Түркістан облысы: Отырар ауданында «Жүйріктердің жұлдызын жаққан ұстаз» атты кеш ұйымдастырылды

25 қазан — Республика күні мерекесіне орай аудандық мәдениет сарайында «Жүйріктердің жұлдызын жаққан ұстаз» атты іс–шара болып өтті.

Тұрақты тіркеске айналып кеткен «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген тәмсілде терең мағына жатыр десек болады. Өйткені педагогикалық тәжірибеде басты рөлде міндетті түрде ұстаздың өзі жүреді. Демек, ұстаздық жан-жақты білімді, өз саласының кәсібін сүйетін, құрметтейтін жан болғаны жөн.

Міне, осындай жанның бірі де бірегейі ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, аудандағы оқушы ақындар мектебінің негізін салушы, жақында ғана 60 жасқа толған Жұмагүл Нәлібаева десек болады.

Өзінің 40 жылдық ұстаздық еңбек өтілінде жүздеген талантты шәкірттерді өсірген ұлағатты ұстазға аудан әкімдігі, мәдениет бөлімі және аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімдері құрмет көрсетіп, аудандық мәдениет сарайында 60 жылдық кешін өткізді. Оған ауданнан, облыстан, Алматы және Астана қалаларынан көптеген шәкірттері мерейтойға келіп қатысты. Аталмыш шараға арнайы қатысқан аудан әкімі С.Сұлтанханов мерекелік 60 жас мерейтоймен және 25 қазан — Республика күні мерекесімен құттықтай келе: «Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр.

Әл-Фараби бабамыз «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет қылсаң да артық емес» деп оныншы ғасырда-ақ бәрін айтып кеткен.

Сіз өз мерейтойыңызға лайықты да қошеметтеуге тұрар жетістіктермен келіп отырсыз. Өз еңбек жолыңызда талай белеске шығып, елдің құрметіне бөлендіңіз. Таңдаған жолыңызды абыроймен жалғастырып келе жатқан тамаша азаматтарды тәрбиелеп, өсірдіңіз!

Бүгінгі мерейтойыңызда Сізге және туыстарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылықтың табыстар мен өмірдің асқақ абыройын тілеймін!» — деп, ыстық алғысын білдірді.

Ал, есімдері елге танымал айтыс ақындары Дәурен Ақсақалов пен Дәурен Полатбаевтар әзіл-сықаққа, сынға толы әдемі айтыс көрсетіп, қалың көрермендердің ризашылығына бөленді.

Иә, «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, Жұмагүл Нәлібаеваның Маржан Есжанова, А.Асанова, А.Маханов, М.Маханов, Д.Жаргөбенова, Н.Бөрібаев, Мейрамкүл Құрманәлиева, Серік Сейітман секілді шәкірттері берісі облыс, республикаға танымал. «Ақынын іздеген әкімнің елі бақытты» — дейді Шығыс өсиеті. Ол жағынан аудан басшыларының атқарып жатқан тірліктері көкейге қонымды, тәрбиелік мәні зор деп білеміз.

Елімізге танымал айтыс ақыны Анар Жаппарқұлова басқарған өнегелі һәм тағылымды жиын соңы көңілді концертке ұласты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.