Түркістан облысы: Ордабасы ауданындағы су қоймасы мен каналдардағы жағдай бақылауда тұр

Аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудан прокуроры Абзал Қыдырбай Бөген ауылдық округіне барып, стратегиялық маңызы бар “Бөген” су қоймасының қазіргі жағдайын бақылап көрді.

Су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Сыйымдылығы 370 миллион текше метрді құрайды. Су қойма 67,8 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етеді. Су қойманың негізгі су көздері – «Арыс» магистральды каналы және Бөген өзені. Су қоймасынан егістік жерлерге ағын су Түркістан магистральды каналы (су өткізу қабілеті – секундына 43 текше метр) және Бөген қашыртқысы (су өткізу қабілеті – секундына 80 текше метр) арқылы босатылады. Қазіргі таңда қоймада 300 миллион текше метрден астам су бар. Қоймаға айтарлықтай төтенше жағдай қаупі төніп тұрған жоқ.

Айта кетейік, 2021-2022 жылдары су қоймада төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Жобаға мемлекеттік сараптама қорытындысын биыл маусым айында алу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, су қойманың беріктігін арттыру мақсатында 2022 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда су қойма апаттық жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті құралдармен (700 текше метр қой тас, 50 текше метр құм, 100 текше метр қиыршық тас, 10 тонна цемент және 1000 дана қап) қамтамасыз етілген.

Бұдан кейін аудан басшысы мен аудан прокуроры “Тұран су” кәсіпорнына қарасты Р-1 каналында атқарылып жатқан жұмыстарды барып көрді. Қазіргі таңда ұзындығы 11 шақырымнан асатын каналдың 3 шақырымға жуығы бетондалған. Айта кету керек, 2023 жылға облыстық бюджеттен аталған каналды жөндеуге қаржы қаралған. Аудан басшысы жөндеу жұмыстарын жүргізуде сапаға басты назар аударуды, мерзімнен кешіктірмеуді тапсырды.

Бөген ауылдық округіндегі Р-14 каналы да назар тыс қалмады. Шаруа қожалығының меншігіндегі бұл каналды ауданның балансына алу жұмыстары басталған. Өз кезегінде аудан басшысы тиісті сала мамандарына құжаттандыру жұмыстарын жандандыруды айтып, барлық процедуралардың заң аясында жүргізілуін міндеттеді.

Сонымен қатар аудан әкімі Азат Оралбаев “Найман” каналының да басында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап көрді. Бүгінде каналды “Қазсушар” мекемесі бетондап жатыр. Жалпы, каналдағы тиісті жұмыстар 2022 жылы басталып, сол жылы 2 шақырымы бетондалған. Ал, өткен жылы 1,5 шақырымы жасалынған. Кейіннен құрылыс материалдарының күрт қымбаттауынан жұмыстар тоқтап қалған. Қазіргі таңда жұмыс қайта жанданып, “Қазсушар” мекемесі бетондау жұмыстарына белсене кіріскен.

Өз кезегінде аудан әкімі бетондау жұмыстарын мерзімінде аяқтауды, сол маңдағы тұрғындарға, шаруаларға қосымша қазылған канал арқылы мерзімінде су беру керектігін айтты. Ауыл шаруашылығы бөліміне аталған мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Атап өтерлігі, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығына бейім Шардара ауданында да ауқымды жұмыстар жалғасын тапты. Яғни облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тапсырысы негізінде «Тұран су» МКК қазіргі таңда Ақшеңгелді және Достық ауылдық округінде төрт бірдей маңызды нысан құрылыстарын жүзеге асыруда.

Аталмыш ауылдарда Кеңестік кезеңде салынып, әбден тозығы жетіп тұрған ирригациялық су жүйелері толықтай жаңартылып жатыр. Аталмыш жобаға тапсырыс беруші Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы болса тиісті жұмыстар нәтижесінде екі округ бойынша жалпы ұзындығы 48,2 шақырымды құрайтын бетон арықтар толығымен жаңадан орнатылады. Бұл Ақшеңгелді және Достық ауылдарында ағын судың өз денгейінде жетіспеушілігінен игерілмей жатқан 3616 гектар егістік жердің қайта айналымға қосылуына мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда су арналарындағы құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатса екі бірдей ауылдық округі бойынша жалпы ұзындығы 28 шақырымнан асатын каналдар жаңартылып талапқа сай лоток қалқаншалар орнатылып үлгерген. Ал тиісті жұмыстар «Тұран су» мекемесі тарапынан уақытылы әрі тиісті нормалар мен ережелелерге сәйкес атқарылып келеді.

Ең бастысы, Ақшеңгелді және Достық ауылдық округіндегі ескі бетон каналдарды толық жаңалап қайта салу нәтижесінде мұндағы гидротехникалық құрылымдардың пайдалы әрекет коэфиценті артып, суармалы жерлер вегетациялық кезеңде жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз етіледі.

Орайы келгенде еске салайық, Түркістан облысында су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасып жатыр. «Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» және «ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, сыйымдылығы 18,5 миллион текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, жылына 31,0 миллион текше метр ағын су қосымша жеткізілуде. Ал «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды.

Нәтижесінде бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 миллион текше метр ағын су үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалар мен каналдардың тиімділігін молайту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керектігін ұдайы ескертіп отырады.

– Біз шаруаларды ағын сумен қамтитын жобаларға қолдау көрсетеміз. Бірақ әрбір нысанды құрылыс басқармасымен бірге ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан, қала әкімдері зерделеп барып салуы тиіс. Жобалардың нақты қанша гектар жердің жағдайын жақсартатынын алдын ала зерттеп, елге нақты пайдасы тиетіндей жүзеге асыру керек. Су үнемдеу технологиясын енгізу – заман талабы. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Каналдарды жөндеу мәселесі де бақылауда болады, – дейді Дархан Сатыбалды.

Қазіргі таңда өңірде 3 су нысанының құрылысы жүргізілуде. Олар: «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобасы, «Қараспан» магистральдық каналын күрделі жөндеу» жобасы және «Қараспан» су торабын күрделі жөндеу» жобасы.

Өңір басшысының қолдауымен облыстық бюджет есебінен су нысандарын қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға ұлғаюда. 2023 жылы 69 шақырым канал бетонмен қапталып, 11,5 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 каналды күрделі жөндеуге, сондай-ақ ұзындығы 488 шақырым қашыртқыларды механикалық тазалауға 8,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 7,8 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 19,4 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. 2023 жылы «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен аудан-қала аумағындағы жалпы ұзындығы 689,7 шақырымды құрайтын 187 дана су нысанына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 48,5 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі, 1,6 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.

Айта өтейік, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы барлық су қоймасын жөндеу мен қайта жаңғыртуға шамамен 2-3 триллион теңге қажет екенін мәлімдеді.

«Министрлік су шаруашылығы объектілері мен су қоймаларына инвентаризация жүргізді. Республика бойынша 4 мыңнан астам су қоймасы бар. Тұжырымдаманы іске асыру үшін енді жергілікті атқарушы органдармен кешенді жоспар құру керек. Бүгінгі күні әр жергілікті атқарушы органмен бекітілген кешенді жоспар бар. Соған сәйкес тек су қоймалары ғана емес ирригациялық жүйе, цифрландыру жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 2-3 триллион теңге қажет», – дейді министр.

Естеріңізде болса, биыл жыл басында Үкімет отырысында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданған-ды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, құжат саладағы қазіргі ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр.

Тасымалдау кезіндегі судың өнімсіз шығынын 50-ден 25%-ға дейін төмендету, ал қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы, жоспарланған тәсілдерді іске асыру 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 миллион гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Осының арқасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің ауданы 1,3 миллион гектарға дейін өседі, шамамен 2,1 текше шақырым су үнемделеді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігі айтарлықтай артады деп күтілуде.

Бүгінде «hydro.gov.kz» цифрлық платформасын құру жұмыстары аяқталуда, онда су объектілері, гидротехникалық құрылыстар, су шаруашылығы бассейндері мен учаскелері, гидропосттар және т.б. жинақталған бірыңғай Су кадастры қалыптастырылатын болады. Оны биылғы ІІІ тоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар министр Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам су арналарын цифрландыру және суару жүйелерінің есебін автоматтандыру көзделгенін айтты.

Премьер-Министрдің айтуынша, суды тиімді пайдалану – аса маңызды міндеттердің бірі, сол үшін ұсынылып отырған Тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады.

«Оны іске асыру су ресурстарына мониторинг жүргізу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет. Тұжырымдаманың маңызды бағыты – су шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды салу және реконструкциялау. Көп жылдар бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді», – дейді Үкімет жетекшісі. 

Мысал ретінде Үкімет басшысы Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы – Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы стансалары жұмысының тиімділігі небәрі 30% екенін айтты. Үлкен Алматы каналына пайдалануға берілген кезден бастап 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген.

Одан бөлек, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральдық және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған – нәтижесінде 40% су ысырап болуда.

Үкімет басшысының сөзінше, тұжырымдаманың тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеуді ынталандыру. 

«Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде, ең алдымен, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды. Біз қазір фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50%-ын өтейміз. Биыл бұл межені 80%-ға дейін көтеру жоспарлануда», – деді Премьер-министр. 

Сонымен қатар Премьер-Министр елімізде су үнемдеу жүйелерін енгізу қарқыны төмен деңгейде қалып отырғанын айтты.

«Технологиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді. Сондықтан оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек. Мұндай жобалар қазірдің өзінде талқылануда. Оларды іске асыруымыз қажет», – дейді Премьер-Министр. 

Жалпы, Үкімет басшысы су ресурстарын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүйесін жолға қою керектігін айтты. Атап айтқанда, Ертіс өзенінің ресурсын аумақтар арасында қайта бөлуді қарастырудың маңызы зор.

Келесі кезекте – трансшекаралық суды пайдалану мәселелерін шешу. Үкімет басшысы көрші мемлекеттермен осындай келісімдерді әзірлеу аясында келіссөздер процестерін күшейту үшін маңызды аргументтер қалыптастыру жағына мән берілуі тиіс екенін атап өтті.

«Жалпы, Тұжырымдамада жоспарланған барлық іс-шараны сапалы іске асырып, оған жауапкершілікпен қарау еліміздегі су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірге оны тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», – дейді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы Тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін Су саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қарастырылғанын айтып өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin