Түркістан облысы: Отырар ауданындағы жер комиссиясының құрамына өзгерістер енгізілді

Бұл жөнінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен сегізінші шақырылымдағы Отырар аудандық мәслихатының кезектен тыс он төртінші сессиясында мәлім болды.

Отырар аудандық мәслихатының төрағасы У.Ұзақовтың төрағалығымен өткен сессия отырысына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жансұлтан Сейтжанов пен аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары мен дербес бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Сессияның қарауына:

  1. Отырар ауданы мәслихатының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы №10/57-VIІI «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
  2. Отырар аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №11/63-VІІІ «2024-2026 жылдарға арналған ауылдық округтерінің бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
  3. Отырар ауданының жер комиссиясының құрамына өзгерістер енгізу туралы;
  4. «Отырар ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы мәселелер енгізілді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай хабарлама жасап, аудан бюджетінің салаларға бағытталуы жөнінде түсіндірме берді. Сондай-ақ көп жылғы еңбектері үшін «Отырар ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов хабарлама жасады.

Күн тәртібіндегі мәселелер аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының мәжілістерінде жан-жақты талқыланғандықтан, сессия қорытындысында күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты ұсыныстар қолдау тауып, шешім жобалары бірауыздан бекітілді.

Жер дегеннен шығады, 2023 жылы Отырар ауданы бойынша 36 246 гектар жерге егіс егу жоспарланса, жыл қорытындысымен 33 440 гектарға егін егу жұмыстары жүргізілген. Жалпы 33 440 гектар егіс алқабынан 358 688 тонна өнім жиналған. Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 640 109 гектар жерді құрайды. Аймақта пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, 2023 жылдың қорытындысымен 42 789,9 гектар жерлердің қаулылары жойылып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылған. Бүгінде аудан бойынша 50,6 мың гектар ортақ мал жайылым пайдалануға берілген. Сонымен қатар, ортақ жайылымды ұлғайту мақсатында пайдаланылмай жатқан 30,0 мың гектар жерлер қайтарылып, ортақ мал жайылымға беріліп отыр.

Жалпы, 2024 жылға мемлекет меншігіне2 миллион гектар ұтымсыз пайдаланылған жерді қайтару жоспарланған. Бұл туралы АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов өзінің «Facebook» парақшасында мәлімдеді.

Жер деректері «JerInspector» платформасындағы талдау, ғарыштық суреттер және жерді қашықтан зондтау деректері негізінде анықталды.

Өңірлер бөлінісінде қайтарылатын жер телімдері бойынша ақпаратты Jerkarta.gharysh.kz интерактивті картадан көруге болады, онда қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің орналасқан жері мен ауданы көрсетілген.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда 2022 жылдан бастап 10 миллион гектар пайдаланылмаған немесе бұзушылықтармен берілген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде бүгінгі таңда фермерлер арасында 2,8 миллион гектар қайта бөлінді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша 145 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері цифрландырылды, бұл елдің ауыл шаруашылығы алқаптары алып жатқан ауданының 77%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін толық цифрландыруды 2025 жылы аяқтау жоспарлануда.

Үкімет пен өңірлер, жұршылықтың қатысуымен жер ресурстарын ұтымды пайдалану, қайтарылған жерлерді әділ бөлу және ауылдық елді мекендердің айналасындағы жайылым тапшылығын төмендетумен айналысатын болады.

Онлайн қызмет көрсету және жер учаскелерін беру рәсімін автоматтандыру үшін ЖМБМК АЖ іске қосылды. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жер учаскелерін берудің электрондық тәртібі заңнамалық түрде енгізілді.

«ЖМБМК жүйесі пайдаланушылар тарапынан көптеген наразылық тудырады, жер учаскелерін жедел және ашық бөлуді қамтамасыз ету үшін оны сапалы пысықтау қажет. Екінші мәселе – бүгінде мемлекетке қайтарылған 10 миллион гектар жерді бөлу саясаты қандай? 2 миллион гектар жер бөлінді, олардың әділ бөлінуіне және жаңа пайдаланушыларға кім бақылау жасайды? Қайтарылған жерлердің негізгі көлемін жайылымдар құрайды. Парламент Сенатындағы “Жайылымдар туралы” заң жобасының негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тиімді пайдалану үшін осы жерлерді бөлу және пайдалану, оларды суармалы егістік, жайылымдық жерлерге әртараптандыру және т.б. әдіснамасын әзірлеуі қажет», — дейді сарапшылар. 

Маңызды ақпаратты назарларыңызға сала кетейік, бұдан былай елімізде мемлекетке қайтарылған жерлерді бөлу мақсатында өтетін конкурстардың шарттары қайта қаралатын болады. Пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді алып қою мәселелері жөніндегі комиссия отырысында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин осындай тапсырма берді. Жалпы жыл басынан бері ауыл шаруашылығы мақсатындағы 391,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Пилоттық режимде мемлекеттік жер кадастрының және техникалық зерттеудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі 2.0 жер пайдаланушының есептік жазбасы құрылды. Онда топырақтың (қарашірік, жылжымалы минералдар) және өсімдік жамылғысының жай-күйінің жоғары сапалы агрохимиялық сипаттамасы бар жер учаскесі туралы ақпарат болады. Оны ұтымды пайдалану критерийлеріне сәйкестігін қамтамасыз ету үшін бес жыл сайын учаскені зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Егер өнімділіктің нашарлауы анықталса, тиісті шаралар қабылданады.

Әлеуетті меншік иелеріне қойылатын топырақ сапасын, өсімдік жамылғысын сақтау, жайылымдардың тозуын болдырмау, ауыспалы егістерді сақтау сынды талаптар күшейеді. Сонымен қатар қолданыстағы конкурстағы жерді ұтымды пайдалану тиімділігін арттыру бойынша қарсы міндеттемелер тәртібі де қатаңдатылады.

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, 2022-2024 жылдары барлығы 10,4 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 3,7 миллион гектар жері жергілікті халыққа қайта бөлінді (жалпы мақсаттағы мал жаюға – 1,72 миллион гектар, конкурстық негізде бөліп пайдалануға – 1,69 миллион гектар).

Жайылым тапшылығын азайту үшін әкімдіктерге, жалпы пайдалануға, мал жаю үшін 562,1 мың гектар жайылымдық жер бекітіліп берілген. 65,1 мың гектар жайылым жер пайдалануға конкурстық негізде берілген, 746,6 мың гектар резервке қойылған. Елдiмекендер шегiне 97,3 мың гектар жайылымдық жер енгiзiлдi.

«Бүгінде біздің негізгі міндетіміз – жерді қайтару ғана емес, тиімді пайдалану және жер пайдаланушыларды бақылау. Алынған жерлерді пайдалану мен жақсарту үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Байқау шарттарын бизнес-қоғамдастықпен, әкімдіктермен және басқа да мүдделі қатысушылармен талқылаған жөн. Топырақты, өсімдік құрамын сақтау, заманауи технологияларды пайдалану бойынша қарсы міндеттемелер қою керек. Ол үшін жерді бөлудің жаңа ережелері мен принциптерін әзірлеу қажет», — дейді Серік Жұманғарин.

2023 жылы Қазақстанда мемлекет меншігіне қанша гектар жер қайтарылды?

2023 жылдың соңында Үкімет пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлаған еді.

Жерді мемлекетке қайтару ісі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылып, тапсырма берілгеннен кейін жүзеге асқан. Жолдаудағы мәселелерді шешу мақсатында арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына құқық қорғау органдарының, министрліктер мен әкімдіктердің өкілдері кірген.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 10 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ жайылымдық жер тапшылығы мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қайтарылған жерлерді тиісті елдімекендерге бекіту арқылы басым тәртіппен шаруалардың қажеттіліктері үшін берілуде», – делінген Үкімет хабарламасында.

Сондай-ақ елімізде жер ресурстарының ашықтығын қамтамасыз ететін Жария кадастрлық карта құрылады. Енді бос жатқан жер телімдері туралы ақпарат ашық болып және оны жария картадан таңдауға болады.

Ал биыл қаңтар айында Үкімет сенаторлардың «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын және құнарлы жерлерді сақтау мен қалпына келтірудің ұзақ мерзімді ғылыми мақсатты бағдарламасын әзірлеу туралы бастамасын қолдады. Құжатта ауыл шаруашылығы алқаптары мен жайылымдарды қоршаған ортаның бір бөлігі ретінде қорғауға бағытталған негізгі стандарттар белгіленеді. Депутаттар 2035 жылға дейін жерді зерттеудің ұзақ мерзімді мемлекеттік ғылыми бағдарламасын қабылдауды ұсынған болатын.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin