Түркістан облысы: Ордабасы ауданындағы Төрткүл елді мекенінің тазалығы мен абаттандырылуы назардан тыс қалған емес

Аудан әкімі Азат Оралбаев жұмыс сапарымен Төрткүл елді мекеніне барып, тоғыз жолдың торабындағы ауылдың тазалығын, абаттандырылуын бақылап көрген болатын.

Ауылды кіре берістен жаяу аралаған аудан басшысы бірінші кезекте жол бойының тазалығына назар аударды. Ауыл әкіміне жол жиегіне бей-берекет қоқыс тастағандар болса, оларды анықтап, заң аясында шара көруді тапсырды. Сондай-ақ қоршауларды, электр бағаналарын, бардюрлерді сырлау, ағаштарды ақтау, бұтау, тозығы жеткен кейбір нысандардың қасбеттерін ретке келтіру жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді.

— Атқарылып жатқан жұмыстар әлде де көңіл көншітпейді. Жұрт ауылдың келбетіне қарап әкімінің жұмысына баға береді. Оң баға алу үшін тек жұмыс істеу керек. Тек ауылдың орталығына ғана емес, округтегі басқа да ауылдарға көңіл бөлген абзал. Тазалық жұмыстарына тұрғындардың да атсалысқаны маңызды. Сондай жұмыстарды ауылдың әкімі ұйымдстыра білуі тиіс, — дейді аудан басшысы.

Айта өтейік, Төрткүл (2018 жылға дейін Төрткөл деп аталды) — Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы ауыл, Төрткөл ауылдық округі орталығы. Аудан орталығы – Темірлан ауылынан солтүстік-батысқа қарай 48 шақырым жерде. Құрамына Ақсоры, Арыстанды, Елшібек батыр, Еңбекші, Жайылма, Көкарал, Қызылжар, Нұра, Спатаев, Төрткүл ауылдары кіреді. Орталығы – Төрткүл ауылы.

1962 жылы құрылған Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы және 1978 жылы құрылған “Көкарал” мақта өсіретін кеңшардың орталығы болды. Кеңшар негізінде Төрткүлде және округке қарасты ауылдарда мақта шаруашылығымен айналысатын «Ізбасар» ЖШС, «Қызылту», «Саға», «Иген» ӨК-тері құрылды. Төрткүлде Қарсыбай Сыпатаевқа ескерткіш-мүсін орнатылған.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл Төрткүл ауылдық округінде 15 мыңға жуық халық тұрады. Бұл елді мекенде 1991 жылы Қазақстан бойынша үшінші салынған мешіт бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін бой көтерген Алланың ақ үйіне «Жолдас молда» есімі берілген. Себебі, ХХ ғасырда Жолдас атты азамат ислам дінін насихаттап, осы аймаққа таратқан. Ел аузында бұл молда туралы бір әңгіме бар. 1960 жылдары Төрткүл Түркістан қаласына қараған. Сол кезеңде киелі шаһарға Арабиядан делегация келіп, міне, сол арабтарға Жолдас молда аудармашы болған деседі.

Ықылым заманнан бері Төрткүл деп аталып жүрген елді мекен 2005 жылы атауын өзгертті. Ордабасы ауданы әкімінің шешімімен «Төрткөл» болып. Бірақ тарих ақиқатты сүйеді. Оны ой-қиялмен өзгертіп, қиянат еткенді кешірмес.

«Мен Ұлы далада өсіп, ес білгенмін. Кіндігімді Төркүлде кестіргенмін. Атанған дүниенің төртбұрышы, тоғыз жолдың торабы Төрткүлденмін» — деп жүрген осы аймақтың көзі қарақты, көкірегі ояу тұрғындары бағзы замандағы атауды бүгінде кері қайтарды. Тоғыз жолдың торабына жайғасқан Төрткүл ауылдық округі 10 елді мекеннен тұрады. 7 жалпы орта мектеп, 3 бастауыш сынып бар. Соның ішіндегі Көкарал білім ошағында музей ашылып, аймақтың тарихы жинақталған. Яғни, Төрткүлден шыққан тұлғалар мен өткен кезеңмен байланысты мәлімет іздесеңіз Омар ата есімімен аталатын мұражайдан табасыз.

