Түркістан облысы: Отырар ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекеттен 3 миллион теңге несие алған шаруа сүт бағытындағы 6 бұзаулы сиыр сатып алды

Отырар ауданында бүгінгі таңда мемлекет тарапынан түрлі бағытта арнайы бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың қатары артып келеді. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, шаруасын шалқытып отырғандардың бірі Қарғалы ауыл округінің тұрғыны Айдар Жүнісбай дер едік.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекеттен 3 миллион теңге несие алған шаруа Жамбыл облысынан сүт бағытындағы 6 бұзаулы сиыр сатып алды. Бүгінде ол әрбір сиырдан 10-15 литр сүт алып, біршама табыс табуды жолға қойды. Алдағы уақытта осы кәсіптен мол табыс табуды жоспарлап отырған А.Жүнісбай сүт өнімдерінен құрт, май, ірімшік секілді өнімдерді өндіруді көздеп отыр.

Малдың бабын білетін Айдар Жүнісбай өз сөзінде: «Көптен бергі арманым мал шаруашылығын қолға алып, оны жеке кәсіпке айналдырып, табыс табу болатын. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында сол арманым орындалып келеді. Маған көмектесіп, қолдау көрсеткен аудан басшыларына, аудандық кәсіпкерлік палатасының мамандарына алғысым шексіз», – дейді.

Жалпы, аталмыш бағдарлама аясында Қарғалы ауыл округінің 47 азаматы өз кәсіптерін дөңгелету мақсатында «Ырыс» МҚҰ-на ұсыныс берсе, қазіргі таңда 25 азаматтың өтініші мақұлданып, оларға бағдарлама аясында 132 миллион теңге қаражат берілді. Қалған азаматтардың да ұсыныстары жуық арада өз шешімін табуы тиіс.

Еске салайық, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аудан бойынша несие алуға 4 ауыл округінен 258 адам ниет білдіріп, төрт кооперативке мүшелікке кірген. Таратып айтсақ, Балтакөл ауыл округі бойынша – 80 адам, Қарғалы ауыл округінде – 75 адам, Ақтөбе ауыл округі бойынша – 53 адам, Маяқұм ауыл округінлде – 50 адам.

Бүгінгі таңға сол ниет білдірушілерден 160 адамның құжаттары жинақталып, «Ырыс» МҚҰ-на өткізілді, оның ішінде:

  • 103 (Балтакөл — 36, Қарғалы — 32, Маяқұм — 30, Ақтөбе — 5) құжат несие комитетінде қаралып, 543,4 миллион теңгеге мақұлданды;

Оның ішінде 91 құжат қаржыландырылды, сомасы — 473,7 миллион теңге.

  • 23 құжат кері қайтарылған, 87,5 миллион теңге;
  • 16 құжат несие комитеті отырысын күтуде, құны — 144,9 миллион теңге.

Иә, Отырар ауданының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы саласы екені айдан анық. Мал демекші, соның ішінде соңғы жылдары қой шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде киелі өлкеде асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытып, одан толағай табысқа кенеліп отырған шаруалар аз емес.

Осындай шаруалардың бірі — «Сызған» шаруа қожалығы. Нұрсұлтан Есенбайұлы басқаратын аталмыш қожалық аймақтағы асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған. Құрылғанына 10 жылдан асқан шаруа қожалығы асыл тұқымды «Қисары» және «Арашан» тұқымының санын қазіргі таңда 5 000-ға жуықтап отыр. Бұрын асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысқан кәсіпкер бүгінгі таңда мал бордақылау ісін де қолға алған. Бүгінде 700 бас қошқар бордақылап отырған Н.Есенбайұлы алдағы уақытта бордақылау алаңын одан әрі кеңейту бағытынында қызу жұмыстар атқарып жатыр. Себебі, бордақы малға деген сұраныс көп. Қазіргі таңда 1250 гектар жайылымдық жерді игеріп отырған шаруа 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» демекші, қой майда болғанымен, пайдасы мол. Мұндағы бар мақсатым — мал басын көбейту, бордақылау жұмыстарын одан әрі жан-жақты дамыту. Көзін тапқан адамға кәсіп нәсіп алып келеді, — дейді «Сызған» шаруа қожалығының төрағасы Нұрсұлтан Есенбайұлы.

Орайы келгенде аудан көлеміндегі мал бастарын ұлғайту бойынша сандарды сөйлете кетейік. Мәселен, мүйізді ірі қара жоспары 64 700 бас болса, 8 айдың ішінде 66 452 басқа артқан. Басқаш айтсақ, 102,7 пайызға орындалып отыр меже. Ал уақ мал — 379 000 бас, орындалуы — 379 300 бас (100,1 пайыз). Жылқы жоспары — 19 000 бас, орындалуы — 20 604 бас (108,4 пайыз). Түйе жоспары — 11 005 бас, орындалуы — 10 384 бас (94,0 пайыз). Құс жоспары — 80 500 бас, орындалуы — 53 918 бас (67,0 пайыз).

Өндірілген өнім бойынша да қамтып өтсек:                                                                                   

Ет жоспары — 10 100 тонна, орындалуы — 5 505 тонна (Өткен жылдың тиісті кезеңі — 5439,7 тонна, 101,2 пайыз).                                                                                     

Сүт жоспары — 27 100 тонна, орындалуы — 18 272,9 тонна (Өткен жылдың тиісті кезеңі — 17 602,4 тонна, 103,8 пайыз).                                                               

Жұмыртқа жоспары — 8 100 дана, орындалуы — 2 658 дана (Өткен жылдың тиісті кезеңі — 3 754 тонна, 70,8 пайыз).

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin