Түркістан облысы: Ордабасы ауданының орталығында заман талабына сай спорттық-сауықтыру кешені бой көтеріп жатыр

Жуырда аудан әкімі Азат Оралбаев Темірлан елді мекенінде бой көтеріп жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.

Аталған нысан 250 орынға ыңғайластырылған. Құны 1 миллиард 33 миллион теңгені құрайды. Республикалық бюджет есебінен салынып жатқан кешеннің құрылысы 2023 жылдың мамыр айында басталған. Осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Өз кезегінде сапаны бірінші кезекке қойған аудан басшысы құрылыс нысанын аралау кезінде бірқатар кемшіліктерге назар аударып, оларды тездетіп жоюды тапсырды. Сонымен қатар, кешеннің заман талабына сай болуын айтып, салаға жауаптыларға жұмыстың сапалы әрі уақытында тапсырылуын бақылап отыруды міндеттеді.

Еске салайық, Ордабасы ауданы бойынша ағымдағы жылы 3 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ:

— Темірлан ауылынан 250 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы;

Қажымұқан ауылынан Қ.Мұңайтпасұлы атындағы мәдениспорт кешенінің құрылысы;

— Бадам ауылынан спорттықсауықтыру кешенінің құрылысы;

Ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Көкарал, Көлтоған ауылдарынан жергілікті бюджет есебінен 2 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға беріледі.

Аудан тұрғындарын спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау және ұлтаралық қатынасты нығайту мақсатында ауданда 247 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. Кіші футбол алаңшалары мен салынып жатқан спорт нысандарының арқасында ауданның спорт инфрақұрылымы жақсаруда.

Мәселен, былтыр Шұбарсу елді мекенінде “Ордабасы ART” спорт кешені ашылды. Жалпы, Ордабасы ауданы — талай-талай спорт саңлақтарын өмірге алып келген киелі өлке. Осында әлемді мойындатқан күш атасы, атақты палуан Қажымұқан бабамыз өмір кешкенін мақтанышпен айта аламыз. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан осындай өлкеден ҚР еңбегі сіңген 11 жаттықтырушы, 3 спорт қайраткері, 22 Әлем жеңімпазы, 19 Азия жеңімпазы, 25 Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері, 58 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 130-дан аса спорт шебері шыққан. Міне, осындай жетістіктердің барлығы — мемлекетіміздің спорт саласына деген көп көңіл бөлуінің, азаматтардың спортқа деген қызығушылығының арқасы.

Айта кету керек, аталмыш спорт кешенінде қазақ күресі, еркін күрес, бокс, таэквондо, каратэ-до, грек-рим күресі, жекпе-жек, үстел теннисі, шахмат үйірмелері жұмыс істейді. 15 жаттықтырушы 1000-ға тарта балаға 50 топпен қызмет көрсетеді.

Жалпы, Түркістан облысында 3814 спорт нысаны тіркелген. Оның 2673-і білім беру мекемелерінде орналасқан. 3056 нысан — ауылдық жерде (80%), 758 нысан қалалы жерде (20%) тіркелген. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 38,4 пайызға жетіп (жоспар: 31 пайыз), жоспар толығымен орындалған.

Алайда бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту керек. Аталған мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының ұдайы бақылауында тұр. Өңір басшысы жыл басында олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға басымдық беріп, типтік үлгідегі спорт кешендерін салуды тапсырғаны — есімізде.

– Спорт саласында Түркістан облысының өз басымдықтары болуы тиіс. Олимпиада бағдарламасына енген белгілі бір спорт түрлеріне маманданып, нәтиже шығаратындай жағдай жасайық. Ол үшін барлық аудан, қалада типтік үлгідегі спорт кешенінің жобасын ұсыныңыздар. Сараптайық, қарап шығайық. Екіншіден, спортта әр ауданның өз ерекшелігі, басымдығы болуы тиіс. Мысалы, Шардара қол күресін жақсы дамытты, Түлкібаста күрес жақсы жолға қойылған. Осы жағын да зерделеп, нақты жоспар жасауды тапсырамын. Спорт кешендерін салуға инвесторларды да тартқан жөн. Бірақ нысан салатын аумақты әкімдіктер ұсынып, қадағалауы тиіс. Спорттың нысандар салу, инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасады, – деген Дархан Сатыбалды спорттық инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші төмен аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды ескертті.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, облыста спорт инфрақұрылымын саралау нәтижесімен ауылдық жерлерде спорт нысандарын қажет ететін 96 елді мекен анықталып отыр. Талапқа сай емес спорт нысандары сарапталып, есептен шығарылуда. Былтыр «Ауыл – Ел бесігі» республикалық жобасы аясында өңірде 7 нысан (Бәйдібек – 2, Созақ – 1, Төлеби –1 Жетісай – 2, Мақтаарал – 1) құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. 2024 жылы 12 нысан құрылысы аяқталады.

2023 жылы аудан, қалаларда 44 нысан жеке инвестициялар есебінен салынып, пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі – 3 миллиард 939 миллион теңге.

Былтыр спорт мекемелері ғимараттарында 5 ағымдағы және 1 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы 3 мекемеге 56 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мәжілісте ескек есу каналының құрылысын жалғастыру мәселесі де қаралған-ды. Жоба толық жүзеге асу үшін қаражат керек. Ұсыныстар қарастырылады. Сонымен бірге халықаралық талапқа сай атшабар мен Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің құрылысы да талқыланды. Атшабарда ат спортын дамытуға, ірі жарыстар, бәйгелер, көкпар бәсекесін өткізуге барлық жағдай жасалмақ.

Жанкүйерлер секторы да заман талабына сай жасақталады. Жарықтандыру жүйесі жасалып, балаларды атқа мінуге үйрететін орын да жасақталмақ. Ал Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Биыл жазда тапсырылады деп күтіліп отыр. Облыс әкімі аталған нысандардың құрылысын сапалы әрі уақтылы аяқтау жөнінде тапсырма берді.

Айта кетейік, Түркістан облысында 100 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері мен кәсіпорындары тіркелген. Онда 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) спорт түрі дамытылып, 2426 жаттықтырушы 60173 баланы кәсіби түрде спортқа баулып жатыр.

Расы керек, елімізде кәсіпқой спорт пен бұқаралық спорт құстың қос қанатындай қатар дамып келеді. Бұған еліміздегі саламатты өмір салтын ұстанушылар қатарының жыл сайы­н артуы дәлел. Бүгінде аудандар мен ауылдарда спорттық-сауықтыру кешендерінің көптеп салынуы аталған бағытқа үлкен серпін беріп отыр.

Әр дені сау, денесі шымыр ұрпақ – ұлттың басты бай­лы­ғы. Әсіресе, балалар мен жас­­­өспірімдердің оқумен қатар спорт­пен шұғылданып, жан-жақ­ты дамуына қолайлы жағдай жасау – кейінгі ысыруға болмайтын міндет. Осыған орай Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға әр Жолдауында айрықша назар аударып келеді. «Елімізде кәсіби спортпен қатар бұқаралық спорт қарқынды даму үстінде. Әсіресе балалар денешынықтырумен белсенді айналысатын болды. Сол себепті мемлекет ауылдық және қалалық жерлерде жаңа спорт нысандарын салып жатыр. Сондай-ақ алдағы жылы елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойы­ны өтеді. Спортшыларымыз Жазғы олимпиадаға қатысады. Түптеп келгенде, әр азамат өз са­ласының нағыз маманы болуы керек. Сонда ғана Отанымыз өсіп-өр­кен­дейді», — деген Президент сөзі де с­алаға серпін берері сөз­сіз.

Осы тапсырманы орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жос­пар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Аталған жоспарға сәй­кес мем­лекет-жекеменшік әріптес­тігі аясында балалар мен жас­өс­пірімдерге арналған спорт сек­цияларына жан басына қар­жыландыру жүйесі енгізілді.

Қазір елімізде 8 милионнан аса адам жүйелі түрде спорт­­пен шұғылданады. Бұл – халықтың 40 пайызы. Яғни олар Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының ұсы­ныстарына сәйкес аптасына кем дегенде 3 сағат спортпен айналысады. Қазір елімізде азаматтарды жас ерекшеліктеріне қарай бұқаралық спортқа тарту жұмыстары жүріп жатыр. Кешенді іс-шаралар 3 пен 5 жас аралығындағы мектепке дейінгі балалардан бастап 65 жастан асқандарды қамтиды. Бекітілген талапқа сәйкес Туризм және спорт министрлігі 2029 жылға қа­рай халықтың тең жартысын спортқа тартуды жоспарлап отыр­.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2023 жылы халықты дене шынықтыру және спортпен қамту өскенін атап өтті. Өңірлер бойынша Атырау облысы (44%), Абай облысы (41,8%) көш бастап тұр. Оның айтуынша, денешынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 27,3%-ға (984 мың адам) жетті. Министрдің мәліметінше, былтыр мемлекеттік тапсырыс аясында 250 мың бала мен жасөспірім 7 мыңнан аса спорт үйірмесіне барған. Ал биыл аталған бағдарламамен 300 мыңға жуық бала мен жас­өспірімді қамту көзделіп отыр.

«Спорт инфрақұрылымын дамыта отырып, бұқаралық спорт­ты насихаттау – дені сау ұлт­ты қалыптастыру мәселе­сін­­дегі басты міндет. Осы­ған бай­­ланысты спорт нысанда­рының қолжетімділігін арттыру – мем­лекеттің ерекше ба­қы­лауында. 2023 жылы 1 000 адамды спорттық инфра­құры­лыммен қамтамасыз ету 52,2%-ды құрады. Сондай-ақ биыл «жылдам бой көтеретін 100 спорт­тық нысан» жобасын іске қосу жоспарланып отыр», — дейді Е.Маржықпаев.

Премьер-министр­дің орынбасары Тамара Дүйсенова денешынықтыру мен спортты одан әрі дамытуда халықаралық спорт ұйым­дарының тез өзге­ретін талаптарын ескере отырып, бұқаралық спортты дамыту жаңа тәсілдерді талап ететінін айтты.

«Бұқаралық спортты дамы­туға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей жатыр. Мәселен, 2023 жылы бұқаралық спортқа жұм­салған қаржы өңірлердің бюджет қаражатының жалпы кө­лемінің небәрі 0,061%-ын құ­рады. Сонымен қатар қаражатты бөлуде бұрмалану бар. Жо­ғары жетістіктер спортына жұм­салатын қаржы көлемі 97,2% болса, бұқаралық спортқа жұм­салатын шығыс небәрі 2,8% шамасында. Халықаралық тә­жірибе көрсеткендей, бұ­қа­ра­лық спортты дамытудың тиімді құралы – мектеп жасынан егде жас­қа дейінгі спорт лигаларын дамыту, оның ішінде жарыс алдында тікелей спорт командаларын құрудан тұрақты жұмыс істейтін командаларға көшу жолымен дамыту», — деді Т.Дүйсенова.

Қорыта айтқанда, мін­бер­­дегі министрдің сан-цифрын жоққа шығарудан ау­лақ­­пыз. Өйткені қазір мектеп оқушыларының әр­түрлі спорт секцияларына беруге мүм­кіндік бар. Бұған қоса айнала­мыздағы әр 10 адамның шамамен төртеуі әуесқой спортпен шұғылданатынын байқауға болады. Бірі теннис ойнайды, бірі жүгіреді, енді бірі фитнеске баруы мүмкін. Фитнес де­мек­ші, қазір әлемнің дамыған елдерінде бұл сала өркениет пен дамудың бір бөлігіне айналды. Олар бұқара халықтың қалтасы көтеретін баға қояды екен. Бұ­қаралық спорт дегеніңіздің өзі әуелі осы емес пе? Ал біздің ел­­дегі фитнес клубтардың бір ай­лық абонементі бір айлықтың ши­­регін қақшып қалады. Ойланатын, әрекет ететін мәселе де спорт саласында жетерлік.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin