Түркістан облысы: Ордабасы ауданының әкімі Мамыр ауылындағы су мұнарасына барды

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев Бадам ауылдық округіне қарасты Мамыр ауылындағы ауыз суға байланысты әлеуметтік желіде көтерілген мәселеге көз жеткізу мақсатында ауыл маңындағы су мұнарасына барды.

Мамандар аудан басшысына ауылда судың не үшін ақпай қалғаны немесе қысымының азайып кеткені туралы ақпарат берді. Олардың сөзінше, су ауыл аумағындағы электрлендіру жұмыстарының жүруіне байланысты уақытша өшірілген. Бірер күнде екінші мұнара орнатылып, нәтижесінде Мамыр ауылында судан мәселе туындамайтын болады.

Өз кезегінде аудан басшысы жауапты орынбасарына, ауыл әкіміне, салалық бөлімнің және “Таза су” мекемесінің басшысына тұрғындармен байланысты нығайтуды міндеттеді.

— Инфрақұрылымға байланысты мәселе туындады ма, тұрғындарды жинап, не жағдай болғанын ашып айту керек. Қандай жұмыстар атқарылады, мәселелер қанша уақытта шешімін табады, хабарлап отыруларыңыз тиіс. Сол кезде жағдай ушықпайтын болады. Яғни, халықпен байланысты нығайту қажет, — деді аудан әкімі.

Аудан басшысы Ақбұлақ және Қайнар ауылдарындағы су мұнараларының жай-күйімен танысып, “Таза су” мекемесіне олардағы кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар аудан әкімі Азат Оралбаев аудан орталығындағы бірқатар нысанды да аралап, абаттандыру, санитарлық-тазалық, күрделі жөндеу бағытындағы жұмыстардың жай-күйімен танысты. Кемшіліктер бойынша сала мамандарына, ауыл әкіміне тапсырмалар берді.

Оның алдында аудан әкімі Азат Оралбаев Шұбар және Қараспан ауылдық округтерінде болып, механикалық тазалаудан өтіп жатқан каналдардың жағдайымен және елді мекендерге табиғи газ тарту жұмыстарымен танысқан болатын.

Сала мамандарына газдандыру бойынша жүріп жатқан жұмыстарға бақылауды күшейтуді және мердігерлерге жұмыстардың сапалы жүргізілуін тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin