Түркістан облысы: Отырар ауданында «Асқақтай бер, айбынды Қазақстан» атты танымдық кеш өткізілді

Биылдан бастап Қазақстанда 25 қазан — Республика күні ұлттық мерекеге айналды. Бұл туралы қыркүйектің 29-ында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне «Кинематография, мәдениет және мерекелер мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңында айтылған.

Осыған орай Темір ауылдық кітапханасында кітапхана оқырмандарының қатысуымен «Асқақтай бер, айбынды Қазақстан» атты танымдық кеш өткізілді. Кеш барысында кітапхана қызметкері Р.Мақтабекова айтулы мерекенің мәні мен мазмұнына тоқталып, кешке қатысушыларды Республика күнімен құттықтап өтті. Оқырмандар тақырып аясында өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, еліміздің егемендігі жайлы өлеңдер оқыды. Кітапханашы Ф.Сихымбаева арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасады.

Атап өтерлігі, биылдан бастап Республика күні ұлттық мерекеге айналды. Күнтізбеден 25 қазан көзге оттай басылып, азаттықтың лебі ескендей сезілетін. Иә, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қабылданып, бұл құжат ел тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бірінші жиынында: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлт­тық мереке мәртебесін қайтаруды ұсы­намын. Сондықтан қазанның жиыр­ма бесі күні жыл сайын егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні ел­дің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әри­не, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақ­та­лады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағ­зым күні ретінде атап өтілуі керек», деген болатын. Осылайша, ел Президенті биыл 29 қыркүйекте 25 қазанды ұлттық мереке ретінде бекіту туралы заңға қол қойды.

Тарихқа көз жүгіртсек, бұл мейрам 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізілген. Ал 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланып келді. 2009 жылдан бастап Республика күні атаулы күндер қатарынан түсіп қалғаны белгілі. Енді, міне, биылдан бастап Республика күні қайтадан айрықша тойланатын болды!

Азаттық жолында ел басынан өткен небір дүрбелең кезеңдердің жеңісі мен жемісі 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған декларациядан бастау алды десек жөн шығар. Ұлттың қамын жеген азаматтар маңызды құжаттың қабылдануы үшін биік мінберлерде сөз сөйлеп, тер төкті. Қарсылық танытқандардың қарасы көп болғанымен, «елім деген» ержүрек азаматтар Тәуелсіздіктің алғашқы іргетасын қалап берді. Сондықтан да маңызды датаның ел тарихындағы салмағы зор. Ме­рекені атап өту бір бөлек, оны қастерлеп, азаттығымыз бен еркіндігімізді бағалап, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына күш жұмсау маңызды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.