![]()
Қыстың алғашқы айы соңына таяп келеді. Ал биыл Түркістан қаласында жылыту маусымына дайындық толық аяқталып, барлық орталық қазандықтар белгіленген мерзімде іске қосылды. Бүгінде жылу беру процесі тұрақты бақылауда ұсталып, жауапты қызметтер жұмысын үйлесімді жүргізіліп жатыр.
Қала аумағында ұзын-ырғасы 18 қазандық жұмыс істеп тұр. Яғни қаладағы жылу жүйесін 18 модульдік қазандық басқарады. Түркістан қаласында биылғы жылу маусымы қазан айының 25–26 күндері ресми түрде басталды. «Жылу» МКК басшылығы 2025–2026 жылдардағы маусымда шаһарды жылумен қамтамасыз ету жұмыстары толық жолға қойылғанын мәлімдеді. Егер кез келген нысанда ақау орын алса, мәселе қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссияда қаралып, бекітілген төрт жедел топ оны қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады.
Қазандықтың 12-сі орталық жүйе арқылы тұрғындарды үздіксіз жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. І–ІІ мөлтекаудандарындағы 75 көпқабатты тұрғын үй мен 97 әлеуметтік нысанның жылыту жүйелеріне тексеру жұмыстары жүргізіліп, анықталған мәселелер уақтылы реттелді.
Табиғи газбен жабдықтау бағытында да бақылау күшейтілген. Қазіргі таңда қала бойынша 45 614 абонент газ жүйесіне қосылған. Оның ішінде 77 мектеп пен 141 балабақша тұрақты түрде газбен қамтамасыз етіледі. Жыл басынан бері 31 мыңнан астам абоненттің газ жабдықтарына техникалық тексеру жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарын түсіндіру бойынша шаралар атқарылды. Сондай-ақ қауіпсіздік профилактикасы аясында 120 тұрғын үйге газосигнализатор орнатылды.
Жылыту маусымының тұрақты және қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында барлық жауапты мекемелердің атқарған жұмыстары — Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан күнделікті бақылауда.
Естеріңізде болса, қараша айының ішінде қала аумағында жылу жүйесінің тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы профилактикалық жұмыстар атқарылды. «Жылу МКК» мамандары тұрғын үйлерді аралап, пәтерлердегі жылу көрсеткіштерін тексеріп, қажетті техникалық шараларды жүзеге асырды. Тексеру барысында жүйедегі ауа шығарылып, жылыту батареяларындағы температура деңгейі реттелді. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан түскен өтініштер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жылу беру сапасының талаптарға сай болуы бақылауға алынды.
Түркістандық «Жылу» мекемесінің маманы мемлекеттік наградамен марапатталды
Иә, иә, жылуға жауапты жұмысшы мамандардың төгілген тері зая кетпейді екен. Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығына сәйкес, елдің энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Түркістан қаласының тұрғыны, «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының шебері Әбжәлі Мәуленұлы Бузав «Құрмет» орденімен наградталды.
Әбжәлі Мәуленұлы еңбек жолын 1979 жылы бастаған. Әр жылдары күзет қызметі, теміржол саласы және өндірістік кәсіпорындарда еңбек еткен. 2010 жылдан бері Түркістан қаласындағы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жұмыс істейді, ал 2013 жылдан бастап «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Жылу жүйесі бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.
Ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін мемлекеттік және қоғамдық деңгейде бірнеше мәрте марапатталған. 2022–2023 жылдары «Ел ардақтысы», «Үздік қызметкер», «Еңбек даңқы» медальдары мен салалық төсбелгілердің иегері атанды. Мемлекеттік награда саланың дамуына сіңірген көп жылғы еңбегі мен энергетика саласына қосқан үлесі үшін берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
