Аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында АЭС салу бойынша жалпыұлттық референдумды өткізуді түсіндіру мақсатында зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым төрағалары мен ауданның «Құрметті азаматтары», жалпы білім беретін мектептердің физика және биология пәнінің тәжірибелі ұстаздарынан құрылған ынталы топ кітапханашылармен кездесті.
Кездесуге аудандағы жалпы кітапхана және барлық мектеп кітапхана қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында «Ынталы топ» төрағасы Б.Жәкей: «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуы тиіс. Атом электр станциясы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы қажет. Референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл халқымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім. АЭС салу және пайдалану өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, бұл дегеніміз жұмыссыздықты азайтуға және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді» — дей келе, қазіргі біздің және сіздің міндетіміз ретінде еліміздің жарқын болашағы үшін алдағы 6 қазан күні өтетін референдумға қатысып, өз таңдауларымызды дұрыс жасауды ұсынды.
Топ мүшесі Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының физика пәні мұғалімі Б.Сарыбай АЭС салудың артықшылықтары мен тиімділігі туралы баяндады. Баяндама барысында дамыған елдердің АЭС салу тәжірибелері, елдің экономикалық әл-ауқатының артуы мен ғылымның дамуы жайында айтылды.
Сонымен қатар, аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Тайтелиева атом электр станциясын салу еліміз үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, референдумда әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін жеткізді.
Жиын соңында аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкері Гүлзада атом электр станциясының халыққа пайдасы мен зияны туралы және қай жерде салынатыны жөнінде сауалын қойып, білікті ұстаздар тарапына дәйекті жауап берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.