Төрткүл өңірінде үлкендігі кішігірім жотадай «Шынжыр әулие» деген бейіт бар. Ауылдық округтің тұрғындары үшін ол маң құдыретті. Біз бен сіз білмейтін сыры бар бейіт басына бару үшін көлігіңізді жол жиегіне қойып, 2 шақырымдай кедір-бұдыр жолмен жаяу жетесіз. Жазық далада жалғыз тұрған бұл бейітте, ертеде ақ мәрмәр тасқа араб әріптерімен жазылған жазуы бар құлпытас болған. Бірақ нақты кімнің жерленгені, оның қадыр-қасиеті белгісіз. Бар білгеніміз, өз заманында халық жоқшысы, қысылғанда ақыл берер ақылшы, татулықтың дәнекері болған абзал бабаның сүйегі жерленген жер. Бейітке адам баласы жақындаса, шынжырдың үні естіліп тұратын болған. Мәселен, осы ауылдық округте Қалдыбай есімді тұрғын өмір сүреді. Жерлестеріне Сарыбай молда деген лақап атпен танылған азамат сол шынжырдың даусын естіп, содан кейін ойын баласы бұл маңға бас сұқпайтын болыпты. Өкініштісі, шынжыр әулиенің бейіті жермен-жексен етіліп тегістеліп, құлпытас із-түзсіз жоғалған. Қазір зерттеуді қажет етіп тұрған тарихи орынның бірі — бұл.

«Туған жердің әр тасы — біздің алтын тағымыз» деген дана сөз бекер айтылмаған. Төрткүл өңірінің топырағы, суы, ауасы ойшыл бабаларымыздың рухымен нәрленіп, оны бойына сіңірген. Мұнда талайлардың киелі ізі қалған. Соның бір дәлелі деп Төрткүл төбесін айтуға болады. Ауылдың шетінде мен мұндалап көзге көрініп тұрған төбе расында төртбұрышты. Атауына сәйкес келіп тұрған бұл маңға археологиялық қазбалар жүргізілгенде, ыдыс сынықтары мен дәнүккіш табылыпты. Тарихшылар 6-11-ші ғасырларда өмір сүрген қала осы төбенің астында қалғанын анықтап, бірақ зерттеулер аяқсыз қалыпты. Бұл маңға ата-жұрты атам заманнан бері тұрақтаған қазыналы қартты ерте барғанымызда біз білмейтін сырды естідік. Елеусіз жатқан Төрткүл төбеге ентігіп шыққан ақсақал бала кезде осында ойнап, әке-шешесінен сөз естіген. Қыш құмыраның сынықтары тарыдай шашылып жататын төбені киелі депті. Тіпті бір кездері ауылдық округтің бір тұрғыны осы маңдағы жерді ауыр соқамен қазып жатқанда қаза тауыпты. Яғни, киесі топырағын түрттіруге жол бермейтін төбе археологиялық зерттеуді қажет етіп тұр.

«Қазақстанның жер-су аттары» сөздігінде Төрткүлдің атауы туралы мынандай мәлімет жазулы. Топырақ үйінділерінен тұрғызылған көне және ерте орта ғасырлардағы бекініс орындары Төрткүл деп аталған екен. Жол бойындағы аталмыш ауылдық округте 1960 жылға дейін ескі бекеттің керуендер тұрағы «Рыспанбет сарайы» және керуендердің аялдамасының сұлбалары сақтаулы тұрған. Сол баға жетпес құндылықтар Арыс-Түркістан арнасы пайдалануға берілгеннен соң егіс алқабына айналып, тегістеліп кетті. Мұны тіпті жергілікті жұртта растап берді.

Аудан әкімі Төрткүлдің тазалығынан бастап басқа да атқарылуы тиіс жұмыстар жіті бақылауда болатындығын айтып, сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Абаттандыру демекші, Ордабасы ауданында 150 көше жарықтандырылған. Биыл 15 көшеге жарықтандыру құралдарын орнату жұмыстары жүргізіліп, қамту деңгейі 22,4%-ға жетеді.

2024 жылдың басынан жалпы аудан бойынша жалпы құны 9 балалар ойын алаңшасы мен 3 спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қосымша 25 балалар ойын алаңшасы мен 3 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі.

Аудан орталығы Темірлан ауылында 6 саябақ, скверлерді абаттандыру жұмыстары және Ордабасы тауын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында, 6 көшеге аяқ жол салу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, елді мекендерді көріктендіру мақсатында 3 елді мекеннің жол бойынша қоршау жұмыстары, су бұрқақ жөндеу, 5 аялдама орнату, 3 көше қиылысына бағдаршам орнату және 6 қауіпті аймаққа «Сергек» бейне бақылау камерасы орнатылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin