Түркістан облысы: Ордабасы ауданында Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлікке тағзым — ұрпаққа үлгі» атты іс-шара ұйымдастырылды

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы аудан орталығында жоғары деңгейде аталып өтті. «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты шара халықтың батыр бабалар рухына деген тағзымы мен құрметінің айғағына айналды.

Салтанатты іс-шара зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер мен жастардың қатысуымен ауданның Орталық саябағында өтті. Шара саябақта арнайы ұйымдастырылған көріністермен басталды. Саябақ аумағында зұлмат жылдарды еске түсіретін әскери шатырлар құрылып, аудан өнерпаздары соғыс тақырыбында әсерлі сахналық қойылым көрсетті.

Мемлекеттік Әнұранның асқақ әуенімен жалғасқан іс-шарада майдан даласында жанын пида еткен қаһармандардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етіліп, саябақтағы ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды.

Мерекелік жиын Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ашылу салтанатында аудан әкімі Азат Оралбаев құттықтау сөз сөйлеп, «Ер басына күн туып, етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» сұрапыл жылдардағы батыр бабаларымыздың өлшеусіз ерліктері ешқашан ұмытылмайды» — деп, батыр бабаларымыздың ерлігі мен тылдағы қажырлы еңбектің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Ұлы Жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ардагерлерге бұл құрметті марапатты аудан басшысы арнайы табыстады.

Шара барысында, облыстық мәслихат депутаттары Дулат Әбіш, Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков сөз кезегін алып, жиналған қауымды Ұлы Жеңістің мерейтойымен құттықтап, жастарды бейбіт өмірдің қадірін білуге шақырды. Облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш ауданнан шыққан Ұлы Отан соғысының Батырлары жайлы тың деректерді ортаға салды.

Айта кетейік, Ордабасыдан Берген Исаханов, Бейсен Оңтаев, Қарсыбай Сыпатаев, Сыдық Ысмайылов сынды азаматтар Кеңес Одағының Батыры атанған. Ал қазіргі күндегі облыстағы 8 Отан соғысы ардагерінің біреуі аудандағы соғыстың соңғы солдаты Қалмен Мұратов ортамызда жүр.

Келесі кезек жақында республикалық ән байқауында жеңіске жеткен аудандағы «Дарын» тобының патриоттық «Қазақ елі» әніне беріліп, жүргізуші барша жұртқа іс–шараның «Самұрық» аллеясында жалғасын табатынын мәлімдеді.

Аллея алаңында аудандық әскери қызметкерлер сап құрып, аудандық әскери комиссариат басшысы Бақдәулет Ташпулатов рапорт берді.

Мерекелік шара одан әрі аудандық Мәдениет үйіндегі Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Аудан әкімі Азат Оралбаев құттықтау сөз сөйлеп, Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай мемлекетте өтіп жатқан ауқымды шараларға, сұрапыл соғыстағы жеңіске еліміздің қосқан үлесіне кеңінен тоқтала келіп, қазір ортамыздағы жасы 100-ден асқан соғыстың соңғы солдаты — Қалмен Мұратов ақасақал мен ерен еңбекпен жеңісті жақындатқан 162 тыл ардагерлерінің аудан жұрты үшін мақтаныш пен өнеге болғанын атап өтті.

Концерт барысында патриоттық әндер шырқалып, жастардың әскери-патриоттық қойылымдары көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Жас сарбаздардың шынайы қойылымдары арқылы ел рухын көтеріп, көрермендердің көңілін толқытты.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin