Түркістан облысы: Ордабасы ауданының Шұбар ауылдық округінде тындырымды тірлік көп

Бұл жөнінде аудан әкімі Азат Оралбаевтың бектіліген кестеге сәйкес Шұбар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды.

Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Бекбосынов пен аудан әкімі аппаратының басшысы Жұманәлі Кәдиев, аудан әкімінің орынбасары Қыдыр Сейітқұл, аудандың ішкі істер бөлімінің және салалық бөлімдердің, мекемелердің басшылары, қоғам белсенділері және т.б.қатысты.

Аудан басшысы 2023 жылдың соңында болған кездесуде шұбарлықтар тарапынан 15 мәселе көтерілгенін, бүгінгі таңға олардың 7-нің шешілгенін айтып, қалғандары бойынша тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.

Мәселен, Жусансай және Сарытоғай ауылдарында ескі трансформаторлар жаңартылып, Аққойлы ауылындағы Ж.Пернебайұлы көшесіне жарықтандыру құралдары орнатылып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ Шұбар ауылындағы О.Жандосов көшесінің көше жарығы ретке келтірілген.

Жалпы, аудан бойынша 150 көше жарықтандырылған. Биыл 15 көшеге жарықтандыру құралдарын орнату жұмыстары жүргізіліп, қамту деңгейі 22,4%-ға жетеді.

Жарықтандыру демекші, Қазақстанда күннен қуат жинау жөнінен Түркістан облысы алда келеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жаңғыратын энергия көздерінен (ЖЭК) өндірілген электр энергиясының көлемі 5,92%-ға жетті.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, 2030 жылға қарай ЖЭК-тің жалпы электр энергетикасындағы үлесін 15%-ға жеткізу міндеті қойылды. Оған жету үшін мемлекет осы объектілерден жыл сайын аукцион арқылы сатып алатын қуаттың көлемін 6 ГВт-қа дейін ұлғайтуға ниетті. 2024 жылғы меже – 1 270 МВт.

ЖЭК үлесін арттыру үшін стратегиялық инвесторлармен бірге ауқымды жобалар қолға алынады. Атап айтқанда, француздың «Total Energies», Сауд Арабиясының «Acwa Power» және БАӘ-нің «Masdar» компанияларымен бірге, елімізде жалпы қуаты 3 ГВт болатын ЖЭК жобаларын іске асыру басталды. Олардың әрқайсысының қуаты 1 ГВт-тан. Ведомствоның нақтылауынша, ол жобалардың орналасатын жері инвесторды қызықтыратын 1 кВт/сағ бағасын ескере отырып, анықталады. Тиісті үкіметаралық келісімдерді ратификациялау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Жалпы, барлық жаңартылатын қуат көздері бойынша республикада Түркістан облысы көш бастап тұр. Әкімдіктің дерегінше, өңірде жалпы қуаттылығы 278 МВт болатын 21 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде жалпы қуаты 16 МВт болатын 8 су электр станциясы бар. Тағы 13 КЭС (күн электр станциясы) 262 МВт қуат өндіреді.

Сондай-ақ 2025 жылға дейін Түркістан облысында қуаттылығы 48 МВт болатын 7 нысанның құрылысы жоспарлануда, оның ішінде қуаты 8 МВт 4 СЭС және қуаты 40 МВт болатын 3 КЭС тұрғызылады.

Салыстырсақ, астаналық облыс саналатын Ақмола өңірінде жалпы қуаты 541,35 МВт болатын жаңғыратын энергия көздерінің 19 объектісі жұмыс істейді. Арасында жалпы қуаты 441,35 МВт болатын 18 жел электр станциясы және 100 МВт қуат өндіретін жалғыз күн электр станциясы ғана орналасқан.

Ескере кетсек, кезінде Үдемелі индустрияландыру аясында ашылып, соның мегажобаларының бірі ретінде дәріптелген AstanaSolar зауыты дәл осы облыста жұмыс істеген еді. Елімізде жаңа индустрияны құрып, түрлі қуаттылықтағы дайын күн электр станцияларын, фотоэлектрлі модульдерді, күн батареяларын шығарады делінген сол кәсіпорын дағдарып, тынды.

Ақмола облысында жалпы қуаты шамамен 4,95 МВт болатын 1 ЖЭК объектісін іске қосу қосымша жоспарлануда. Ол КЭС болмайды.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылдың қорытындысында, жаңғыратын энергия көздері объектілерінде өндірілген электр энергиясының көлемі 6,675 миллиард кВт/сағ немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 5,92%-ын құрады.

Қазіргі уақытта республикада қуаты 2 903,54 МВт болатын 147 жаңартылатын энергия объектілері (100 кВт-тан астам) бар:

  • қуаттылығы 1 409,55 МВт 59 жел электр станциясы;
  • қуаттылығы 1 222,61 МВт күн электр станциясының 46 нысаны;
  • қуаттылығы 269,605 МВт 39 су электр станциясы;
  • қуаттылығы 1,77 МВт биогаз электр станциясының 3 нысаны.

2023 жылдың қорытындысында, жалпы қуаты 495,57 МВт болатын 16 ЖЭК нысаны іске қосылды: Ақмола облысы мен Жетісу облысындағы жалпы қуаты 437,1 МВт болатын 12 жел электр станциясы, Алматы және Түркістан облыстарында жалпы қуаты 3,7 МВт-қа жететін 2 су электр станциясы және Түркістан облысында қуаттылығы 54,77 МВт-ты құрайтын 2 күн электр станциясы.

2027 жылға дейін қуаттылығы 599,85 МВт болатын 25 ЖЭК нысанын пайдалануға беру жоспарлануда.

Алайда күн электр станцияларынан әлем елдерінің көңілі қала бастағаны байқалады. Мысалы, Еуропада бірінші болып Германия бүлінген күн панелдерінің алып қоқыс полигонына айналып барады.

Бұл туралы Халықаралық энергетика агенттігінің PVPS (фотоэлектрлі жүйелер) бағдарламасы жөніндегі жаңа есебінде айтылған.

Құжатта жазылғандай, ЖЭК-ті дамытуға қарқынды ден қойған Еуропа елдері үшін есептен шығарылған күн панелдерін жинап, қайта өңдеу күн тәртібінде «күйіп» тұрған көкейкесті проблема саналады.

Неміс елі кезінде бірінші болып, күн панелдерін белсенді пайдалануға кірісті. Енді оларды жаппай утилизациялау тұйығына да бірінші болып тіреледі. 2030 жылға қарай күн энергетикасы қалдықтарының көлемі 1 миллион тоннаға жетеді. Территориясы жөнінен дүниежүзінде тек 62-ші орын алатын Германия үшін бұл – алапат ауқым.

«Қытай, АҚШ, Жапония, Үндістаннан кейін Германия фотоэлектрлі жүйелердің орнатылған қуаттылығы жөнінен жетекші елдер қатарына кіреді. Фраунгофер күн энергетикасы жүйесі институтының (ISE) бағалауынша, 2020 жылы Германиядағы күн панелдерінің жалпы қуаты шамамен 67 ГВт-қа жетті. Бұған қоса, 2023 жылы Германияда жаңғыратын қуат көздері туралы заң жаңартылғалы, фотоэлектрлі жүйелердің өндірісін арттырудың нысаналы көрсеткіштері айтарлықтай ұлғайтылды. Нәтижесінде, олардың жиынтықты орнатылған қуаты 2030 жылы 215 ГВт-қа, 2040 жылы ғаламат 400 ГВт-қа жетуге тиіс», – деп жазады өз есебінде агенттік сарапшылары.

Тиісінше, олардың қалдықтары жүз есеге дейін көбеюі мүмкін. Яғни, олардан тау тұрғызуға болады.

Жан-жағынан мұхиттармен қамалған Австралия да ұқсас қиындыққа тап болды. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамынша, 2030 жылға қарай бұл континент-елде жыл сайын жарамсыз күн панелдерінен құралған 100 мың тонна қалдық туындап тұрмақ.

Тығырықтан шығу үшін Германия есептен шығарылған күн панелдерін қайта өңдеп, кәдеге жарататын зауыттарды іске қосуға тырысуда. Халықаралық агенттік елді қоқыстан арылтуға олардың күші жетпейтінін қосты.

ХЭА сарапшыларының айтуынша, утилизациялайтын зауыттар санын бірнеше есе көбейтумен бірге, мемлекеттер салаға қажетті мамандарды даярлауға, персоналды арнайы оқытудан өткізуге, сондай-ақ қалдықтарды басқару және күн панелдерін жинау саласын реттеуге, ашықтықты қамтамасыз етуге мән беруге тиіс.

Әйтпесе, қалдықтарды сұрыптайтын орталықтардың мамандары бұл өнімді не істеуге болатынын түсіне бермейді. Мысалы, есептен шығарылған күн панелдерін, батареяларын соған маманданбаған бастапқы өңдеу объектілеріне тықпалау оқиғалары дау-жанжалға тамыздық бола бастады.

Өйткені Еуропадағы көптеген бастапқы өңдеу кәсіпорны кремнийден жасалған күн панелдерін ғана кәдеге жарата алады: оларға «панелдің бәрі бірдей» деп, басқа шикізаттан жасалған күн панелдері мен модульдерін жеткізу фактілері белең алды. Бұларды бастапқы емес, қайталама өңдеу кәсіпорындары ғана кәдеге жарата алады.

Мамандардың айтуынша, күн энергетикасы қалдықтарын жинау жүйесі «өте күрделі». Мұның бәрі қалдық жинаумен айналысатын компанияларды шығынға отырғызады, әкімшілік ресурстарын шектен тыс жұмсауға мәжбүрлейді.

Сондықтан агенттік мемлекеттерге істен шыққан күн панелдерін, батареяларын, модульдерін сұрыптайтын, жеткізетін компанияларға қосымша жеңілдіктер мен преференциялар беруді ұсынды.

Күн электр станцияларын салуда алға озып кеткен Түркістан облысы дәл осындай проблемаларға тап болары даусыз. Сондықтан тұйықтан шығудың, шақырайған күнмен жалтыраған қоқыстың астында қалмаудың амалын облыс қазірден ойласа артық болмас. Мәселен, өңір өз аумағында күн энергетикасы қалдықтарын бастапқы және қайталама өңдейтін, одан құнды құрауыштарын бөліп ала алатын кәсіпорын ашса, орынды.

Халықаралық ұйым Қытайдың жаһандық нарықты (соның ішінде Қазақстанды да) арзанқол күн панелдерінің астында қалдырғанын қаперге салды. Олар ұзаққа шыдамай, шытырлай сынып, жарылып кетеді. Содан оны тұтынатын мемлекеттер жарамай қалған өнімдерді қайда жіберерін білмей жатыр.

«Financial Times» жазуынша, қытайдың нарықтарды арзанқол өнімімен молықтырғаны сонша, кейбір елдер, мәселен, Германия, Нидерланды жаңа күн панелдерін дуал-қоршау ретінде қоя бастады.

Жаңа тренд туралы америкалық басылымға «BNP Paribas Exane» климаттық зерттеулер бөлімінің басшысы Мартин Бро әңгімеледі. Өзге дәстүрлі материалдар орнына күн панелдері қолданылған дуалдар сондай-ақ Ұлыбритания, Солтүстік Америка, Австралияда танымал бола бастады.

Биыл жыл соңына қарай күн панелдерінің әлемдік жеткізілімінің көлемі 1100 гигаватт қуаттылықтан асады. Бұл әлемнің сұранысынан үш есе артық. Нәтижесінде, спот-нарықта бұл өнімнің бағасы 2023 жылы екі есе арзандады. 2028 жылға қарай құны тағы 40%-ға құлдырайды деп күтілуде.  

Дүниежүзіндегі барлық күн панелдерінің 80%-ын Қытай шығарады. Ханзу елі олардың өндірісінің көрігін әрі қарай қыздыруда. Бұдан тағы не жасауға болатыны туралы өнертапқыштар ойлана жүрсе, құп болар еді.

Одан бөлек, Шұбар-Қайшылы каналының 8 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді. Атап өтерлігі, Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын ендіру тапсырмасы бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын ауданда 1 300 гектар егістік жерлерге ендіру жоспарланған. Бұл бойынша қазіргі таңда 474 гектарға тамшылатып суғару жүйелері қолданылуда. Жыл соңына дейін қосымша 5 шаруа қожалығы 1 080 гектарға су үнемдеу технологиялары енгізуді жоспарлауда (тамшылатып — 850 гектар, жаңбырлатып — 230 гектар).

Анықтама үшін нақтылай тоқталсақ:

— Тамшылатып суғару бойынша: «Рамазан-Агро» АӨК – 250 гектар, «Мақта компаниясы» ЖШС – 600 гектар;

— Жаңбарлатып суғару бойынша: «Жан-2004» ЖШС – 70 гектар, «Байсары» ШҚ – 30 гектар, «Диярбек» ЖШС – 130 гектар.

Сонымен қатар каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 9 каналды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде (Найман, Қазыналық, Құртай, Р-6, Р-11-С, Р-11-К, Р-12, ЛБК, Р-1). Аталған нысандардың құрылысы 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, 6 каналды (Р-7, Құрманбек, Р-7-3, Р-8, Р-8-А, Р- 10-1) күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, республикалық бюджеттен қаржы бөлу бойынша ұсыныс берілген.

Ағын суды тиімді пайдалану, каналдардың су өткізу қабілетін арттыру мақсатында көктемгі суару маусымында 8 каналдың 23,3 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Ал, “Көз ата” қорығына баратын жол орташа жөндеуден өткізілді. Жол демекші, аудан аумағында 1 432,1 шақырымды (республикалық маңызы бар — 73,3 шақырым, облыстық маңызы бар — 242,8 шақырым, аудандық маңызы бар — 93,6 шақырым, ішкі көшелер — 1 022,4 шақырым) құрайтын жолдар бар. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 8 елді мекендегі (Қараспан, Батыр ата, Көлтоған, Төреарық, Ынталы, Арыстанды, Амангелді, Қызылсеңгір) 44 көшеге орта  жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, 5 көшеге орташа жөндеу, 2 көпірге ағымдағы жөндеу, Шұбарсу, Елшібек батыр, Көкарал және Төрткүл ауылдарының ішкі көшелеріне тас төсеу  жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар 2 жолға (Қалаш,Тоқсансай) жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ордабасы ауданының автомобиль жолдары бойынша биыл 5 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен, Ордабасы ауданы бойынша ішкі көшелерге тас төсеудің 1-кезеңіне 112,3 миллион теңге бөлінген. Нысан 2024 жылға өтпелі. Ұзындығы 18 шақырымды құрайды. Мұны бір деңіз. Екіншісі, ішкі көшелерге тас төсеудің 2-кезеңіне 155 миллион теңге қаралған. Нысан 2024 жылға өтпелі. Ұзындығы – 25 шақырым. Үшінші нысан — Сұлтан Бейбарыс көшесіне орташа жөндеу. Бұл мақсатқа 173,1 миллион теңге бөлінді. Нысан 2024 жылға өтпелі. Ұзындығы 5,6 шақырымды құрайды. Төртіншісі — Қызылжар көшесіне орташа жөндеу. Оған 74,8 миллион теңге қаралды. Қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Ұзындығы 2 шақырымға созылады. Соңғысы — Қазыбек би және Тәуелсіздік көшелеріне орташа жөндеу. Бұл мақсатқа 218,4 миллион теңге бөлінген. Нысан 2024 жылға өтпелі. Ұзындығы 6,3 шақырымды құрап отыр.

Кездесуде ауылдық округтің тұрғындары тарапынан ағын су, білім беру, жарықтандыру, жолдарға тас төсеу, интернет және т.б. мәселелер бойынша сауалдар қойылды. Әрбір сауал бойынша тиісті сала мамандарынан жауаптар алынып, олар хаттамаға түсірілді. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді бақылауға алып, жұмыс жүргізу үшін жауапты орынбасарына, бөлім басшыларына, ауыл әкіміне нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ аудан әкімі шұбарлықтарды Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” акциясына белсене қатысуға, ауданның тазалығына, абаттандырылуына, көгалдандырылуына атсалысуға шақырды.

Жиыннан соң аудан басшысы Шұбар ауылының тұрғыны Саяра Джолбарисованың шаруашылығымен танысты. Ол өткен жылдың соңында “Ауыл аманаты” жобасына қатысып, 2,5 пайызбен 6 миллион теңге алып, ауласындағы 10 сотық жерге жылыжай салған. Бүгінде жылыжайға егілген қияр алғашқы өнімін бере бастаған.

Бұл ретте тілге тиек етер жайт, “Ауыл аманаты” жобасының ІІІ кезеңін Қажымұқан, Шұбарсу, Төрткүл және Бөген ауылдық округтерінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба аталған ауылдық округтерде ауыл шаруашылығы өндірістік коперативтерін құру арқылы жүзеге асырылмақ. Яғни, көкөніс, құс, балық, мал шаруашылықтарын дамыту көзделіп отыр.

Жобаға 410 адам қатысып, 422 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Мысалы, Бөген ауылдық округінде 200 бас түйені құрайтын ауыл шаруашылығы өндірістік коперативін құрып, оған 90-нан астам мүше енгізілмек. Мұнда түйе сүтін өткізу, жинау, өңдеу жұмыстары қолға алынатын болады.

Жалпы, Ордабасы ауданының экономикасының негізін ауыл  шаруашылығы саласы құрайды. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысына сәйкес, 12,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 111,2 пайызды құрады.

Жалпы, 71,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Ауданда 112,2 гектарда жылыжайлар орналасқан. Оның ішінде: 2023 жылы – 12 гектар, ал 2024 жылдың 1 тоқсанында 3,2 гектар іске қосылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin