Түркістан облысы: Ордабасы ауданындағы «Орда-Басы-Агро» АӨК озық технологиялар және ғылыми негіздемелермен жарақтанып, жүгері өсіруден мол пайда табады

Бөген ауылдық округінде «Егістік алқаптарды тиімді пайдалану» атты аудандық семинар өтті. Шаруаларды агросектордағы жаңа әдіс-тәсілдерді үйретуге арналған жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Әлім Сайдалиев, барлық ауылдық округтердің шағын шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.

Аудан басшысы ауыл шаруашылығына қажетті техникалар көрмесімен танысып, шаруа қожалықтарының басшыларымен пікірлесті. Алқалы жиында аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің биылғы көрсеткіштері, «Терең қопсыту – мол өнімнің кепілі» тақырыбы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріске жаңа инновациялық технологияны енгізу арқылы өнімділікті арттыру, аз шығын жұмсап, мол өнімге қол жеткізу бағыты жөнінде баяндама жасады.

Көшпелі семинарға спикер ретінде шақырылған Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өсімдік бөлімінің меңгерушісі Жеңісбек Абдраймов пен «Hermes» ЖШС-нің директоры Ильмар Гаджиев агротехнология ғылым мен практиканың өзара әрекеттесуі, органикалық негізде жермен жұмыс істеу тәсілдеріне көшу, топырақ құнарлығын анықтау, агрохимиялық зерттеудің маңыздылығы туралы арнайы шеберлік сағатын өткізді.

Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы семинарға келген шаруашылық өкілдеріне аталған жиыннан алған тәжірибені өз ауылдарында кәдеге жаратып, егіс көлемін ұлғайтып, Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосуға шақырды.

Көшпелі семинардың соңында қатысушылар «Орда-Басы-Агро» АӨК-нің озық технологиялар және ғылыми негіздемелермен жарақтанған жүгері өсірудің жемісті тұстарымен және егістік алқаптағы жүгері жинау науқанымен танысты.

Қисыны келгенде айта өтейік, Отырар ауданында да «Дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыру» жөнінде семинар-кеңес өтті. Семинарға Ө.О.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институты мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің ғалымдары, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, аудан шаруалары қатысты.

Жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып, аграрлық саладағы әлемдік заманауи ғылымның даму үрдісін үлкен тәжірибемен ұштастыра отырып өнім көлемін арттыру жолдарын игерудің маңыздылығын атап өтті.

Семинар барысында Ө.О.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Пошанов Мақсат Нұрбайұлы топырағы тұзданған егістік алқаптарында дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыру мақсатында қолданылатын агротехникалық, агрохимиялық іс-шаралар туралы баяндаса, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университеті география және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Лайсханов Шахислам Ұзақбайұлы Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлері топырақтарының тұздану жағдайы және жүгері дақылының өнімділігіне әсері туралы ғылыми жұмыстарын таныстырды.

Сондай-ақ жиында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Алим Сайдалиев өңірімізде ғылым негізіне сүйеніп жетістікке жеткен шаруалардың аз емес екенін айтса, «Explanta» ЖШС-нің сату менеджері Дәурен Джайдакбаев пен «Төребек» ЖШС төрағасы Төребек Дайрабаев бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде өнім көлемін арттырудағы тәжірибелерімен бөлісті.

Шаруалардың қызығушылығын арттырған семинар жұмысына қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, жан-жақты мәліметтер алды.

Отырар ауданындағы топырақтардың тұздылығының жүгерінің өсіп-өнуіне әсерін зерттеу және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу жұмыстары арнайы кітап жинаққа енгізілген болатын. Шара барысында «Отырар ауданының агроландшафттары» атауымен жарыққа шыққан кітаптың лентасы қиылып, шаруаларға таратылып берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin