіндік беру жолдары сөз болды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.