Бүгін аудан орталығындағы алаңда Бадам, Шұбарсу, Шұбар, Бөржар, Төрткүл, Жеңіс, Қараспан, Бөген, Қарақұм ауылдық округтердің әкімдеріне салтанатты түрде жаңа техникалардың кілттері табысталды.
Тіркемесі бар «МТЗ 89.1» маркалы тракторларды сатып алуға жергілікті бюджеттен 65,5 миллион теңге қаралған.
Шараға арнайы қатысқан аудан басшысы Азат Оралбаев жаңа техникалар елді мекендердегі санитарлық тазалық, қыс мезгілінде автомобиль жолдары тазалау, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуде мол септігін тигізетінін айтып, ауыл әкімдерінің жоғарыда аталған бағыттар бойынша нәтижелі жұмыс атқаратындықтарына сенім білдірді.
Салтанатты шараға аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, ақсақалдар мен сала мамандары қатысты.
Айта кету керек, «Темірлан тазалық» мекемесінде санитарлық тазалық жұмыстарын және абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге арналған 26 арнайы техника мен 88 қызметкер бар. Олар 4 секторда жұмыс жүргізеді.
Естеріңізде болса, қыркүйектің 14-інде ғана аудан әкімі Азат Оралбаев Бадам, Шұбар, Шұбарсу ауыл округтеріндегі бірқатар нысандарды аралаған болатын.
Алдымен аудан басшысы сала мамандарымен бірге Бадам ауыл округіне қарасты Ордабасы елдімекенінде болып, ондағы ауыз судың уақытылы берілуін және ауыл тұрғындары толығы дерлік ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырды. Аталған елді мекенде жаңадан төселген тас жолмен танысып, сала орынбасарына ауылдарда жүргізіліп жатқан жол мәселесінің стандартқа сай сапасына мән беріп қадағалауды міндеттеді.
Тұрғындардың өтініші негізінде көптеген елді мекендерде балалар ойын алаңшаларының құрылысы жүргізіліп, толық пайдалануға берілуде. Соның бірі Ордабасы ауылына жаңадан салынған ойын алаңшасымен танысқан аудан әкімі алаңшаға кіретін жолды бетондап, кіретін есігін дұрыстау керектігін айтты. Және сондағы ауыл тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
Мұнан соң, Бадам ауылындағы су жинақтауыш мұнараның құрылысымен және аяқталуға жақын спорт кешеннің қазіргі жұмыстарымен танысты. Аталған нысандар сапалы әрі өз мерзімінде аяқтауды тапсырды. Табиғи газ мәселесі аясында Шұбар, Шұбарсу ауылдарына газ жеткізуші ҚТИА жобасының құрылыс барысын пысықтады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.