
Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдінінің ұйымдастыруымен өткен «Отбасы — тәрбие бастауы» атты қалалық жастар айтысында Отырар ауданының төрт перзенті де жүлделі орыннан көрінді.
Нақтырақ айтқанда, Расул Ахмет 3-ші орын иеленсе, Мейіржан Жақыпов 2-ші орынды еншіледі. Тағы бір 2-ші орынды Шәмші мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Сәуірхан Сұлтан иеленді. Ал, айтыстың бас жүлдесін отырарлық ақын, қазіргі таңдағы ОҚМПУ-дың І курс студенті Даниял Болысбек жеңіп алды.
Жалпы, Отырар – Әл-Фарабидей дананың, Өзбекәлідей ұлт мақтанышының, Шәмшідей сазгердің кіндік қаны тамған, ізі қалған жер. Отырар – өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы. Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Отырар тарихта “Отырар өркениеті” деген атпен қалды. Біріншіден, бұл қала – адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің Отаны. Осының өзі-ақ Отырардың атағын шығаруға жетер еді. Ал бұл жерден одан бөлек 21-ден астам Әл-Фараби, жүзден астам ғалымдар, академиктер, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнер адамдары шыққан. Екіншіден, Отырар өз заманындағы руханият астанасы болған. Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхананың осы қалада орналасуы тегін емес. Үшіншіден, Отырар өзінің қаһарман қорғаушыларымен өшпес даңққа бөленген, батырлықтың, отансүйгіштіктің теңдесі жоқ үлгісіне айналған қала. Сондай-ақ бұл жерде Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, бабтардың бабы Арыстанбаб жерленген. Даналар айтады: ұлы ел атану – халық санының көптігімен есептелмейді. Ұлылық – ол өмірге ұлы ұрпақтарын дүниеге келтірген халыққа тән. Сондықтан да Отырар өзінің даңқты перзенттерімен, шежірелі тарихымен мақтанады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.