Түркістан облысы: Ордабасы ауданының Дербес ауылында “Ауыл — ел бесігі” жобасы шеңберінде фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді

Бадам ауылдық округіндегі Дербес ауылында фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Дербестіктердің қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ардагерлер кеңесінің Бостандық Жәкей, аудандық аурухананың бас дәрігері Болатхан Сағымбек арнайы қатысты. Өз кезегінде аудан әкімі дербестіктерге жүрекжарды құттықтауын жеткізді.

— Құрметті ауыл тұрғындары!

Сіздерді барлық жағдайы жасалған, заманауи үлгідегі бекеттің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.

Медициналық нысан ауылдағы екі мыңнан астам тұрғынға сапалы, тиімді медициналық көмек көрсетеді деп сенемін. Денсаулығына жиі шағымданатын тұрғындар үшін бұл үлкен қуаныш. Енді тұрғындар кез келген мәселе бойынша алысқа бармай-ақ, жергілікті медпункт мамандарына жүгіне алады, — деді аудан әкімі.

Фельдшерлік-акушерлік бекетте фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі бар.

Жалпы, ауданда бас-аяғы 51 емдеу мекемесі бар болса, оның 38-і фельдшерлік-акушерлік бекет саналады. 2023 жылы 5 фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы екеуі ел игілігіне табысталмақ.

Бадам демекші, аудан әкімі Азат Оралбаев бектіліген кестеге сәйкес Бадам ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге сондай-ақ аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Бекбосынов пен аудан әкімі аппаратының басшысы Жұманәлі Кәдиев, аудандық мәслихаттың депутаттары, салалық бөлімдердің басшылары, мекеме директорлары, қоғам белсенділері қатысты.

2023 жылғы есепті кездесуде Бадам ауылдық округі бойынша 12 мәселе көтерілген болатын. Оларды шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалынып, кезең-кезеңімен шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 4 мәселе шешімін тапқан. Атап айтар болсақ, Ордабасы елді мекеніндегі «Ордабасы» жалпы орта мектебіне баратын «Таңбалы бұлақ» көшесіне тас төсеу мәселесі бойынша ағымдағы жылдың ақпан айында тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал, тұрғындардың Бадам елді мекеніндегі «Баян» кіші маркеті және емхана тұсына жол кедергісі орнату бойынша сұрауы орындалып, автомобиль жолдарын күтіп ұстау есебінен жол кедергілері жасалынды.

Бадам елді мекеніндегі А.Шерімқұлов көшесінің жарықшамдарын ретке келтіру жұмыстары бойынша демеушілердің есебінен істен шыққан жарықшамдар наурыз айында қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар, Дербес елді мекенінде салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға беру мәселесі көтеріліп, жоғарыда атап өткеніміздей, нысан «Сабақты ине — сәтімен» ел игілігіне табысталды. Қалған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Аудан әкімі бадамдықтарға қажетті көшелерге тас төсеу, асфальт салу және елді мекендерге табиғи газ, ауыз су, электр энергиясын тарту, абаттандыру және т.б. бағыттар бойынша 2024 жылы жүзеге асырылатын жұмыстар туралы баяндама жасап, кез келген жұмыстың нәтиже беруі және жемісті болуы үшін бірінші кезекте ауызбіршіліктің болу керектігін баса айтты. Сонымен қатар, бадамдықтарды Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” акциясына үлес қосуға шақырды. Әрбір тұрғынның тазалық жұмыстарында белсенді болуы қажеттігін тілге тиек етті.

Кездесу сұрақ-жауап форматына ауысып, тұрғындар жайылым жер, жол, тазалық және т.б. мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Әр сауал жауапсыз қалмай, олар хаттамаға түсірілді.

Жиынның соңында аудан басшысы азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin